Оралмасын зұлым соғыс біз көрген

Оралмасын зұлым соғыс біз көрген
ашық дереккөз
Оралмасын зұлым соғыс біз көрген

2Мүтәліп ЕРЕЖЕПБАЙҰЛЫ.

ЖОЙҚЫН ЖАУМЕН БЕЛДЕСТІМ

...Майдан шебі, зіркілдейді зеңбірек, Оқ пен оттан астан-кестен төңірек. Қанға бөккен құндақтаулы сәбиін, Құшақтап жүр жаралы ана еңіреп.

Қатарласып танк-тажал қаптады, Қара жердің қайысты құйқа қатпары. Түршіктіріп тірі жанның жүрегін, Бар өмірді табанымен таптады. Аспан астын самолеттер бомбалап, Атқылайды оғын жерге тонналап. Бірі қолдан, бірі аяқтан айырылып, Қанша қыршын жатты жерде домалап...

Саналарды торласа да сан сұрақ, Мұрша да жоқ жатуға еш хал сұрап. Алға ұмтылған командир де құлады, Дәл жүректен тиген оқтан қансырап.

Жел күрсінді, күңіренді бал-құрақ, Бұл сұмдыққа тұрмас, сірә, жан шыдап. Жасыл орман басын иді аһ ұрып, Осылайша сөнді қанша сан шырақ.

* * * Қарақұрым құмырсқадай жау жағы, Арғы беттен бері қарай ауды әні. Баудай түсіп жайрап жатты олар да, Қанға батты бейбіт елдің бау-бағы.

Шырқырайды бөбек іздеп шешесін, Қалтылдап қарт қалды таппай көшесін. Ұлардай боп шулап жатты бәрі де, Үміттердің сөнді солай нешесі.

Соғыс өртін біледі оны көргендер, Сол апатқа төтеп берді ел мен жер. Тарихқа айқын залалы мен зардабы, О, адамдар, енді сойқан көрмеңдер!

От жалмаған Ресейдің орманы, Қалды сонда сан сарбаздың арманы. Олар бүгін ескерткіші ерліктің, Олар бүгін бейбіт өмір қорғаны.

Таулы жерде өжет болып мен өстім, Таласып тау шыңдарменен тел өстім. Бір уыс топырағы бұйырсын деп елімнің, Жойқын жаумен жанпида деп белдестім.

...Жеңіспенен қайттық біздер түз жерден, Қауыштық қой сағынышты жүздермен. Бейбіт, мұңсыз аман болсын ұрпақтар, Аулақ елден зұлым соғыс біз көрген!

ТОҚСАННЫҢ ТОЛҒАУЫ

Ассалаумағалейкум, барша қымбат ағайын, Алдыменен сіздермен амандасып алайын. Дарабоз жырау Жамбылдай кезіп өлең өлкесін, Той-думанның өткіздік осы жаста талайын.

Бұл дүбірге үн қоспай, қалайша қалыс қалайын, Жыраудың қозғап аруағын, көңілден шығып бағайын. Теңіздей толқып тебіреніп, толқығандай болайын, Тоқсанға жеттік біз де аман, тойласын бүгін маңайым.

Бақыттымын барша елім, ағайын мен дос барда, «Жамбыл жолын» жаздым мен абызды қосып дастанға. Қалауымен Алланың қаламымды қару ғып, Ғұмырлы болып мінекей өзім де жеттім тоқсанға

ҚАЛАМ МЕН ҚАРУЫМДЫ ҚАТАР КЕЗЕП...

Алты жыл жүрдім әскер қатарында, Тыныштық орнасын деп Отанымда. Қалам мен қаруымды қатар кезеп, Жайратып жауды жеңдік апанында.

Қанды ауыз қарақшыны қыр асырып, Қуа бердік күн менен түн асығып. Жендеттер жол бойында қалып жатты, Бірі оқтан мерт етіп, бірі асылып.

Біз өткен жолдар тау мен тасқа мәлім, Күйреттік «Барбаросса» тас қамалын. Сұм жаудың қабырғасын қаусатқанша, Үстімнен қанды көйлек тастамадым.

Жауменен мен де өзімше жағаластым, Қамы деп қайғырмадым қара бастың. Жеңіспенен желпініп елге оралып, Мылтықсыз майданға кеп араластым.

ЖАЛҒЫЗДЫҚ

Жазса да жалғыздықты пешенеден, Дәрменсіз боп өспедім десе де мен. Жар бол деп жалғызыма жалғыз Құдай, Жалынып жалбарынар шеше деген.

Жалмады әз әкемді «үштік» өрті, Шешемнің шемен болды жүрек дерті. Жолына қарауменен өтті жастық, Сақталып махаббатқа берген серті. Жан анам сен де жалғыз, мен де жалғыз, Ішінде көп майсаның біз бір жалбыз. ...Бүгінде тамыр жайдық, өніп-өсіп, Тәңірге тәубемізді жүрміз айтып.

САРБАЗ САҒЫНЫШЫ

Жазында жазиралы дарқан далам, Құлының мен емес пе сайран салған. Қалқан боп Отан үшін жүрген шақта, Тарықсам қуат берген қартаң бабам.

Сарбазды сағындырған сағым далам, Жан бар ма құба белді сағынбаған. Анадай аялы аймақ, саялы бақ, Толғанар сенсіз қалай ақын-данаң.

Пейілі сүттен аппақ мөлдір далам, Адамдық арым таза, сенгін маған, Көтерген бейбітшілік туын биік, Қазақтың қайсар ұлы – мен бір балаң.

Бар жеңіс сенің арқаң әйбат далам, Жыр қосып жеңісіне айбаттанам. Түлей түс, туған елім, туған жерім, Борышпен саған деген қайраттанам.

Жасай бер, жасана бер, жайсаң далам, Көгінде Күнің күліп, Ай самғаған. Жете алмай, нұрлы заман бұл дәуірге, Көз жұмды қаншама ұлың жайраңдаған.

Ол күндер оралмасын, жарқын далам, Ұрпағың осыны ойлап әр күн алаң. Қалт тұрған тыныштықтың күзетінде, Біледі бейбіт күннің парқын балаң.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар