Армысың, Рио-де-Жанейро!

Армысың, Рио-де-Жанейро!
ашық дереккөз
Армысың, Рио-де-Жанейро!
Бүгін Риода олимпиялық ойындар басталды Күллі әлем тағатсыздана көз тіккен байрақты бәсеке, төртжылдықтың басты ойындары да басталды. Байрақты додада Тәуелсіз Қазақстан­нан 104 спортшы спорттың 26 түрі бойынша топқа түсіп, мықтылармен иық тірестіре жүріп, қанжы­ғасын майлауға күш салып көрмек. Бағы мен бабы қоса шапқан қазақстандықтар оза шауып бәйге алып, жасындай жар­­қырап жатса, қәне! Сонымен... Атлант мұхитының арғы бетінде орналасқан Бразилия төрінде Олимпиаданың ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтті. «Марио Филью» стадионында 80 мың жанкүйердің көз алдында ұйымдастырылған ашылу салтанатын риолықтар аса ұзақ уақыт тосты. Иә, Латын Америкасындағы ең танымал шаһарлардың бірі Рио-де-Жанейро халқы бұл Олимпиада ойындарын өз көздерімен көруді ілгеріден-ақ армандап келеді. Сексен жылдың бедерінде бес мәрте Олимпиада ойындарын өткізу үшін барын салған бразилиялықтар төрт мәрте жолдары болмай, тауы шағылса да, үмітін үзбеді. Ақыры бесінші мүмкіндіктен Олимпиада ойындарын өткізу бақытына ие болды. XXХI жазғы Олимпиада қалашығында алдымен ту көтерілу рәсімі өткізілді. Шара барысында алғаш болып Қазақстанның туы көкке көтерілді. Ту көтерілу рәсімінде еліміздің сайыпқырандарымен қатар, Испания, Түркия, Сейшель аралдары және Чад Республикасының өкілдері де қатысты. Олимпиада гимні шырқала салысымен алғаш болып еліміздің көк байрағы көтерілгені бізді айрықша қуантты. ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков бұл сәйкестікті жақсылыққа балап отыр. Дуы басым дода барысында да көк туымыз бірнеше мәрте көкте желбірейді деген тәтті ой жетегіне біз де берілдік. Қай Олимпиада ойындары болсын, қазақ жанкүйерлері күрзі жұдырықты былғары қолғап шеберлерінің жолына үлкен үмітпен қарайтыны рас. Тәуелсіздік жылдарында айтулы аламанның бәрінен де алтын жүлдемен қайтып жүрген саңлақтарымыздың алғашқы қарсыластары да анықталды. Сонымен, 49 келі салмақ дәрежесіндегі үмітіміз Біржан Жақып жарысты екінші кезеңнен бастайды. Оның қарсыласы намибиялық Маттиас Хамуньела мен әзірбайжандық Руфат Хусейнов арасындағы шайқастың жеңімпазы болмақ. Сол жұптың жеңімпазынан Біржан басым түссе, ширек финалда өзбекстандық боксшы Хасанбой Дусматовпен кездесуі ықтимал. Ал 52 келі салмақ дәрежесінде сынға түсетін жамбылдық оғлан, Азия чемпионы Олжас Сәттібаев бірінші кезеңде Пуэрто-Рико елінің боксшысы Хесус Цинтронмен қолғап түйістіреді. Алла қаласа, Олжас алғашқы айналымнан соң, екінші кезеңде әзірбайжандық Элвин Мамишзадемен шаршы рингте күш сынасады. Ал бұл салмақтағы тағы екі мықты боксшы ресейлік Миша Алоян мен кубалық Иосбани Сото Вейтиа екінші себетке түсіп отыр. 56 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғайтын Қайрат Ералиев те жарысты алғашқы кезеңнен бастайды. Бірінші кездесуде әзірбайжандық Джавид Шалабиевпен жұдырықтасатын Қайрат Ералиевтің де себетінде өзбек боксшысы тұр. Қайрат бірінші қарсыласынан өткен жағдайда Муроджон Ахмадалиевке қарсылас атануы ғажап емес. 60 келі салмақта бақ сынайтын Берік Әбдірахманов алғашқы кезеңде америкалық Карлос Зенон Балдереспен шаршы алаңда жолығады. Боксшыларымыздың ішіндегі «сүт кенжесі», он тоғыз жасар оғлан Абылайхан Жүсіповке жеребе оңай түсті дей алмаймыз. 64 келіде топқа түсетін Абылайхан алдымен ағылшын Пэт Маккормактың әуселесін байқап көреді. Одан өтіп жатса, оны екінші кезеңде шаршы алаңда кубалық Ясниер Толедо күтіп тұр. Үкілеп үміт артып отырған ұлттық құраманың капитаны, 69 келі салмақтағы өреніміз Данияр Елеусіновке жеребе ойдағыдай түсті. Жарысты екінші айналымнан бастайтын Даниярға екінші айналымда ағылшын Джош Келли мен египеттік Мохаммед Валид жұбының жеңімпазы қарсылас атанбақ. Ал соңғы әлем чемпионатында атой салған Мохаммед Рабби екінші себетте. 75 келі салмақтағы саңлағымыз Жәнібек Әлімханұлына бірінші айналымда ұлыбританиялық Энтони Фаулер қарсы шығады. 81 келіде жарыс жолына шығатын Әділбек Ниязымбетовте жүлде алатын мүмкіндік мол. Екінші айналымда додаға қосылатын Әділбек тек жартылай финалда ғана өзбек Елшод Расуловпен жолығуы мүмкін. Ал кубалық Ла Круз екінші себетте тұр. Әділбек екеуі тек ақтық сында жолыға алады. 91 келі салмақтағы боксшымыз Василий Левит те додаға екінші айналымнан араласады. Қытайлық Ю Венгкаймен шаршы алаңда кім мықтыны анықтайтын Левит тек жартылай финалда шын мықтымен шайқасуы керек. Ол – кубалық Савон. Ресейік Тищенко мен италиялық Руссо екінші себетте бақ сынамақ. Олимпиада ойындарына екінші айналымнан кірісетін алыбымыз Иван Дычко үшін екінші айналымда «ескі жауы» қарсылас болады деп болжануда. Алматыда өткен әлем чемпионатында Дычконы айқын жеңген әзірбайжандық Магомедрасул Меджидов морокколық Мохаммед Аржауидің аптығын басса, Дычко екеуі кім мықты деген сауалға жауап іздейді. Иванға қарымта қайтаратын мүмкіндік бар. Арулар арасындағы бәсекеде де бұрымдыларымыздың қарсыластары белгілі болды. 51 келі салмақтағы Жайна Шекербекова екінші айналымда морокколық немесе франциялық боксшылардың жеңімпазымен рингте кездеседі. 75 келідегі Дариға Шәкімова бірінші кезеңде канадалық былғары қолғап шеберімен қолғап түйістірмек. Айтулы аламанда ел намысын қорғайтын боксшыларымызға Алла жар болсын дейміз. Бәрінің де арманы асқақ. Сол арманға жетулеріне тілектеспіз.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар