Есенбек Сәтбаевтың есімі әнші-термеші ретінде көпшілікке кеңінен таныс. Ол – Жамбыл мәдени ағарту училищесін бітірген соң ұзақ жылдар бойы мәдениет саласында еңбек етті. Елімізде тұңғыш құрылған «Алатау» домбырашылар үштігінің белсенді мүшесі болды. Есенбек Әмірбекұлы қазір Астанада тұрады. Өнерден қол үзген жоқ. Жақында ол алпыс жылдық мерейтойы аясында облыстық қазақ драма театрында «Дегелегім, келдің бе?» атты жеке концертін өткізді. Ән кеші Дастан Көреген басқаратын «Алатау» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен «Ақкербез» би ансамблінің орындауындағы «Шаттық» күйімен ашылды. Мұнан соң облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Зүбайра Сембина сөз сөйлеп, басқарма басшысының құттықтау хатын тапсырып, әншінің иығына шапан жапты. Облыстық филармония директорының орынбасары Жандос Омаров та мерейтой иесіне осындай құрмет көрсетті. Бұдан кейін концерт басталды. Есенбек Сәтбаев жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың «Угай-ай» әнін әуелете шырқады. Дүйсенәлі Бықыбаевтың «Қызғанбашы» әнін Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі Маралбек Бабақұлов орындады. Манарбек Ержановтың «Сайра, бұлбұлын» орындаған Мәдина Сағымбекова, Жаңбыршы Үсейіновтің «Ағайындар» әнін шырқаған Нәскен Қошқарбаева көпшіліктің ықыласына бөленді. Бұл әншілер Е.Сәтбаевтың шәкірттері екенін айта кеткен жөн. Әнмен әдіптелген кеш барысында Есенбек Әмірбекұлы сырнаймен «Нартайдың соңғы термесі», «Алтынай» атты әндерді бебеулете шырқағанда толғанбаған көрермен жоқ шығар. Сахнаға ұлы Ринат Сәтбаев шыға келгенде де көпшілік қол соғып, құрмет көрсетті. Ринат «Әкешім – анашым», «Той болсын!» әндерін шырқап, әкесінің мерейін үстем етті. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Мұхтар Рахманқұлов, мәдениет саласының үздіктері Дүйсенбек Өмірәлиев, Есенбек Сәтбаев үштігі «Алатаудың» сексенінші жылдардағы құрамы болып, бірнеше дәстүрлі әндерді шырқады. Осы орындаудағы Қырғыздың «Пиалада қантым бар» әні көпшілік көңілінен шықты. Есенбек домбыра тартудың да нағыз шебері. Ол Кененнің «Базар – Назар», қырғыз еліндегі Османқұл Бөлебалаевтың «Кененге көңіл айту» толғауларын орындап берді. Сондай-ақ Есенбек өзінің «Шәмші аға», «Дегелегім» әндерінің эстрадалық үлгісін тыңдармандарға ұсынды. Қазақтың дәстүрлі әндерінен құралған әсерлі концерт Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Әбиірбек Тінәлінің сиясы кеппеген «Достарым» әнімен (сөзі Болат Бекжановтікі) түйінделді.
Есет ДОСАЛЫ
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді