Айбек Бектұрғанов: Рио жазғы Олимпиадасына арналған салтанатты киімдерді тігу - үлкен мәртебе

Айбек Бектұрғанов: Рио жазғы Олимпиадасына арналған салтанатты киімдерді тігу - үлкен мәртебе
ашық дереккөз
Айбек Бектұрғанов: Рио жазғы Олимпиадасына арналған салтанатты киімдерді тігу - үлкен мәртебе
Спортшылардың салтанатты шеруге арналған киімдерін тігу - өте жауапты әрі мәртебелі іс. Бұл жағдайда орындаушы өз елінің бейнесін жасайды деуге болады. Өйткені, олимпиадалық құрама командалардың салтанатты шеруін бүкіл әлем халқы тамашалайды емес пе. Биыл, Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласына баратын Қазақстанның Олимпиадалық құрама командасының салтанаттық киімін «Қазлегпром-Алматы» ЖШС отандық кәсіпорны әзірледі.  Осыған байланысты, «ҚазАқпарат» тілшісі аталмыш компанияның директоры Айбек Бектұрғановтан сұхбат алған еді. Әңгіме алдында айта кеткен жөн, спортшылардың киімінің түкпілікті нұсқасы 2016 жылы 16 наурызда ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің кезектен тыс съезінде бекітілген. «Бізді Олимпиадаға қатысатын спортшыларымыздың салтанатты шеруге киетін киімін тігу шарасына қатысуға шақырды. Бірнеше жабдықтаушы болды. Біз комиссия назарына өз өнімімізді ұсындық. Сөйтіп, нәтижесінде таңдау бізге түсті. Бұл біз үшін алғашқы тәжірибе болды», - деді компания басшысы. Оның айтуынша, киімнің түпкілікті нұсқасын бекіту рәсімі ұзаққа созылған. «Біз комиссия алдына бірнеше рет бардық. Алғашында біз киімдердің нобайын сыздық, соған қарап пішіп, тігіп, комиссия назарына ұсындық. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі құрған бұл комиссияның құрамында Олимпиада чемпиондары мен  тәуелсіз дизайнерлер болды. Әрқайсысы өз ұсыныстары мен тілектерін ортаға салды. Біз айтылған ұсыныстардың барлығын ескердік. Киімдердің нобайларын біздің жас та дарынды дизайнерлеріміз әзірледі. Тіпті, комиссия мүшелері біздің кәсіпорынға келіп, оның өнімдерді шығару қуаттылығын көрді. Біз киімдердің сынамалы үлгісін тігіп, оған ұсыныстарға сәйкес,  бірқатар өзгерістер енгіздік. Сөйтіп, біздің киім барлығына ұнады. Салтанатты форманың көптеген жинақталымы Бразилияға жеткізіліп те қойылды. Енді, 5 тамызда біздің спортшылардың салтанатты шерудегі киімін теледидардан тамашалайтын боламыз», - деді Айбек Бектұрғанұлы. Әңгіме барысында ол шикізаттардың сапасына ерекше тоқталды. «Біз тек жақсы шикізатпен жұмыс жасаймыз. Өйткені, бұл ел беделі сынға түсетін жауапты жоба ғой. Сондықтан, оған мұқият дайындалдық. Шикізаттың барлық нарықтарына барлау жасадық. Ақыр соңында киімге италиялық ең жоғары сапалы маталарды қолдандық. Ол өте жағымды әрі ыңғайлы. Даярүлгіні италиялық модельдер негізінде өзіміз әзірледік», - деді ол. «Мен тағы да қайталап айтамын, бұл біз үшін ел беделі сынға түскен жауапты жоба. Біз ұлттық құрама командамыздың шеруде әдемі болып көрінгенін қаладық. Сол үшін әрбір спортшыға арнап, оның бойына лайықты етіп, жеке-жеке киім тігілді. Бұл жерде біраз қиындықтарға душар болдық. Өйткені, спортшылардың жаттығудан қолдары босамайды, кейбірі тіпті шет елдерде жүрді. Сол үшін біздің мамандар киімдерді шақтау үшін кейде спортшыларға өздері барып жүрді. Барлығының көңілдерінен шығуға тырыстық. Бүгінгі таңда ренжіген ешкім жоқ, киімдер барлығына ұнады. Олар осы киімде Елбасымен кездесті. Мемлекет басшысына да спортшылардың киімі ұнады. Біз барлығы олимпиадалық шерулік киімнің 234 жинақтамасын тігіп, дайындап қойдық», - деді Айбек Бектұрғанов. Ол мұндай тапсырыстарды орындау үлкен мәртебе екендігін де жеткізді. «Бұл біз үшін үлкен абырой әрі мәртебе. Біздің компания қанша айтқанмен үлкен емес қой. Ол енді белгілі болып келеді. Әсіресе, Нұрсұлтан Назарбаев бізге келгеннен кейін, танымал бола бастадық. Елбасына біздің костюмдер ұнады. Енді біз осы сенім үдесінен шығуға күш салып жатырмыз. Біздің компанияда істейтін мамандардың 80 пайызы - жастар. Олардың барлығының жоғары білімі бар, жаңа әдістерді тез меңгереді, күн сайын тәжірибелерін молайтып жатыр. Енді, құдай қаласа, жақын болашақта басқа әлемдік компаниялармен иық тірестіре аламыз деп ойлаймын. Біз заман талаптарынан қалыс қалғымыз келмейді. Мына жобаны ойдағыдай жүзеге асырдық. Кез келген кәсіпкер шығын әкелетін іске бармайды. Біз де жасыратыны жоқ, осы жоба арқылы белгілі бір мөлшерде табыс таптық. Есесіне, лайықты өнім шығардық», - деді ол. «Қазлегпром-Алматы» ЖШС директоры сонымен қатар, кәсіпорынның алдағы жоспарлары мен осы фабрикада тігілетін костюмдердің бағасына тоқталды. «Барлығы шикізатқа байланысты. Егер, тапсырыс беруші материалдың қымбат болғанын қалайтын болса, мысалы италиялық матадан тігілгенін қаласа, ондай костюмның бағасы - 100-150 мың теңге көлемінде болады. Ал, түркиялық матадан тігілген костюм -  50-70 мың теңгеге бағаланады. Біздің өнімдер әзірге бір дүкенде ғана сатылады. Енді Астана қаласында және облыс орталықтарында да дүкендер ашуды жоспарлап отырмыз. Мен негізі жұмыс орнын ашатын кез келген отандық өндірушіні құрмет тұтамын. Жеңіл өнеркәсіп - бұл әлеуметтік маңызы өте жоғары сала. Өйткені, бұл салада да қарапайым қазақстандықтар жұмыс істеді. Олардың әрқайсысының отбасы бар. Сондықтан, қазақстандықтарды жұмыспен қамтитын кәсіпорындарды қашанда қолдау қажет. Біз біртіндеп, өзіміз де жаңадан тауар жасайтын дәрежеге көтеріліп жатырмыз. Біздің кәсіпорын әлі толығымен өтелімділік деңгейіне шыққан жоқ. Бастапқыда қомақты қаржы жұмсалды. Бірақ, қол қусырып отырған біз жоқ. Қолымыздан келгенінше қаражат тауып жатырмыз. Бұл жерде көп нәрсе басшылықтың біліктілігіне де байланысты шығар деп ойлаймын», - деді А. Бектұрғанов. Әңгіме соңында Айбек Бектұрғанов спортшыларымызға Олимпиада ойындарында сәттілік тіледі. Анықтама: «Қазлегпром-Алматы» ЖШС 2013 жылы іске қосылған. Қазір кәсіпорында бір мезетте 12 цех жұмыс істейді. Қызметкерлердің саны 450 адамнан асады. Компанияда көйлек, шалбар, аяқ киім, куртка, костюм, арнаулы киімдер және басқа да киімдердің көптеген түрлері тігіледі. Компанияда екі бағыт: тігін және аяқ киім өндірісі біріктірілген. Бұл Қазақстан үшін сирек кездесетін жағдай. Ал, шикізаттар Түркиядан, Ресейден, Қытайдан, Италиядан, Португалиядан және Испаниядан жеткізіледі. Ақпарат көзі : ҚазАқпарат

Ұқсас жаңалықтар