Қайраткер Тұрысовтың аты мектепке берілді

Қайраткер Тұрысовтың аты  мектепке берілді
ашық дереккөз
Қайраткер Тұрысовтың аты мектепке берілді

Тәуелсіз еліміздің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысов. Елі үшін аянбай еңбек еткен, ердің есімі ұмытылмайды. Осыдан 3 жыл бұрын Тараз қаласындағы үлкен көшелердің біріне қайраткердің есімі берілген еді. Енді міне, осы шаһардағы №53 мектеп-гимназиясы көрнекті ғалым Қаратай Тұрысовтың есімімен аталатын болды. Бұл шешім №53 мектеп-гимназияда өткен салтанатты жиында белгілі болды. Шараға облыстағы зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, мәдениет, ақпарат, білім салаларының қызметкерлері қатысты. Мектептің кіреберіс фойесіне қойылған Қаратай Тұрысовтың бюсті ашылды. Осы шараға арнайы қатысқан облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым Қаратай Тұрысовтың өмір жолы, оның елге сіңірген өлшеусіз еңбегі жайлы айтып өтті. «Балалық шағын Жамбыл ауданы Жасөркен ауылында өткізген Қарекең өмірде биік асуларды бағындырды. Мәскеуде жоғары білім алды. Орталық партия комитетінде қызмет етті. 1990 жылдары елімізде Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болды. Тәуелсіздік жылдары Парламент Мәжілісінде бюджет-қаржы саласына қатысты комитетті басқарды.

Бүгін қайраткердің жұбайы Әскеркүл Жамбайбекқызы ортамызда. Қаратай Тұрысовтың есімі берілген мектепте білім алатын балалар қоғам қайраткерінің өнегелі жолынан үлгі алып, саналы азамат болып қалыптасатынына сенемін. Тараз қаласында Қаратай Тұрысовтың есімімен аталатын көше бар, енді, міне, мектепке аты беріліп жатыр. Қайраткер Қаратай ағамыз мәңгі бізбен бірге!», – деді Кәрім Нәсбекұлы.

Жиында қайраткердің өмір жолы туралы естеліктерімен бөліскен облыстың Құрметті азаматы, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібайұлы елімізге белгілі тұлғаның 70 жылдығына орай «Тұлға» атты кітап жарық көргенін, онда белгілі азаматтар Қ.Тұрысов жайлы толғанғанын айта келіп, ер есімі елдің есінде сақталады деді. Бұдан соң қайраткердің жұбайы Әскеркүл Жамбайбекқызы тебірене сөз сөйледі. Ол осындай құрметі үшін облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевқа шынайы алғысын білдіріп, жолдасының өмірлік ұстанымына, адамгершілік қасиеттеріне тоқталып, бұл іс-шараның Ата Заң, Білім және Құрбан айт күндерімен қатар келіп жатқанын жақсылыққа балап, көпшілікпен қуанышын бөлісті. Сондай-ақ жас жеткіншектердің қадамына сәттілік тіледі. Мектеп оқушылары Қаратай аталарына арналған өлең жолдарын жатқа оқыды. Мұнан соң іс-шараға жиналғандар екінші қабаттағы Қ.Тұрысовқа арналған бөлмені аралап, сурет көрмесін тамашалады. Тілек кітабына өз естеліктерін қалдырды. Бұл ер есімі ел есінде жаңғырған күн болды.

Тараз қаласы.

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Есет досалы, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар