ИПОТЕКАЛЫҚ ҚАРЫЗДЫ ТӨЛЕУГЕ КӨМЕК
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен Үкімет тарапынан ҚР Ұлттық банкіне ипотекалық несие алушылардың мәселелерін шешуге ұсыныс жасалған болатын. Осыған орай «Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын/ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру» бағдарламасы бекітілген еді. Оны жүзеге асыру мақсатында Ұлттық банктен 130 миллиард теңге бөлінген. Ондағы мақсат – алушылардың барынша көп бөлігі үшін ипотекалық қарыздарды төлеу талаптарын жеңілдету, проблемалық несиелер деңгейін төмендету.
Бағдарлама ең алдымен халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына жататын ипотекалық қарыз алушыларға, шетел валютасымен ипотекалық тұрғын үй алғандарға және 01.01.2015 жылғы жағдай бойынша мерзімі 90 күннен асқан берешегі бар азаматтарға қолдау көрсетуге бағытталып отыр.
Ұлттық банктің ресми мәліметінше, осы жылдың 15 шілдесіне банктерге облысымыз бойынша 1767 ұсынылған өтінімнің 1417-сі мақұлданып, оның 1206 өтінімі 3,5 миллиард теңгеге қайта қаржыландырылған. Қайта қаржыландырылған қарызгерлер көрсеткіші бойынша облысымыз Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарынан кейінгі төртінші орында тұр.
Аталған бағдарламаға қатысуға ниет білдіріп, алайда, тиісті банк немесе ұйым ол өтінімнен негізсіз бас тартса, азаматтар өз құқықтарын қорғау мақсатында облыс әкімдігі жанынан құрылған арнайы комиссияға жүгіне алады. Ал бағдарламаға қатысты сұрақтарға Тараз қаласында орналасқан Ұлттық банк бөлімшесінен немесе 45-85-82 телефон нөмірі арқылы сұрап білуге болады.
Мемлекетте жүзеге асырылып жатқан үлкен науқанның бірі – мүлікті жария ету. Аталған науқан барысында ақшаны жария ету бойынша да біршама жұмыстар атқарылуда. ҚР Ұлттық банкінің деректері бойынша биылғы жылдың 25 шілдесіне облыстағы екінші деңгейлі банктерде және «Қазпошта» АҚ арқылы 33 шот ашылып, оларға жалпы сомасы 4,9 миллиард теңге қаражат салынған. Жыл басымен салыстырғанда мүлікті жария ету науқаны барысында ашылған банктік шоттардағы ақша 1000 есеге артқан. Жалпы соманың 99,9 пайызы осы жылдың 7 айы ішінде салынған.
Бұл деректер өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ұйымдастырылған арнайы брифинг барысында келтірілді. Брифингке ҚР Ұлттық банкі Жамбыл филиалы директорының орынбасары Нұрлан Берікбосынов, қаржы ұйымдарын бақылау және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Ерлан Әзімханов және экономикалық талдау және статистика бөлімінің басшысы Дәурен Төлепбергенов қатысқан болатын.
Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Барлық қолдау – халықтың игілігі үшін
- 24 қазан, 2024
Түркия – медициналық туризмде бесінші орында
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді