Өркендей бер, елім!

Өркендей бер, елім!
ашық дереккөз
Өркендей бер, елім!
Отаны бар адам бақытты. Тәуелсіз еліңнің арайлап атқан әрбір таңын көру – үлкен қуаныш. Мінеки, бүгінгі жас ұрпақпен бірге аға буын біздер де тәуелсіздіктің тымық ауасымен тыныстап отырмыз. Жүздеген жылдар әр қазаққа арман болған асыл құндылық, мінеки, біздің өмір сүрген кезеңімізде мемлекетімізге бұйырды. Сол тәуелсіздігімізге биыл ширек ғасыр толғалы отыр. Бұл дегеніміз – баршамыз үшін үлкен мерей, айрықша көңіл толқытатын сәт. Өз басым халқымыздың басына бақыт құсы секілді қонған тәуелсіздігімізді қадірлеп, қастерлеймін, өте жоғары бағалаймын. Өнер адамы ретінде халқымыздың өткенімен, тарихымен таныспын. Көптеген тарихи тұлғалардың рөлін сахнада сомдау бақыты маңдайыма жазылыпты. Олардың барлығының үлкен арманы тәуелсіздік болды. Елбасы айтқандай, «Қазақтың тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ». Міне, осы сөзді есту біздер үшін үлкен, теңдесі жоқ абырой екені ақиқат. Тарихта есімдері қалған, ұлтқа ұйытқы болған тұлғалар армандап кеткен тәуелсіздікке бүгінгі жас буын куә. Азаттықтың ақ таңында айдарларынан жел есіп жүр. Осынау азаттықты алаштың қаншама адуынды ақыны талмай, тоқтамай жырлады, қаншама қаламгері көркем тілімен кестелеп, өрнектеп жазды. Олардың барлығының жүрегі қуанышқа, шаттық атаулыға үнемі толы болатын. Қанша ақын жазып, жырласа да тәуелсіздігіміздің аясына сыяды. Қазақ осы күнге мың өліп, мың тіріліп жетті. Сан мәрте «тар жол, тайғақ кешулерден» өтті. Қыңбады, қайта рухтанды. Енді сол қиын, азапты шақтардың өтеуіндей тәуелсіздігіміз нығайды. Кешегі ашаршылық жылдардың орны толмас қасіретін, Ұлы Отан соғысының зардабын бастан кешкен буынның ұрпағы болғандықтан, қиындыққа толы жылдардың салмағын сезініп өстім. Сол дәуірлердің қасіретін танытатын бірнеше рөлдерді театр сахнасында ойнап, сол кездегі тағдырлар тауқыметін ұқтым. Жалпы, кез-келген адам баласы өзінің еселі еңбегінің өтелгенін тілейді, қалайды емес пе? 1996 жылы маған Қазақстан Республикасының Халық әртісі атағы берілді. Біле білсек, бұл да атыңнан айналайын тәуелсіздік жемісі. Сол үшін де егемендікке айтар алғысым мен шүкіршілігім шексіз. Тәуелсіздік алған 25 жылдың бедерінде еліміз әлемге өзінің тұрақты дамуымен танылды. «Алдымен экономика, одан кейін саясат» деп, өз позициясын айқын білдірген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұдайы халықтың әл-ауқатының артуын басты назарда ұстады. Соның арқасында еліміздегі әрбір отбасының әлеуметтік әлуеті артты. Әлі де артып келе жатыр. Бұл анық. Ол аз десеңіз, тәуелсіздік жылдарында Қазақстан тыныштықтың, татулықтың нағыз ордасына айналды. Иә, ядролық қарудан алғаш болып бас тартқан тәуелсіз қазақ елі жаппай қырып-жою атаулы зұлматқа қарсы екендігін айқын сездірді. Байқатты. Сол үшін де бізге төрткіл дүниенің мүйізі қарағайдай елдері тамсана, сүйсіне қарайды. Еліміздегі мызғымас тыныштыққа, бауырмалдыққа, достыққа әрқашан қызығады. Оны жоғары бағалайтыны да жасырын емес. Жалпы алғанда, әлемдегі беделді ұйымдардың барлығы да еліміздің ұстанып отырған саясатын қолдайтыны хақ. Дамудың даңғыл жолына бет түзеген тәуелсіз Қазақстанның Президенті Н. Назарбаев әрдайым өзінің Жолдауында елдің мүддесін ойлайды. Біз бұрынғы бодаулық құрсауындағы Қазақстан мен бүгінгі Қазақстанды салыстыра аламыз ба? Әрине, жоқ! Тәуелсіздік жылдарында қаншама жаңа мектептер бой көтеріп, қаншама медициналық мекемелердің іргесі қаланды? Мұның бәрі не үшін жасалып жатыр? Әлбетте, жас өскін ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін атқарылып жатқан тіршілік екені белгілі. Ал еліміз бойынша жаңадан салынған ауруханалар халық денсаулығының сақшысына айналады деген сенім мол. Бұдан бөлек, өнерге, өнер адамдарына көрсетіліп жатқан қамқорлық та көз алдымызда. Мәселен, Астана қаласынан салынған жаңа Опера және балет театры, көптеген мәдени нысандар сөзіміздің айғағы бола алады. Руханияты дамыған елдің ғана санасы тың болатыны ақиқат. Демек, ұлт руханиятының кемелдене түсуіне де Қазақстанда үлкен мүмкіншіліктер жасалып жатыр деп айтуымызға толық негіз бар екені сөзсіз. Қазақ жері түгін тартсаң майы шығады. Осындай құнарлы топырақтан, Ұлы Дала елінен елдің еңсесін көтеріп, беделін биіктетіп, туымызды көкте желбірететін спортшылардың көптеп шығуы да заңдылық. Ұлы дала алыптарының ізін жалғаған саңлақтарымыз Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарынан, Азия ойындары мен Азия біріншіліктерінен алтын медаль еншілеп, байрағымызды биікке көтерген сәтте көңіліміз толқып, мерейіміз тасып, жанарымызға жас үйіріледі. Қазақ дейтін қайсар халықтың мықтылығына, төзімділігіне таңырқай қарап, тамсанары шындық. Жалпы, қай саланы алып қарасақ та, тәуелсіз Қазақстан, егемен еліміз қарыштап дамып келеді. Ғарыш айлағын бағындырған батырларымыздың да ерлік істері жастар үшін үлкен өнеге екені талас тудырмайды. Бар саладағы өркендеуді көрген сайын біз еліміздің мемлекет ретіндегі мықтылығына тәнті бола түсеміз. Осының барлығы да тәуелсіздіктің арқасы екенін терең пайымдап, азаттығымыздан айырмасын деп жалбарынамыз. Мәселен, туған жеріміз Тараз шаһарын ғана алып қарайықшы. Тәуелсіздік алған уақыттан бері қалай құлпырды. Жасыл желекке оранды. Жылдан-жылға ажарланып, сәнденіп, сұлуланып барады. Қаншама мәдени демалыс орындары, қаншама әлеуметтік жаңа нысандар, халыққа қажетті ғимараттар бой көтерді. Бұның бәрі де елімізде, оның ішінде облысымызда қыруар тірліктің атқарылып жатқанын айғақтамай ма?! Кеңестік кезеңдегі Тараз бен бүгінгі тотыдай таранған әйбат қала, ғажап шаһар Таразды салыстыра аламыз ба? Әлбетте, жоқ. Бұл да егемендіктің сыйы. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы тасы да, топырағы да тарихқа тұнған Тараз төрінде тойланғаны баршамыз үшін зор қуаныш болды ғой. Жалпы мен өнер адамы ретінде сол тарихи тойға тікелей араластым, ат салыстым. Сондай тойлайтын, мерейлі күнге жеткенімізге қуанып жүрдім. Тарихқа құрмет көрсетілген ірі тойдың Таразда өткенін әрдайым мақтан тұтамын. Осы той арқылы Қазақстан әлемге ұлтымыздың, халқымыздың мемлекет, хандық ретіндегі тарихын таныта білді. Бұл да алып сахараны мекен еткен барша қазақстандықтар мақтан тұтатын ұлы шара. Тарихын ардақтаған ел ғана азбайды. Өткеніңді білу арқылы келешегіңді бағдарлайсың. Елбасы сол үшін де осы тойды дүркіретіп өткізуге бар күшті жұмылдырды деп есептеймін. Облыс басшылығы да сол бір ірі оқиғаның жоғары деңгейде тойлануына баса назар аударғаны, еліміздің әр қиырынан келген облыс өкілдерінің тойға тамшыдай болса да үлес қосып, қолтаңбаларын қалдырғаны қазақтай дарқан халықтың жұмылған жұдырықтай бола алатынын тағы бір дәлелдеді. Кез-келген қазақстандық секілді, мен де тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі бағындырған биігіне ерекше қуанамын. Елімнің өркендеген тынысын өз облысымнан да көріп, сезініп отырмын. Сол үшін шаттанамын. Бүгінгі ұрпақ – өте бақытты ұрпақ. Сол бақытты ұрпаққа бар жақсылықты, сарқылмас қуанышты тілеймін. Әрбір жас осы бейбіт күннің, тыныш, тұрақты күндердің қадірін білсе деген игі тілегім бар. Олардың барлығы білімге, ғылымға, өнерге ұмтылса, әрине, үлкен жетістік болар еді. Тәуелсіздік жай ғана жеңіл айтыла салатын сөз емес. Тәуелсіздік – байлығымыз, айбынымыз, барымыз, көзіміздің ағы мен қарасы. Сондай бағалы байлықтың қолымызда екенін сезінгеннің өзі қандай қуаныш десеңізші! Осындай күнге жеткен бүгінгі ұрпақтың мойнындағы жауапкершілік те аз емес. Ол жауапкершілік – осы тәуелсіздіктің баянды болуы үшін күресу. Мағжан сенген жастарға мен де сенемін! Өркендей бер, менің тәуелсіз елім!

Мәкен Рахымжанова,  Қазақстанның Халық әртісі.

Ұқсас жаңалықтар