ЖЕР ЖАННАТЫ АТАЛҒАН ӨҢІР
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бес институционалдық реформаны іске асыру мақсатында белгіленген «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспары ел дамуының негізгі тетігі болып отыр. Ұлт жоспарын басшылыққа ала отырып, мемлекеттің экономикалық және саяси қалыптасуы мен дамуы жолында атсалысу – елдегі барша азаматқа артылар үлкен міндет. Ал мемлекеттік қызметшілер мен жергілікті атқарушы билік өкілдері үшін бұл жоспарды орындау – бұлжымас қағида.
Онда қарастырылған экономикалық өсімді қамтамасыз етуге және ауданның экономикалық әлеуетін ұлғайтуға, әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған жұмыстар бүгінде жер жаннаты аталған Жуалы жерінде мықтап қолға алынып отыр. Барлық салада мемлекет тарапынан қабылданған түрлі бағдарламалар негізінде соңғы жаңалықтар енгізіліп, соның негізінде ілгерілеуге қол жеткізілуде.
Ауданның ауыл шаруашылығы саласында бүгінде 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 3 өндірістік кооператив, 9 ауылдық тұтынушылар кооперативі, 2144 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Олардың ішінде несие алып, жұмысын жоспарлы түрде жүргізіп, шаруасын жолға қойғандары да баршылық. Несие шаруашылықтардың көктемгі егіс-дала жұмыстарын жүргізуіне, тұқым, жанар-жағармай алуына да беріліп тұрады. Мәселен, үстіміздегі жылдың басынан бері аудан кәсіпкерлері 523,2 миллион теңге несие алып, жұмыс істеуде.
Ауыл шаруашылығы техникасы жыл өткен сайын жаңартылуда. Оның басым бөлігі лизинг арқылы алынуда. Мәселен, соңғы бес жылда «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке 51 дана МТЗ-82 тракторы, 14 комбайн және 15 трактор тіркемесі алынды. Шаруашылықтардың өз күшімен қолма-қол қаржыға алынғаны 25 дана МТЗ-82 тракторы, 12 комбайн, 15 трактор тіркемесі. Былтырғы жылдың өзінде 73 миллион теңгеге лизингке, 56 миллион теңге шаруалардың өз қаражатына түрлі 34 дана техника алынды. Ал биыл жыл басынан бері шаруалар 81,0 миллион теңгеге 13 жаңа трактор мен 6 дана ауыл шаруашылығы тіркемелерін сатып алған. Міне, осылайша жылда жаңартып отырсақ, бірнеше жылда ауыл шаруашылығы техникаларының қуаты арта түсері сөзсіз.
Шаруалар мал басын арттыру мақсатында мемлекет ұсынған бағдарламаларды тиімді пайдалануға барынша тырысуда. Соның нәтижесінде төрт түлік мал басы жыл өткен сайын артып келеді. Бүгінде ауданда 237 065 бас қой-ешкі, 40,6 мың бас ірі қара, 10,5 мың бас жылқы, 119,2 мың бас құс бар.
Жуалының бір кезде даңқын аспандатқан картоп дақылын өсіру қайта қолға алынды. Соңғы жылдары картоп алқаптары ондаған гектарға артты. Былтыр ол 2100-ден астам гектарға егілсе, биыл – 2150 гектар алқапқа отырғызылды.
Ауданда өз ісін ашқысы келетін іскер азаматтар да аз емес. Көпшілігін қаржы тапшылығы қинайды. Екінші деңгейдегі банктер кепілсіз несие бермейді. Дегенмен, аудан әкімдігі тарапынан олардың бизнес-жоспар жасауына және жер алуына қолдау көрсетілуде. Аудан орталығындағы ірі кәсіпорынның бірі «Арна Астық» ЖШС біраз уақыттан бері жұмыс істемей тұр еді. Оны «Агро азық-түлік нанмен жабдықтау» ЖШС басқаруға алды. Серіктестік үш қоймаға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, былтырдан бері жаңа астықты қабылдауда. Тағы бір қойманы күрделі жөндеуден өткізіп, мақта, мақсары және күнбағыс майларын шығаратын құрал-жабдықтар орнатуда, жем тартатын цехты іске қосты.
Өңірде құрылыс саласы да жыл санап дамып келеді. 2005 жылдан бері ауданда 13 жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілді. 23 балабақша мен 1 шағын орталық ыңғайластырылған ғимараттарда ашылып, бүлдіршіндер балабақшаларға баруда.
Ертай ауылындағы 120 оқушыға арналған орта мектеп ғимараты өткен жылы пайдалануға берілсе, биыл Қошқарата ауылындағы 180 орындық орта мектептің құрылысы аяқталмақ. Жалпы, ауданда білім беру сапасы да жылдан-жылға көтеріліп келеді. Мектеп бітірушілердің ҰБТ қорытындысы бойынша аудан өткен жылы облыста 4-орын алса, биыл Тараз қаласынан кейінгі екінші орыннан көрінді.
Жалпы, ауданда дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға ниет білдіргендер үшін барлық жағдай жасалған. Аудан орталығында бір орталық стадион, заманауи спорт кешені, футбол алаңдары, ауылдық жерлерде спорт секциялары мен алаңдары жұмыс істейді.
Ауданның спорт саласын дамытуға биыл барлығы 19,3 миллион теңге, соның ішінде спорттық іс-шараларды өткізуге 2,8 миллион теңге, ұлттық және бұқаралық спорт түрлерін дамытуға 1,5 миллион теңге, ауданның құрама командасын облыстық жарыстарға қатыстыруға 6,5 миллион теңге қарастырылды. Ал ауданның мәдениет саласында бүгінде бір аудандық орталық, бір ауылдық балалар кітапханасы, 23 ауылдық кітапхана және бір аудандық, 8 ауылдық мәдениет үйі, 12 ауылдық клуб, бір жылжымалы «Зерде» автоклубы, сондай-ақ «Қызғалдақ» ән-би ансамблі, «Жуалы», «Мыңбұлақ» халық театрлары және «Жаңабаевтар» отбасылық ансамблі тұрғындарға мәдени қызмет көрсетуде.
«Ақбұлақ» бағдарламасы аясында Нұрлыкент, Қызыларық, Жылыбұлақ, Дарбаза ауылдарына ауызсу құбыры тартылып, тұрғындар сапалы ауызсуға қолдары жетіп отыр.
Ауданға табиғи газ құбырларын тарту жұмыстары соңғы жеті-сегіз жыл бұрын қайта жанданып, ауданның оннан астам елді мекеніне газ кіргізілді. Әлі тағы да 19 ауылға газ кіргізу межеленіп отыр. Таяу болашақта осы бағытта жұмыстар жалғасатын болады. Соңғы кездері ауданда жеке тұрғын үй салушылар қатары да артып келеді.
Ауыл-аймақты көріктендіру де тұрақты назарымызда. Батырбек датқа ескерткіші мен кесенесінің айналасы, «Жастар» аллеясы, «Жасай бер, Қазақстан» саябағы қоршалып, асфальт төселіп, тал-дарақтар мен сәндік ағаштар егіліп, көркейе түсті. Көшелерге орнатылған түрлі жарық түсіру аспаптары түнгі ауылдың ажарына ажар қосып тұр.
Аудан орталығындағы тротуар, көпірлер ретке келтіріліп, сырланып, гүлдестелермен безендірілді. Көшелерге сән бергіш жарықтар орнатылды. Аудан орталығындағы Бауыржан Момышұлы ескерткішінің жанынан «Жұлдызы биік Жуалы» атты аллея орнатылып, онда жуалылық Еңбек ерлерінің, Халық Қаһармандарының портреттері қойылды. Аллеяның бір бетіне ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарына, екінші жақ бетіне Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш-монумент орнатылды. Сол жолдың бойындағы «Бәйтерек» монументіміз де төңірекке әр беріп тұр. Осылайша бұл аумақ әрі тағылымды, әрі көрікті саябаққа айналды.
Орталық алаңдағы сахна және рәміздер стеласын қайта жаңғыртуды көздеп отырмыз. Орталық аурухана маңайына автотұрақ жасалды. Осындай жұмыстар ауылдық округтерде де жүргізілді. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына сай оннан астам ауылдың орталық көшелері жарықтандырылды, бірнеше ойын алаңы салынып, аллеялар қайта жөндеуден өткізілді.
Тағы бір маңызды бағыт – жол құрылысы мен жол жөндеу. Экономикалық күш-қуаты артқан біздің елімізде «Жол – экономиканың күретамыры» атты қағидатты берік ұстанып, соңғы жылдары бұл салаға қомақты қаржы бөле бастады. Мұның игілігін біздің аудан халқы да көруде.
Автомобиль жолдарын жөндеуге облыстық бюджеттен 30,2 миллион теңге, аудандық бюджеттен 228,9 миллион теңге, бөлініп, ауқымды жұмыстар атқарылуда. 7,4 шақырым ауыларалық 6 жол және 97 шақырым 6 көше жолдары орта жөндеуден өткізу жоспарланған.
Биыл облыстық «Егінжай–2016» шарасы Жуалы ауданында өткізілді. Облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің басын біріктірген осы алқалы жиынға аудан шаруашылықтары мен кәсіпорындары белсене атсалысып, өздерінің өндірістік әлеуетін паш етті. Шараға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жоғары баға берді.
Ауданда барлық салада өз кәсібінің білікті маманы атанып, еліміздің өсіп-өркендеуі, гүлденуі жолында аянбай тер төгіп жүрген азаматтар аз емес. Жуалының аты сондай азаматтармен айбынды әрі асқақ.
Биыл біз ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтудеміз. Ел өміріндегі осынау мерейлі оқиға қарсаңында ежелден ынтымағы мен бірлігі жарасқан Жуалы жұрты жұмыла еңбек етіп, ортақ Отанымыздың өсіп-өркендеуіне лайықты үлес қосатынына сенемін. Елбасы саясатының өзегі де осы.
Бахтияр Көпбосынов,
ауданының әкімі.
Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайы жақсарған
- 29 қазан, 2024
Ең бастысы – еңбек қауіпсіздігі
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді