Ғылымға қосқан үлесі зор
Биыл Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының құрылғанына 50 жыл толды. Кейінгі жылдары жоғары оқу орны білім саласын жаңғыртуда және ғылымды дамытуда елеулі табыстарға қол жеткізді. Білім ордасының осындай үлкен табыстарға жетуіне әлемге танымал, Қазақстанның көрнекті ғалымдарының бірі Мұсақан Мұратбеков те өзінің сүбелі үлесін қосып келеді.
Мұсақан Мұратбековтің қазақ ғылымына қосқан үлесі өлшеусіз. Білім жолын қазіргі Қазақ ұлттық университетінен бастаған ол аталмыш оқу орнын 1976 жылы тәмамдап шықты. Біраз жыл тер төккен соң, білімін жетілдіру мақсатында Қазақстан Ғылым Академиясының математика және механика институтының аспирантурасына түсіп, оны 1982 жылы аяқтап шықты. Сонда оқып жүргенде Мұсақан Мұратбеков Жезқазған педагогикалық институтында оқытушы болып та қызмет атқарды. Білімге шын берілген Мұсақанның төккен тері босқа кеткен жоқ. Ол 1982 жылы аталмыш оқу орнында кафедра меңгерушісі болып тағайындалды. Көп ұзамай оны аттай қалап КСРО Ғылым Академиясының Мәскеу математика институтына шақырды. Ол жақта Мұсақан екі жыл аға қызметкер болып еңбек етті. 1990 жылы Тараз педагогикалық институтына кафедра меңгерушісі болып тағайындалып, содан бері білім ордасында студенттерге дәріс оқып жүр.
Абыз ұстаздың жеткен жетістіктері де бір төбе. Мұсақан Мұратбеков – 60-тан астам ғылыми еңбектің, 1 монографияның авторы. Сондай-ақ, «Математика және математиканы оқыту әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор деген атағы тағы бар. Бүгінде Мұсақан Мұратбековтің шәкірттері еліміздің маңдайалды қызметкерлеріне айналды. Ол кісінің ерен еңбегі қарыштап дамыған Қазақстанның болашағына қосылған үлес.
Елбасы биылғы сәуірдегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», – деп жастарды сапалы білім алуға шақырып, ілім нәрімен сусындаған адамдар ғана табысты болатынын шегелеп айтты. Осы орайда, профессор Мұсақан Мұратбековтің жанкешті еңбек етуі және оның жүріп өткен ғылыми жолы шығармашылық жұмысқа да, ғылымға да ұмтылған студенттер мен ауыл жастарына үлгі-өнеге болатыны анық.
Абай ОТАР, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Бар ғұмырын білімге арнаған
- 7 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді