Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов атындағы оқу-жаттығу полигоны аумағынан 50 адамға арналған әкімшілік ғимарат пайдалануға берілді. Нысанның ашылу салтанатына жиналғандар қызметтік борышына адалдық танытып, қандықол қарақшыны тұтқындау барысында ерлікпен қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасовты көпшілік бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Облыстық ішкі істер департаменті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Қасым Досанов, Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы елшілігінің бас консулы Марк Муди, Ғазиз Байтасовтың жұбайы Гүлжан Тәжиева құттықтау сөз сөйлеп, нысанның лентасы қиылды.
Аталған ғимараттың іргетасы былтыр қаланған. Құрылыс жұмысын жүргізу үшін АҚШ-тан келген серіктестікпен облыстық ішкі істер департаменті, «Профил ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Technologymanagamentcompany. ing» компаниясы арасында үш жақты келісімшарт жасалған болатын. Марк Муди бұл АҚШ атынан қазақстандықтарға жасалған тарту екенін айтады.
– Екі ел арасындағы қарым-қатынас осыдан 25 жыл бұрын орныққан еді. Содан бері Қазақстан мен АҚШ есірткі бизнесіне қарсы күресті бірлесе жүргізуде. Осы елде біздің елдің есірткімен күрес жүргізу агенттігі бар. Олар Ішкі істер министрлігі және ішкі істер департаменті қызметкерлерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Негізінен, біз әлемнің барлық елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатқанымызбен, тек қазақстандықтарға ғана ғимарат салып бердік. Қажеттілік туындап жатса, АҚШ-тан келген білікті мамандар заңсыз есірткі айналымымен күрес жөнінде арнайы дәріс өткізіп тұратын болады. Себебі, біздің мақсатымыз – есірткі бизнесінің жолын кесу. Жалпы, ғимарат құрылысына 2 миллион доллар қаражат жұмсалды, – деді ол. Казармалық типтегі екі қабатты ғимарат заманауи жабдықтармен жарақталған. Бірінші қабатта қызметтік бөлмелер мен кезекші бөлім, қару сақтайтын, кір жуу, медициналық және дәретхана мен жуынатын бөлме орналасқан. Конференция залы мен 50 адамға арналған асхана да осы қабатта. Ал екінші қабатында 2 адамдық 25 жатын бөлмесі бар. Су құбырларын тарту жұмыстарына облыстық ішкі істер департаментінің есебінен 7 миллион 951 мың теңге жұмсалыпты. Ғимарат дербес электроконвертордың көмегімен жылытылады екен. – Оқу-жаттығу кешені АҚШ-тың есірткі саудасымен күрес бағдарламасы аясында салынды. Негізінен, қызметкерлердің қыс мезгілінде жатып оқуына арналған, – деді Қасым Досанов АҚШ елшілігінің делегация мүшелері Марк Муди мен АҚШ-тың есірткімен күрес бойынша бағдарламалар менеджері, үшінші ранг капитаны Брюс Хансенді, АҚШ орталық қолбасшылығының есірткімен күрес бойынша бағдарлама аясындағы Қазақстанмен өзара әрекеттестік офицері Дженель Кенебекті облыстық ішкі істер департаментінің «Ар. Намыс. Абырой» төсбелгісімен марапаттау рәсімінде.
Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Жазасын өтеушілер дін саласының өкілдерімен кездесті
- 16 қазан, 2024
Тауар таңбасы заңмен қорғалады
- 8 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді