Дін тақырыбына келген кезде түрлі пікірлер туындап жататыны баршамызға мәлім. Әйткенмен барлық зайырлы мемлекеттің көрінісі – дін мен мемлекеттің бөлек болуы. Дегенмен діннің мемлекеттен, мемлекеттің діннен бөлек болуы мүмкін, бірақ діннің жалпы қоғамнан бөлек болуы әсте мүмкін емес дер едік. Өйткені дін адамдардың сеніміне негізделеді. Тәуелсіз Қазақстанның басты құжаты – Ата Заңымызда көрсетілгендей, адам және адамның өмірі, оның құқықтары мен бостандықтары болғандықтан, азаматтарымыздың өзі қалаған дініне сенім артуы конституциялық құқықтарының бірі болып табылады. Оған ешкім де шүбә келтіре алмайды. Сондай-ақ азаматтарымызды тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiнге деген көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты, басқа да жағдаяттар бойынша кемсiтуге тыйым салынғаны тайға таңба басқандай аян. Мұны ешқашан қаперден шығармаған ләзім. Өйткені басты құжаттың өзі осыны меңзеп тұр. Конституциямыздағы осы айтылған қағидалар мемлекетіміздің зайырлы сипаттағы һәм демократиялық ел екенін айғақтай түседі.
Қай жағынан алып қарасақ та, зайырлы ел ұғымының түп тамыры, гуманистік тұрғыдан, адамсүйгіштік құқықты басшылыққа алуда екені сөзсіз. Бұл кез келген өркениет көшіне ілескен елдің тұсбағдары болуы тиіс. Осы орайда мемлекеттің зайырлы сипаты дінді жоққа шығару болып табылмайтындығы белгілі. Зайырлылық адамның діни сенімге бостандығын мойындап, діндарлықты адам болмысына тән сипат ретінде айқындайды, айғақтайды. Бүгінгі таңда еліміздегі зайырлылық қағидаттары адами құндылықтарды басты орынға қоюдан, ар-ожданы мен сенім бостандығын еркін ұстануды заң тұрғысынан қарастыруынан көрінеді. Шынтуайтында зайырлы мемлекетте азаматтың дінге қатыстылығын мемлекет тарапынан басқару болмайды және бала тәрбиелеу барысында ата-аналар өзінің діни наным-сеніміне байланысты баланы оның құқықтарын ескере отырып тәрбиелеуі құпталады. Осылайша негізгі жауапкершілік ата-анаға тиесілі болады. Билік мемлекеттік органдар мен ұйымдардың құзыретін діни бірлестіктерге артпайды және заңдарына қайшы келмеген жағдайда мемлекет те діни бірлестіктің қызметіне араласпайды. Бұған қоса мемлекет білім берудің зайырлы үлгісін қамтамасыз етіп, білім беру мекемелерін толықтай қамсыздандырады. Сонымен қатар зайырлы мемлекетте мемлекеттік органдардың қызметі мен қызметкерлерінің ұстанымы ресми әлеуметтік ортада діни сипат пен рәсімде бейнеленбеуі қажет. Жоғарыдағы айтылған мәселелерден өзге, мемлекет діни бірлестіктердің қызметіне құқықтық тұрғыдан қорғауды қамтамасыз етеді. Мысалы, 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңда діни қызметке кедергі келтіруге, жеке тұлғалардың дінге көзқарасы себептері бойынша азаматтық құқықтарының бұзылуына немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір дiндi ұстанушылар қастерлейтін заттарды, құрылыстар мен орындарды бүлдіруге тыйым салынған. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтарымыз діни немесе өзге де нанымдарды ұстануға, оларды таратуға, діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға және миссионерлік қызметпен айналысуға құқылы екендігі баяндалған. Бұның бәрін заңды қараған адам бірден аңғарады. Әлемнің көптеген мемлекеттерінде зайырлылық дін мен діни бірлестіктерді мемлекеттік институттар ретінде емес, әлеуметтік өмірдің институттары, қоғамдық ұйымдар және олардың бөлімдері ретінде қарастырады. Ол – құптарлық қадам. Мұндай мемлекетте әртүрлі конфессиялар арасында теңдік орнап, заң шеңберінде діни бірлестіктер қызметіне еркіндік берілгені түсінікті. Зайырлы мемлекетте атқарушы билік азаматтардың діни бірлестікпен қарым-қатынасына араласпаса, діни бірлестіктер мемлекеттің істеріне, саясатқа, жергілікті өзін-өзі басқару салаларына араласпайды және мемлекеттің зайырлы кейпін мойындайды. Зайырлылық ұстанымын ұстанған барлық мемлекет таза күйінде ешбір дінді ресми мемлекеттік деңгейге көтермейді және міндетті дін ретінде қарастырмайды. Бірақ кейбір демократиялық мемлекеттерде ресми түрде кейбір діндердің мемлекет тарапынан қоғамға және кейбір мемлекеттік құрылымдарға әсеріне байланысты олардың маңыздылығы жайлы айтылады. Бұны біздің еліміздің мысалдарынан да қарастыруға болады. Мәселен, «Діни қызмет және діни бірлестіктір туралы» Заңда ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитындығы жазылған. Бірақ еліміз ханафи бағытындағы ислам мен православиенің маңызды орнын көрсете отырып, өзінің зайырлылық сипатынан айырылған жоқ. Бүгінде қоғамда мемлекеттің зайырлы немесе теократиялық үлгілерінің қайсысы дұрыс екендігі жайлы пікірталас туындағанда кейбір азаматтар зайырлы мемлекетте адам құқықтары басты орынға қойылатындығына көңіл аудармай жатады. Осы жағына мейлінше ықыласпен ден қойған дұрыс секілді. Бұл мәселе көбінесе қоғамның тыныштығын бұзғысы келетін кейбір діннің атын жамылған теріс пиғылды діни ұйымдардың, жат ағым қолдаушыларының зайырлылық қағидаттарын мойындамаудан туындап жатады. Оны баршамыз күнделікті өмірде көріп, біліп жүрміз. Әлгілердің нені көксейтіні, қандай мақсатты алға қойғаны о бастан белгілі ғой. Өздерінің идеологиясы арқылы қоғамда деструктивті көзқарасты қалыптастыра отырып, сол мақсаттарына жету үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланатындығы азаматтарымызға әуелден аян. Қазақстан Республикасының заңнамаларында зайырлы мемлекет қағидаттары мен діни сенім бостандығы құқығы арасындағы байланыстар айқын көрсетілген. Бұл ретте, еліміз зайырлылықтың қазақстандық моделін қалыптастыру жолында дін саласындағы өз заңнамасын жетілдіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу үстінде. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасынан осы жайттарды көруімізге болады. Аталған жоба бүгінде елімізде қалыптасып отырған діни ахуалдық және дін мәселелерін реттеу бағытындағы дінді деструктивті мақсаттарда пайдалануды болдырмау, діни бірлестіктер субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін айқындау және діни бірлестіктердің қызметін халыққа жеңіл әрі түсінікті етуге арналған түзетулерді қамтып отыр. Атап айтқанда, заң жобасында «деструктивті діни ағым» және «діни радикализм» ұғымдарының заңнамалық тұрғыдағы анықтамасын енгізу және қоғамдық орындарда адамның бет-бейнесін тұмшалайтын киім түрлерін киюге, деструктивті діни ағымдарға жататын киім түрлерін және сыртқы атрибуттарды қоғамдық орындарда қолдануға, киюге және таратуға, сондай-ақ олардың идеологиясын таратуға тыйым салуды көздейтін бірқатар нормалар бар. Мұның бәрі де зайырлылық қағидаттарының негізі деуге әбден болады. Бұл тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары елімізді демократияландыру, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыра отырып, ішкі және сыртқы күштерден қорғау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың бірі болып табылады. Осы орайда «Сәләфилік идеология нені көксейді?» деген сауалға жауап іздеп көрсек. Ислам діні қашанда ізгілікті амалдардан тұрған. Ықылым заманнан солай болып келген. Қашанда жұртшылықты тәлім-тәрбие қазығынан ажыратпағанын барлығымыз біркісідей білеміз. Өйткені ислам – ізгіліктің айнасы, таза дін. Әрқашан татулықты ту еткені жұртшылық үшін түсінікті. Қазақта «Дін ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» деген сөз бар. Осы жолдарда терең мағына, мазмұн жатыр. Бүгінде ислам дінінің атын жамылған түрлі ағымдардың бар екені ақиқат. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Өкінішке қарай, сол асыл діннің атын жамылған сан тараулы жат ағымдардан елге келіп жатқан зардап жеткілікті. Мәселен, сәләфилік бағыттағы теріс ағымның негізгі ұстанымы – жұртты мәңгүрттендіру. Олар өздерінің осынау идеологиясын елдің санасына сіңіру үшін көптеген тәсілдерді қолға алған. Осы бір бағытты тұсбағдары етіп алғандар миссияларын орындау жолында ештеңеден тайынбайды. Сондықтан адам кіммен араласқанын, оның қандай ойдағы жан екенін зерделеуі – аса қажетті фактор. Білімді кісі ғана бүлікшілерден іргесін аулақ сала алады. Жалпы алғанда, олар «Дінді ақылмен түсінуге болмайды, ол – философия, яғни адасушылық» деген түсінікті қалыптастыруға күш салатындай. Мұны көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Мақсаттарына жету үшін мешіт имамдары мен белгілі исламтанушы, теологтердің уағызын тыңдауға, кітабын оқуға кедергі келтіргілері келеді. Солардың айтқанын тыңдап, кітаптарын оқыған азаматтардың сенімі бұзылып, адасады деп түсіндіреді. Сол жолда еш аянып қалмайды. Осылайша дін әлеміне жаңадан келген адамның көңіліне өзгелерге деген сенімсіздік, жауы ретінде қарау танымын сіңіріп, өз айтқандарынан шықпайтындай жағдайға душар етуді көксейтіні мәлім. Ең өкініштісі де осы. Себебі оң-солын танып үлгермеген жастар әлгілердің айтқанын дұрыс деп түсініп қалуы бек мүмкін. Сол арқылы аяттар мен хадистердің түпкі мәніне үңіліп, діннің рухын ақыл тұрғысынан саралай алмаған адамның мәңгүртке айналуы әбден ықтимал. Сәләфилік ағымның білгірлері ислам діні баса мән берген «Ой жүгіртпейсіңдер ме?», «Зер салмайсыңдар ма?», «Ақылды қолданбайсыңдар ма?» деген жүздеген аяттар мен мыңдаған хадистердің мәнін түсінбей қалуы мүмкін бе?! Әлбетте екіталай дер едік. Тіпті мүмкін емес деп те айтуға негіз бар. Олар шын мәнісінде мұның бәрін жақсы білуі тиіс. Алайда соны біле тұра білмеген кейіп танытады. Яғни олардың мақсаты – соңына ергендерді мәңгүрттендіріп, айтқанын істету, өздерінің көздеген миссиясына қалайда қол жеткізу. Ақиқатына келсек, қасиетті Құранның алғашқы аятының «Оқы...» әмірімен түскенін, ақылды пайдалану керектігін дінге қатысы бар кез келген адам түсінеді ғой. Бұл «Оқы...» әмірінің білім іздеуді, үйренуді, толғануды, өзгелердің пікірімен санасуды тағы басқа көптеген мағыналарды қамтитыны көпшілікке о бастан аян. Соған қарамастан, олардың Құран аяттары мен хадистердің мәніне үңілуге тыйым салып, сыртқы мәнімен шектеп қоюы сөзіміздің дәлелі тәрізді. Бұл дегеніміз – қоғам үшін өте қауіпті құбылыс. Сондықтан келеңсіздіктермен тап болғанда, қазақ айтқандай, «жеті рет өлшеп, бір рет кескеннің» еш артықтығы болмас еді. Ұлттық құндылықтарды жоққа шығару да жат ағым жақтаушыларының қолынан келетін іс. Бір елдің ұлттық құндылығын жоққа шығару – сол елді бағыт-бағдарынан адастырудың басты шарты. Жүсіп Баласағұн бабамыздың «Кімде-кім халқынан алмаса тәлім, оны үйрете алмас ешбір мұғалім» дегенінде зор тағылым жатқаны анық. Екі ауыз сөзбен көп жайттың бетін ашып берді ғой. Осыны ескерсек, ата-бабамыздың салт-дәстүріне «анау бидғат», «мынау ширк» деп қарсы тұру халқымыздың әдет-ғұрпымен қалыптасқан ұлттық тәрбиеден қол үздірудің бір тәсілі болып табылатынын түйсінеміз. Жүрек көзімен сезінеміз. Сәләфилік ағым өкілдері дінге жаңадан бет бұрғандарға қазақ халқының әдет-ғұрпын мүмкіндігінше дінге кереғар етіп көрсету арқылы өз идеологияларын өткізуге ден қоятыны мәлім. Осылайша олар өздерінің жақтастарының қатарын көбейтеді. Нәтижесінде қазақты қазаққа қарсы қойып, елдің, ұлттың бүтіндігін бұзуға әрекет етеді. Алайда олардың осы ойлағандары кей жағдайда жүзеге асып жататыны бар. Өкінішті, әрине. Зайырлылық қағидаттарын мойындамау да олар тапқан бір сылтау дер едік. Сәләфилік ағымдағылардың көзқарасы бойынша мемлекеттік Конституциясы ислам шариғатынан бөлек, яғни Құран мен сүннеттен болмаған саяси жүйе болса болды кәпірге шығарады. Соған соңына ергендерді сендіруге тырысып бағуда. Бір сөзбен айтқанда, терістейді. Зайырлы мемлекеттің Ата Заңына қолдау көрсеткен, сол елдің экономикасының өсуіне қолұшын берген жандарды да өздерінің жауы ретінде көрсетуге тырысады. Және де сол іске белсенді түрде кіріседі. Тәуелсіз мемлекет үшін адал қызмет етіп жатқан адамдарды, тіпті олар мұсылман болса да өз идеологияларын қолдамағаны үшін айыптайды. Көрдіңіз бе, гәп деген қайда жатыр? Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа Жолдауларының бірінде: «Мәңгілік Елге айналуымыз үшін еліміздің саяси және діни-рухани идеологиясында қарама-қайшылық болмауы қажет», – деген еді. Бірақ жоғарыда айтқан бағытты ұстанатындар бұған құлақ аса қояр ма екен? Әй, қайдам... Сәләфилік ағымының мемлекет Конституциясына қарсы тұруы мемлекет тұрақтылығына кері әсерін тигізетіні даусыз. Ол дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома іспеттес. Бір ғана «сәләф» деген сөзді өздерінің ең басты құралдарына айналдырып, ислам шариғаты мен түсінігіне жат қадамға барып, лаңкестікке бой алдырып жүргендер үлкен қателіктерге ұрынып жатқаны талас тудырмайды. Өкінішке қарай, олар мұны түсінуге көп жағдайда құлықты болмай отыр. Бүгінгі күні «сәләфизм» ұғымын мұсылман атын жамылған жат ағымдар өздерінің бетпердесіне айналдырып, өзіндік пәлсапа қалыптастыруда. Ең жаманы, ислам атын жамылған, саны бар да сапасы жоқ жамағаттардың тізіміне «сәләфизм» атымен жаңа бір ағым қосылып, «өзгеше» болмыстарымен ерекшеленіп жатқаны. Міне, кезінде бір қозғалыстың атауы болып, соның ұстанымдарын таратқысы келгендер өйстіп бір ағымға айналып шыға келді. Осылайша қоғамның дамуына мейлінше кедергілер келтіріп жатыр. Бұл ағымдағылар өзге мұсылмандардан барынша «ерекшеленіп», өздерін ғана «ақиқат жолындамыз» деп санайды. «Біз, сәләф ақидасының сенімді өкіліміз және олардың исламдағы жолын жалғастырушымыз» деп көрсеткісі келеді. Бұл ағымдағы адамдардың адасушылығы – «ең дұрыс ислам жамағаты – біз» деп ойлауы. Осы түсінік арқылы бейкүнә адамдардың да санасын улауға қолдарынан келгенше күш сала береді. Сәләфизм ағымының доктриналық идеологиясын XIII ғасырда Ибн Таймия қалады. Ибн Таймияның доктриналық пікірінің «Әһлі суннә уәл жәмаға» ғалымдарының көзқарасымен келіспейтін тұстары көп болды. Сол себепті Ибн Таймияға өз уақытында «Әһлі суннә уәл жәмаға» ғалымдары ескерту беріп, кейбір көзқарасын теріске шығарды. Ибн Таймияның доктриналық ілімін XVIII ғасырда Сауд Арабиясында өмір сүрген Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб насихаттап, ары қарай дамытты. Тарихқа үңілер болсақ, уаһабшылдық идеология негізінен XX ғасырдың басында, I дүниежүзілік соғыстан кейін өз тәуелсіздігін алды. Алайда уаһабшылдық идеология көп мұсылман елдерінен қолдау таппағандықтан, олар өздерін жағымды көрсету мақсатында, біз «сәләфиміз» (бұрынғылардың жолын ұстанамыз) деген ұранымен бүгінде «сәләфизм» атымен танылып үлгерді. Қазіргі таңда оларды жақтайтындардың бірқатары сәләфилік ағымды «қалыпты сәләфи» және «қауіпті сәләфи» деп екіге бөліп көрсетуге тырысып жүр. Олардың елімізге «қалыпты сәләфилердің зияны жоқ» деген сынды көзқарастары сол ағымды жақтап тұрғандай. Өйткені сәләфилік ағымды «қалыпты сәләфи» және «қауіпті сәләфи» деп екіге бөліп қарауға келмейді. Олардың қай бағыты болсын сүйенетін доктриналық әдебиеттері – бір. Яғни бәрі Ибн Таймия мен Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың еңбектерінен айналып өте алмайды. Бүгінде білімі толысқан көпшілікті «Сәләфилік ағымды қалай ауыздықтай аламыз, оның идеологиясын түбегейлі жеңудің жолдары не?» деген сұрақтардың мазалайтыны анық. Сәләфилік ағымның идеологиясының ықпалында кеткен адам, әрбір ісіне сәләфилік идеологияның дүрбісімен қарап, сол негізде өмірлік ұстаным қалыптастыруға баса назар аударады. Ол адамның қалыптасқан танымын өзгерту, алған бетінен қайтару көп күшті қажет ететіні сөзсіз. «Отан – отбасыдан басталады» дегендей, отбасындағы ата-анасын кәпірге шығарып қараусыз қалдыру, әйеліне талақ беріп, жалғыз басты жесір әйелдер мен тәрбие көрмеген жетімдердің көбеюінің бір ұшы осы идеологияға тікелей қатысты. Сол себепті осы көзқарастағы жақтастарға қарсы тұрудың басты шарты – қоғам мен биліктің өзара үндесуі, ұлттық бірлік. Сонда ғана ісіміз өнікті болмақ.
Еркебұлан АҚБАЙ, облыс әкімдігі дін істері басқармасының бас маманы.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді