Кенесары хан туралы жинақ жарық көрді

Кенесары хан туралы  жинақ  жарық көрді
ашық дереккөз
Кенесары хан туралы жинақ жарық көрді

Алматыдағы «Полиграф комбинат» ЖШС баспасынан қазақтардың Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің 180 жылдығына арналған «Кенесары» атты жинақ шықты. Жинақта Кенесары туралы жазылған тарихи, әдеби зерттеулер, толғаныс ойлар, дастандар, өлең-поэмалар, драмалық шығарма мен мақалалар берілген. Атап айтсақ, хан туралы кітапта тарихшы-ғалым Ермахан Бекмахановтың «Қазақстан ХIХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты, зерттеуші А. Рязановтың Кенесары туралы кейбір мұрағат құжаттары, профессор Ж.Ибраевтың «Кенесары қозғалысы және ол туралы шығарылған тарихи жырлар», ғалым, Қазақстан тарихы және этнология институтының директоры З.Қабылдиновтың «Тақ мұра» мақаласы, профессорлар С.Аққұлыұлы, Қ.Шотаның, қырғыз ғалымы М.Бөөбекованың мақалалары, жазушы Қ.Жұмаділовтың «Ханның басы қанша тұрады?» деген хикаясы, жазушы, драматург Д.Рамазанның «Кенесары – Күнімжан» пьесасы, ақын С.Тұрғынбекұлының поэмасы, Нысанбайдың дастаны, ақын Қ.Жолдасбекованың арнау өлеңі, қырғыз тарихшысы Б.Солтановтың «Кенесары хан туралы» тарихи эссесі және З.Қохаеваның көлемді мақаласы берілген. Яғни, бұл жинақ қазақ елінің тарихын, көп жылдарға созылған тәуелсіздік жолындағы күресі секілді оқырман жастар мен тарихшыларға өте қажетті дүниелерге бай. Өткен жылы азаттығымыздың ширек ғасырлық мерейтойын ел болып дүркіретіп тойладық. Иә, тәуелсіздік бізге оңай келді дей алмаймыз. Ел үшін, жер үшін, азаттық үшін күрестер ертеден бастау алып, қаншама алапат соғыстар, қанды күрестерді бастан кештік. Ұзақ жылдарға созылған жоңғарлар мен Қоқан хандығына қарсы соғыстар, Абылайдың баласы Қасым хан мен оның ұлдары Есенгелді мен Саржан, кейінірек Кенесары Қасымұлы бастаған шайқастар тарихта өшпестей боп жазылған. Кенесарының ұлы Сыздықтың 20 жыл бойы патша саясатына қарсы жүргізген күресі, 1916 жылғы Амангелді Иманов пен Жетісудағы Бекболат Әшекеевтің, Меркідегі Аққоз Қосановтың патша үкіметіне қарсы көтерілісі де азаттық жолындағы арпалыстар десек қателеспейміз. 1917 жылы қазақ жерінде Алашорда үкіметі құрылып, тәуелсіздікке енді жеттік дегенде Кеңес өкіметінің үстемдік орнатып, барлық жерде билік жүргізгені, ол 70 жылдан аса үстемдік етіп, халықтың беткеұстар қаймақтарын алашордашылар, жапон шпионы, төңкерісшілер деп атап, асып, айдап соттаған қасіретті жылдардың қара дағын ешкім өшіре алмайды. Осындай өктемдік, халықты менсінбеушілік кек болып кернеп, 1986 жылғы жастардың бас көтеруінің себебі болды. Құдайға тәубе, бүгінде еліміз еңсесі биік егеменді ел. Өткенімізді саралап, тарихымызды біліп, ұлт екенімізді көрсетіп келеміз. Осының бір белгісі қазақтардың Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне – 180 жыл, Кенесары мен оның батырларының жау қолынан қайтыс болғандарына 170 жыл толуына байланысты шығарылған жинақ әрбір қазақтың үйінде тұратын кітап деп білемін. Жастарды, өскелең ұрпақты тарихпен сусындатамыз десек, осы жинақтан көп нәрсе табасыз.

Мәскеу Ноқрабеков.

Ұқсас жаңалықтар