ПІСІРІЛГЕН, КЕПКЕН ЕТ
СПОРТШЫЛАР МЕН ЖОЛАУШЫЛАРДЫҢ ЖЕҢСІК АСЫ
Бүгінде отандық тауар өндірушілердің қатары көбеюде. Бір қуантатыны жастар да шағын және орта бизнесті дамытуға үлес қосуда. Өңірімізде де жеке кәсібін ашып, табиғи таза өнім өндіріп жүргендердің бірі – жас кәсіпкер Жандос Ахметов. Жандос кептірілген еттен спортшылар мен сапарға шыққан жолаушылар үшін таптырмас азық түрін өндіруде. Бір сөзбен айтқанда, етсіз күн кешпеген қазақтың жол азығын заманауи үлгіде жасап шығарды.
Жеті жыл бойы тұтынушыларға сапалы өнім ұсыну мақсатында аянбай тер төккен Жандос Ахметов алдағы уақытта өндіріс қуатын арттыруды жоспарлап отыр. Туристер үшін нәрлі тағам, әсіресе, спортшылар арасында сұранысқа ие. Бұл тағамның саламатты өмір салтын ұстанатындардың көңілінен шығуының өзіндік сыры бар. Жандос он сегіз жыл бойы спортпен шұғылданған. Спортшыға қандай қуатты тағам керек екенін жақсы біледі.
– Бұл жобаны 2009 жылы екі досыммен ақылдасып жасадық. Қазақстанда жоқ өнімді іздедік. Ақыры бір досым АҚШ-қа барып келді де, осы идеяны ұсынды. Ол Америкада кепкен еттен жасалған және сол елдің сүйікті тағамына айналған «джеркидің» қалай жасалатынын көріпті. Ақыры біз ата-бабаларымыздың азығын заманауи үлгіде жасап шығаруды жөн көрдік. Әуелі таныс дәнекерлеуші мамандарға арнайы шағын пеш жасаттық.
Үйден ет тасып, қақтап пісіріп көрдік. Алғашқы өніміміз өзімізге сапалы, дәмді көрінді. Ақыры америкалықтармен салыстырғанда етті едәуір көп жейтін қазақ халқы үшін осындай қолжетімді әрі қуатты ет өнімін дайындайтын технологияны ойлап таптық. Әрине, бастапқыда бұл іске бел шеше кіріскен жоқпыз. Әрқайсысымыздың басқа да жұмыстарымыз болды. Тек 2011 жылы ғана жобаны жүзеге асыруға мықтап кірісе бастадық. Ісіміз тәуекелден басталды. Кедергілер де көп болды. Талай өніміміз күйіп кетті. Бірақ алған беттен қайтпадық. Сол кезде екі досымның бірі жұмысында көтеріліп, басқа жаққа кетті.
2013 жылы ғана сапалы өнім алуға қол жеткіздік. Ендігі мәселе нарықты қалай жаулаймыз дегенге тірелді. Қақталған еттің дайындалу процесі өте қиын. Нағыз қызыл еттен жасалады. Май, сіңір, сүйек атаулыдан толық тазартылады. Мәселен, 10 килограмм еттен 3 киллограмм сіңір мен майды алып тастағанның өзінде 2 келі ғана дайын өнім алынады. Салмағы жоғалады. Дегенмен, жұмыстың қиындығына қарамай, тұтынушының пікірін білуге тырыстық. Алғашқы өнімдерімізді дүкендерге, мейрамханаларға тегін таратып, дегустация жасадық. Бес мыңнан астам өнімді тегін тараттық. Ол кезде өніміміздің орама қағазы да өте қарапайым еді. Тұтынушылардың кейбірі қарапайым орама қағазына қарап, күмәнданатын. Бірақ, дәмін көргеннен кейін ұнатып жатты. Сапасына көзі жетті. Жұрт пікірін білгеннен кейін ісімізді бастауға ниеттендік. Бірақ жұмысты бастау үшін инвестиция қажет болды, – деп алғашқы қадамын еске алады Жандос Қуанышұлы.
Жас кәсіпкерлер қаражат көзін іздеп «Даму» қорының байқауларына қатыса бастайды. Алайда бұлардың жобасы байқаудан бірде өтпей қалса, кейде мүлдем қатыстырылмай қойыпты.
– 2015 жылы мен өнімнің сыртқы дизайнерлік қорабын жасату үшін Ресейге тапсырыс бердім. Олардың минималды тиражы елу мың орама қағазы екен. Тауардың құжаттарын рәсімдеп жүріп біраз уақыт жоғалтып алыппыз. Ақыры елу мың дана орама қағазға тапсырыс бердік. Дегенмен, олар өнімнің жарамдылық мерзімін дұрыс жазбай, ақшамыз желге ұшты. Қазір сол орамалар әлі жатыр. Ешкімге керек емес. Кейін Ресей емес, Қытай еліне тапсырыс бердік. Қате жібермеу үшін үнемі бақылап отырдық. Осылай өніміміз алғаш рет заманауи қорапқа оралып шыға бастады. Көпшілік әлі де «ETKY» дәмін білмейді. Кейбіреулер «Бұл етке арналған соус, ұнтақ па?» деп сұрап жатады. 2015 жылдың аяғында тәуекел жасап, нарыққа өнімімізді шығара бастадық. Биыл жыл басынан бері тауарды жарнамалап, сапасын және өндіріс көлемін арттыруға арнайы қаржы құйдық. Соның арқасында қазір Алматыдан, Шымкенттен, Ақтөбеден, Семей мен Өскеменнен сұраныс түсуде, – дейді бүгінде он шақты адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған жас кәсіпкер.
Ол алдағы уақытта өндіріс қуатын арттырып, жұмысшылар қатарын көбейтпекші. Сол үшін Санкт-Петербургтен арнайы пеш алдырыпты. Күн өткен сайын сұраныс көбеюде. Қазір күніне 400 дана өнім шығады екен. Әрине, бұл аз. Таяуда тәулік бойы жұмыс істеуге көшіп, күніне 2-3 мың өнім өндіруді жоспарлап отырған көрінеді.
– Ата-бабаларымыз ат үстінде күн кешкені белгілі. Жолға шыққанда кептірілген етті ер-тоқымның астына ыңғайлап салып алатын болған. Қажетсінгенде тұлпардың дене қызуымен кепкен етті жылытып жейтін болған. Яғни, біз өндірген «ETKY» қазақтың тамақ рационында бұрыннан болған. Біз тек оны қазіргі заманға қарай ыңғайладық. Ет те, тұз да өзіміздікі. Химиялық қоспалары жоқ. Жалпы «ETKY» сөзінің түбірі – ет. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шағын және орта бизнесті дамытуға баса көңіл бөліп отырғаны осы істі бастауыма түрткі болды. Мемлекет басшысы айтқандай, отандық өнімді қолдау керек, бәсекеге қабілетті болу үшін сапалы әрі баламасы жоқ жаңа өнім өндіру қажет, – дейді кәсіпкер.
Бүгінде «DOSTAR SAMGAU» ЖШС-ның өнімі қаланың 600-ге жуық дүкендерінде бар. Бір орамасы 200 теңге көлемінде. Достардың самғаған қиялынан туған тараздық өнім достықты ту еткен халқымыздың үлкен сұранысына ие болады деп сенеміз.
Наурызбек САРША, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Түркия – медициналық туризмде бесінші орында
- 24 қазан, 2024
Миға дәрі тасушы ретінде паразиттер қолданылмақ
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді