Таразым – тарихымның мақтанысың, Астанам – азат елдің ақ таңысың!
- author «Ақ жол»
- 1 тамыз, 2017
- 284
Астанада облысымыздың мәдени күндері өтіп жатқан думанды күндері жергілікті тұрғындардың көңілі ән-жырға, ал қоржындары азық-түлікке толды. «Қазақстан» спорт кешені аумағында ауыл шаруашылық тауарларының ауқымды жәрмеңкесі ұйымдастырылып, шаһар халқы екі күн қатарынан арзан өнімдерге қарық болды. Негізінен, астаналықтар жамбылдық жәрмеңкені асыға күтетін көрінеді. Оның себебі тек бағаның төмендігінде ғана болмаса керек. Оңтүстік өңірдің құнарлы топырағынан шыққан азық-түліктің сапасында да, дәмінде де өзгешелік байқалады деседі олар. Бұл жәрмеңкені халықаралық ЭКСПО көрмесі аясында елордаға жылы Жамбылдан тарту деп түсінген жөн. Жалпы, бұл шара басталғалы бері біздің тауар өндірушілер Астанада үшінші мәрте жәрмеңке өткізіп отыр. Әулиеаталықтардың мәдени күндеріне орай халықтың назары еселенгендіктен, бұрынғыға қарағанда бұл жолы тауар көбірек әкелінген. Мұндай жәрмеңке ЭКСПО аяқталғанға дейін әлі үш мәрте өткізілетін болады. Жәрмеңке өтеді деген күннің азанымен-ақ ол жерге ағылған жұрттың қарасы мол болды. Облысымыздың тауар өндірушілері 147 миллион теңгені құрайтын 245 тоннадан астам азық-түлік апарған. Оның ішінде 29 тонна ет, 8 тонна шұжық өнімдері, 17,5 тонна сүт өнімдері, 5000 дана жұмыртқа, 5 тонна қарақұмық, 500 келі кондитерлік өнімдер, 3 тонна макарон өнімдері, 6 тонна өсімдік майы, 10 тонна қант, 3 тонна балық, 500 келі тұз, 153 тонна көкөніс пен жеміс-жидек бар. Азық-түлікті алыс жолдан аман жеткізу үшін арнайы салқындатқышы бар көліктер – 12 рефрижераторлар қолданылған. Жәрмеңкеге облысымыздың барлық аудандары мен Тараз қаласындағы тауар өндірушілер атсалысты. Олардың арасында Жамбыл ауданынан жеткізілген «Достар» шұжығына, Тұрар Рысқұлов ауданындағы «Подгорный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шұжық өнімдеріне, жылқы етіне сұраныс көп болды.
Тіпті рысқұловтықтар бекіре тұқымдас балық өнімдерімен ерекшеленді. Қазір жеміс-жидек пен көкөністің науқаны болғандықтан, шулықтардың дәмі тіл үйірер қауын-қарбызына сұраныс мол болды. Сонымен қатар Жамбыл мен Байзақ, Қордай аудандарының көкөніс, жеміс-жидегінің саудасы қызды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, барлық тауарлар нарық бағасынан 8-20 пайызға төмен болған. Мәселен, жылқы еті әр келісі – 1350 теңгеден, сиыр еті – 1250 теңгеден, қой еті – 1150 теңгеден, ал қызанақтың келісі – 160 теңге, сәбіз – 120 теңгеден, басқа көкөністердің көбі 100 теңгеден сатылды. Нәтижесінде, сөреде түк қалмай, тауар түгел өтіп, жамбылдық шаруалар да, астаналық тұтынушылар да дән риза боп тарқасты. «Әрине, Астанада азық-түліктің бағасы Таразға қарағанда қымбат. Сондықтан, осындай жәрмеңкелердің қашан болатынына құлақ түріп жүреміз. Бүгін де бар қажетімді сатып алып, біраз күнге тоңазытқышты толтырып қоймақпын. Қазақ болған соң алдымен етке қарай жүгіреміз ғой. Өз басым бұл жолы жылқының етін көп алдым. Сөрелерде тұнып тұрған азық-түліктің түр-түріне көзің қызығады. Бірақ барлығын бір күнде түгендеп алу мүмкін емес. Оның үстіне көп тұрып қалса, сапасы жоғалады. Сондықтан, жамбылдықтар жәрмеңкені жиі ұйымдастырып тұрса деген тілегім бар», – дейді қоржыны толы қала тұрғыны Ақмарал Сандыбайқызы. Сауда көркі қызып жатқан алаңда келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін жамбылдық өнерпаздар ән-жырын аямады.
Бес күннің ішінде Астананың берекесін кіргізіп, тарихы тамырлы Тараздың мәдениеті мен өнерін паш еткен мерекелі күндер өз мәресіне жетті. Бұл күндерді елордалықтар естен шығара қоймайтыны анық. Себебі, қаланы елең еткізген этно-керуеннен бастап, әр іс-шараның мән-маңызы, қалдырған әсері ауыз толтырып айтарлықтай. Жамбылдың мәдени күндеріне Астана халқының берген бағасы да жоғары болды. Дүркіреген думанның соңы «Хан шатыр» ойын-сауық орталығы маңындағы «Ғашықтар» саябағында өткен облыс өнерпаздары мен эстрада жұлдыздарының «Таразым – тарих ақ таңы, Астанам – елдің мақтаны» атты гала-концертімен түйінделді. Қорытынды шараға елімізге танымал және Әулиеата өңірінің мақтаныштары Сәуле Желдібаева, Құрмаш Маханов, Индира Расылхан, Оңал Азаматова, Мәдина Сағымбекова, Маралбек Бабақұлов, Жанна Асанқұлова сынды әншілер мен өнерпаздар қатысты. – 26 шілде мен 30 шілде аралығында Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне орай Жамбыл облысы күндері өз деңгейінде өтті. Бұл атаулы күндерге Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет басқармасына қарасты барлық мекемелер, аудандардың өнер ұжымдары, ЖОО өнерпаздары белсене атсалысты. Осы бес күн ішінде қазақ ұлтының барлық салт-дәстүрлері дәріптелді. Бұл мәдени көпшілік шаралардың басты ерекшеліктері – Ұлы Жібек жолы бойындағы керуен тоқтаған Тараз жерінен тарту ретінде «Көне Тараздан – асқақ Астанаға тарту» атауымен үлкен керуеннің елордаға келуі және «Хан шатыр» ойын-сауық орталығының алдындағы «Ғашықтар саябағына» тарихи Тараздың 300-ден аса көне археологиялық жәдігерлермен бірге әмбебап, жаңа технологиялы голлограммасы бар киіз үйді астаналықтардың назарына ұсынылуы болды. Тағы айта кетерлік жәйт, осы орында көпшілік үшін күн сайын аудан өнерпаздарының концерті қойылды. Астаналықтардың мәз-мейрам, шаттыққа толы жүздерін көріп, ЭКСПО-2017 көрмесіне сый ретіндегі Жамбыл облысының мәдениет күндері өз деңгейінде мәнді, мазмұнды болып өтті деген ойдамын, – деді Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев. Бұған ЭКСПО қонақтары да сенеді.
Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».
АСТАНА.
Ұқсас жаңалықтар
Болашақ сарбаздар бірқатар сараптамадан өтуге міндеттелді
- 29 қазан, 2024
Кітапханадағы келелі кездесу
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді