Салада орын алған кемшіліктер қайталанбасын

Салада орын алған кемшіліктер қайталанбасын
ашық дереккөз
Салада орын алған кемшіліктер қайталанбасын

Облыстық денсаулық сақтау саласында алдыңғы жылы – 606, былтыр – 268 заң бұзушылық фактісі орын алса, өткен жылы 123 лауазым иесі тәртіптік жазаға, 14-і әкімшілік құқық бұзушылық бойынша, 201 адам материалдық жауапкершілікке тартылыпты. 513 азаматтың құқығы прокуратура органдарының араласуымен қорғалып, мемлекет пайдасына 17 миллион 232 мың 244 теңге өндіріліпті. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында айтылды. Партияның 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының қалай жүзеге асырылып жатқаны және денсаулық саласындағы осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың барысы баяндалған жиынды партияның облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Бақтияр Алдашов жүргізіп отырды. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы, партия мүшесі Тлеухан Әбілдаев денсаулық сақтау саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірқатар жұмыстар атқарылғанын айтты. – Басқарманың сыбайлас жемқорлықпен күрес жоспары бекітіліп, мекеменің ресми сайтына орналастырылды. Басшы және орынбасарлардың жеке және заңды тұлғаларды қабылдау кестесі, арыз-шағымдар жәшігі ғимараттың көрнекі жерінде тұр. Арнайы блог та ашылған. Кестеге сай 12 құқықтық сабақ өткізілді. Жалпы, былтыр және алдыңғы жылы сыбайлас жемқорлыққа жол бергендер толығымен жазаланды, – дейді ол. Дерекке сүйенсек, былтыр 7 сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыс жасалыпты. Жалпы, денсаулық сақтау саласында мемлекеттік сатып алу, жалақы, іссапар, сыйақы төлеуге қатысты заң сақталмаған. Фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттардың, медициналық техниканың айналысының қағидалары бұзылған. Құжатсыз негізсіз жоспарлау, ақау актілері жасалынбаған автокөлік құралдарын ағымды жөндеуден өткізу, мемлекеттік сатып алу заңнамаларын бұзу секілді олқылықтар орын алған. Дегенмен, уақытында бірқатар кінәлілер сотталған екен. Жалпы, облыс бойынша ішкі аудит департаменті тарапынан жүргізілген тексеріс нәтижесі бойынша 2015 жылы 39 қызметкер, былтыр 50 қызметкерге тәртіптік жаза қолданылыпты. Негізінен, аталған кемшіліктер Т.Әбілдаев денсаулық сақтау басқармасына басшылыққа келмей тұрған кезде орын алған екен. Кеңес мүшелері оған бұрын орын алған кемшіліктердің қайталануына жол бермеуді тапсырып, басқарманың алқа отырысында көтерілген мәселелерді талқылау, фармацевтикалық, медициналық техниканың айналысы қағидаларының сақталуын қамтамасыз ету, электронды қызмет түрлерінің үлесін арттыру, жұртшылыққа тегін медициналық көмек шеңберінде көрсетілетін қызметке қатысты ережелер мен талаптарды түсіндіру, бірқатар бақылау органдарына денсаулық сақтау саласындағы заң талаптарының сақталуын қадағалауды күшейту қажеттігін ескертті.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар