Тоғызқұмалақ турнирі басталды

Тоғызқұмалақ турнирі басталды
ашық дереккөз
Тоғызқұмалақ турнирі басталды

Облыстық «Ақ жол» газетінің жүлдесі үшін тоғызқұмалақтан дәстүрлі республикалық-рейтингтік турнир басталды. Биыл бұл дода басылымның 95 жылдық мерейтойы аясында өтуде. – Елімізде ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып, Азия, әлем чемпионаттары өтіп жатыр. Бүгінгі турнир дәстүрлі өткізіліп жатқандықтан, көптеген спортшылар осы жарыстан шыңдалып шықты. Осындай дүбірлі доданы ұйымдастырып келе жатқан облыстық «Ақ жол» газетіне алғыс айтамыз, – деді облыс әкімі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков. Қазақтың төл спортын ұлықтайтын бәсекеге республиканың 8 облысынан 168 ойыншы қатысады. Жарысқа қатысушылардың біреуі – халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Сондай-ақ, 15 спорт шебері, 48 спорт шеберлігінен үміткер көне шаһар Таразға алыстан ат терлетіп келген екен. «Тоғызқұмалақ – көнеден келе жатқан ұлттық ойын түрі. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен табылған тастардағы тоғызқұмалақ таңбалары дәлел. Әлемде шахмат чемпиондарын ақылды адамдар ретінде танып, құрметтейді. Тоғызқұмалақты да шахматтан кем көруге болмайды. Оны да ақылды адамдар ойнаған. Сондықтан түптің түбінде тоғызқұмалақ ойыны әлемге тарап танылады деген ойдамын», – деп турнирдің ашылу салтанатында облыстық «Ақ жол» газетінің жауапты хатшысы Әділбек Баққараұлы жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Турнирді ұйымдас-тырушылардың айтуынша, жарыс үш категория бойынша өтеді: ересектер (14 жастан жоғары), жастар (10-14 жас) және балалар (10 жасқа дейін). Бәсеке 5 күнге созылып, жабылу салтанаты 30 маусымда өтпек. Оған дейін күніге 2 тур кездесулері ойналады.

 Абай ОТАР, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар