Афины Олимпиадасының жеңімпазы, Вэл Баркер кубогінің иегері Бақтияр Артаев
Бақтияр Артаев десе, күллі қазақ елінің, әсіресе бокс жанкүйерлерінің көз алдына осыдан он екі жыл бұрын Грекия астанасы Афины қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарында жасындай жарқырап, атой салған данқты боксшы, сол байрақты бәсекеде шаршы алаңда қарсылас шақ келтірмей, ел мерейін асқақтатып, жалғыз алтынды қоржынға салған қаһарман спортшы елестейтіні мәлім. Бақтияр Олимпиададағы ең шебер боксшыға берiлетiн Вэл Баркер атындағы кубогін иеленген тұңғыш қазақ боксшысы ретінде де есте қалатыны сөзсіз.
Бала Бақтияр
Ғарифолла Артаев пен Тұмаркүл Жексембиеваның қарапайым отбасында дүниеге келген Бақтияр – үш ұлдың ортаншысы. Ғарифолла өзі жастайын спортқа жаны жақын болған. Тіпті, ел намысын қорғайтын спортшы болуды армандаған. Алайда, ол жолда бағын сынауға мүмкіндігі болмайды. Содан, өзінің үлкен ұлы Бақыт пен ортаншы ұлы Бақтиярды боксқа беріп, үлкен сенімін, әкелік үмітін артады. Бұл туралы боксшының жаттықтырушысы Нұрлан Ақүрпеков өткен жылдарға көз тастап, болашақ чемпионмен таныстығы қалай басталғанын былай есіне алады: – Шәкіртім Афины Олимпиадасында топ жарып, ел үмітін ақтаған күн кеше ғана сияқты еді. Табаны күректей 12 жылдың өтіп кеткенін байқамай қалыппыз. Бақтияр маған 10 жасында келген. 11 жылдан соң Олимпиада чемпионы атанды. Енді, міне, одан бері де 12 жыл өтіп үлгеріпті. Өзім әскерден оралған соң, мектепке дене шынықтыру пәнінен оқытушы болып орналастым. Кәсіби спортшы ретінде үлкен табысқа жетпеген соң, бар білгенімді, ойға түйгенімді оқушыларыма үйретсем деген мақсат пайда болды. Ол кезде жаңадан отбасын құрғанмын. Ер-азамат болған соң, мойнымда үлкен міндеттер тұр. Соған қарамастан, ешкім ақша төлемесе де, қосымша топ ашып, балаларды жаттықтыра бастадым. Әдеттегі жаттығулардың бірі өтіп жатқан. Балаларға әдіс үйретемін деп, үсті-басым малмандай тер болды. Кенет есік жақта бізді бақылап тұрған ер адамды көзім шалды. Жаттығу аяқталған соң, жақын барып таныстым. Ол – Бақтиярдың әкесі, марқұм Ғарифолла ағамыз еді. Екі ұлын бокс үйірмесіне беру үшін ауылдан қалаға көшіп келіпті. Тараздағы барлық спорт мектептерін аралап қайтқан беті екен. Ешбір бапкер көңілінен шықпай, менің жаттығуыма ғана аялдағанын айтты. Хош, содан Ғарифолла аға маған ұлдары Бақыт пен Бақтиярды табыстап, екеуміздің арамызда аға мен іні арасындағы сыйластық басталды. Бақыт та, Бақтияр да еңбекқор әрі талантты болды. Еңбек пен талант бір-бірін толықтырса, жаман спортшы шықпайды ғой. Алайда, уақыт өте келе, жарақатына байланысты Бақыт бокспен қоштасты. Ал Бақтияр екеуміз Олимпиадаға барамыз деген оймен дайындала бердік, – дейді Нұрлан Ақүрпеков. Шаршы алаңда 245 кездесуге шығып, оның 207-сінде жеңіске жеткен Олимпиада чемпионы да өзінің ең алғашқы кездесуін есінен мүлде шығарған емес. Қолына киген былғары қолғабы басынан үлкен бала Бақтияр тұңғыш рет он жасында спорт мектебінде өткен жарыста 28 келі салмақ дәрежесінде бақ сынапты. Ол кезде оның бокс секциясына қатыса бастағанына небәрі бір ай ғана уақыт болса да, бала боксшы сол жарыста қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, ақтық сында өзінің досымен жұдырықтасып, бірінші орын алады. «Сол алғашқы жарыс мен үшін өте қызық болды. Сол жекпе-жектер әлі көз алдымда. Бірақ қарсыластарымның аты-жөндері есімде қалмапты. Ол кезде аты-жөнін жаттайтындай мүмкіндік болған жоқ еді», – дейді боксшының өзі бұл туралы.
Жолдама жолындағы жанталас
Сөз жоқ, ел чемпионатында талай топ жарған Бақтиярдың ең үлкен жетістігі – Олимпиада чемпионы атануы. Алайда, сол эллиндер еліндегі байрақты бәсекеде Бақтиярдан ешкім алтын күткен жоқ еді. Қайта Афины Олимпиадасында Галиб Жафаров пен Геннадий Головкин алтын алады деп бәс тіккендердің қарасы басым болған. Алайда, жалғыз алтынды Бақтияр алып келді. Осы ретте айта кету керек, бүгінде әлем мойындаған Геннадий Головкинмен кезінде бір салмақта өнер көрсетіп, кейіннен ұлттық құрамада екі түрлі салмақта бақ сынаған, араларына достықтың алтын туын тіккен қос спортшының бала кезден бергі достықтары әлі күнге үзілген емес. Сонымен, Бақтиярдың Олимпиада жолдамасын иеленуі өте қиынға түскенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Осы туралы аз-кем тоқталып өтсек. Олимпиадаға жолдама алудың өзі түрлі оқиғаларға толы болды. Алдымен Бақтияр Филиппин астанасы Манилада өткен Азия чемпионатына қатысып, екінші айналымда Оңтүстік Корея боксшысына жол береді. Осылайша алғашқы іріктеу сынында жолдамасыз қалады. Бірінші лизенциялық жарыста жақсы нәтиже көрсетпеген соң, екінші додаға 69 келідегі үздік боксшылардың бірі Азамат Мақажанов аттанады. Алайда жолдама оған да бұйырмады. Бұдан кейінгі Пәкістанда өтетін соңғы іріктеу сынына бару үшін Мақажанов пен Артаев арасындағы спаррингтік жекпе-жекте Бақтияр жеңіске жетіп, Афины Олимпиадасына жолдама тарататын ең соңғы жарысқа қатысу құқын иеленеді. Ол кезде АІВА президенті Пәкістан азаматы Анвар Чаудри болатын. Оның үстіне, ең соңғы лицензиялық сын басқа емес, тап сол Пәкістанда өтті. Өз жерінде өткен додада ешбір боксшы жанкүйерін жерге қаратқысы келмейтіні тағы бар. Осы факторлар Бақтияр мен жаттықтырушы Нұрланға оңай әсер етпейді. Десе де, барын салатын шақ туғанын сезінген олар еш аянбайды. Бақтияр бірінші айналымда Кувейт боксшысын жеңіп, екінші кезеңде шаршы алаң иесі Пәкістан спортшысымен кездесті. Төрт раундта Бақтияр қарсыласына айла қалдырмай, төпелеумен болады. Бірақ, ұпай басымдылығы шаршы алаң иесіне жазылуда. Осы сәтте Бақтияр ұрып құлатпаса болмайтынын сезіп, көп күттірмей, қарсыласын бірнеше рет нокдаунға жібереді. Бірнеше рет медициналық көмек көрсетілсе де, төрешілер айқасты тоқтатуға асықпайды. Алаң иесінің дымы құрып, күші қалмағанын көрген сол кездегі АІВА президенті Анвар Чаудри: «Тоқтатыңдар. Жеңісті қазаққа беріңдер!» – деді. Міне, сонда ғана төрешілер Бақтиярдың қолын көтеріп, залдағы бар жанкүйер тік тұрып қол соқты. Келесі айналымда таиландтық боксшымен болған тартысты кездесуде ұпай айырмашылығымен ұтқан Бақтияр көптен күткен Олимпиада жолдамасын иеленеді. Финалда ирандық былғары қолғап шеберінің шаруасын бірінші раундта шешіп, лицензиялық турнирдің жеңімпазы болып оралды. Ал Олимпиада чемпионы атағына қол жеткізу үшін одан әрі еңбектене түседі.
Дара Бақтияр
Олимпиада ойындары Бақтияр үшін сәтті басталды деуге болады. Алғашқы қарсыласы камерундық Вили Бертрана Танке салмағы асып кеткеніне байланысты шаршы алаңға шыға алмай қалса, одан кейінгі айналымда түрікменстандық Алиаскер Башировты 33:23 есебімен, ширек финалда украиндық Виктор Поляковты айқын басымдықпен жеңді (33:13). Халықаралық жарыстарда әлі көзге түсіп үлгермеген, айтарлықтай үлкен жеңістері жоқ Бақтияр Артаев жартылай финалда танымал ресейлік боксшы, екі дүркін Олимпиада чемпионы және Баркер кубогінің иегері Олег Саидовқа қарсы шықты. Небәрі 21 жастағы Бақтияр Олимпиада ойындарының фовориті, тәжірибелі Саидовты 20:18 есебімен жеңіп, ақтық сын жолдамасын иеленді. – Өзіңіз білесіз, бокс тарихында үш дүркін Олимпиада чемпионы атанған үш-ақ адам бар. Ал Саидов Афиныда топ жарса, әлемдік бокс тарихында есімі алтын әріппен қалатын спортшы атанар еді. Неге екенін қайдам, Бақтиярдың жеңетініне аса сенімді болдым да, қатты қобалжыған жоқпын. Оның үстіне, біздің бала алғашқы раундты жеңіспен аяқтады ғой. Әйткенмен, жекпе-жек орталаған тұста Саидов таразы басын теңестіріп, екі боксшы алма-кезек алға шыққанда орнымда отыра алмай, тыпыршып кеттім. Сол кездегі көңіл күйімді көрсеңіздер ғой... Бақтияр ерледі. Сөз жоқ, бүкіл жекпе-жек бойына шаршы алаңдағы тізгінді қолында ұстады. Саидовқа қарағанда өте белсенді болды. Осылайша, Олегтің «үш дүркін Олимпиада чемпионы атанамын» деген мақсатын Бақтияр жоққа шығарды. Финалға шыққан кубалықтар көзге ілініп, назарым бірден біздің қарсыласымыз Лоренсо Арагонға ауды. Сабазың біздің жігітке қарағанда ірі, жанары от шашып тұр екен. Бірақ Бақтияр жеңеді деген сенім бәрібір жүрек түкпірінде тұрды. Бақтияр бұл міндетті абыроймен орындап шықты. Атағы мен тәжірибесі Олег Саидовтан кем түспейтін, екі дүркін әлем чемпионы, екі жылдай қатарынан ешкімнен ұтылмай келе жатқан кубалық Лоренцо Арагон Бақтияр Артаевқа финалда 36:26 есебімен есе жіберді, – деп еске алады жеңісті де жарқын сәттерге ой жүгірткен чемпионның жеке бапкері Нұрлан Ақүрпеков. Осылайша кубалықпен өткен аса ауыр кездесуде жеңіске жетіп, Баркер кубогін иеленіп, қазақ елінің байрағын биікке көтерген Бақтияр сол күні Жамбылдың ғана емес, күллі Қазақстанның мақтанышына, қаһарманына айналды. Күллі әлем алдында көк байрағымызды желбіретіп, әнұранымызды шырқатады. Афиныда қазақтың төл салмағы аталып кеткен 69 келіде топ жарған ол араға төрт жыл салып Бейжің Олимпиадасында бақ сынады. 75 келі салмақ дәрежесінде топқа түскен Бақтияр Ресейдің тағы бір мақтанышы, әлем чемпионы, сол кездегі теңдессіз боксшы Матвей Коробовты жарыс жолынан шығарғанымен, жүлдеге сүйем қарыс қалғанда ағылшындық Джеймс Дигейлге жол берді. Сол Дигейл – Олимпиада чемпионы атанып қана қоймай, бүгінде кәсіпқой бокста IBF тұжырымдамасы бойынша екінші орта салмақта әлем чемпионы. Қазақтың маңдайына біткен қайсар ұл
Афины Олимпиадасында Қазақстанға мың алтынға бергісіз жүлдені сыйлаған батыр ұл өзінің кәсіби мансабында бірде-бір рет нокаутқа түсіп, жарақат алмаған. Шаршы алаңдағы азулы қарсыластары – кубалықтар мен ресейліктерге бірде-бір рет есе жібермеген саңлақ спортшы ретінде жанкүйерлерінің есінде қалады. Ел сенімін серік еткен боксшы ұланның бір кездегі әке арманын бүкіл алаш алдында орындағаны қандай мақтауға болса да лайықты еді. Перзентінің мақтаулы ұлға айналғанын көрген Ғарифолла мен Тұмаркүл бүгінде бақилық болған. Отбасында өнегелі тәрбие көріп өскен Олимпиада чемпионы ата-ана есіміне кір келтірген емес. Шаршы алаңнан біржола қол үзсе де, спорттан алыстаған жоқ. Афиныдағы жеңістен кейін өзінің туған өлкесінде бірнеше жыл бойы мемлекеттік қызметте тер төккен (Айша бибі ауылында әкім, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы және облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары) ол кейіннен Астана қаласындағы президенттік «Астана» кәсіби спорт клубының президенті болып та елеулі еңбек етеді. Бүгінде Лондон қаласында білімін жетілдіріп жатқан жайы бар. I дәрежелі Барыс орденінің иегері, данқты боксшы атында Тараз қаласында Бокс сарайы бар. Жары Салтанат екеуі төрт ұл-қызды тәрбиелеп, өсіріп отырған ардақты әке. Афины Олимпиадасының чемпионы, Вел Баркер кубогінің иегері Бақтияр Артаев туралы ойымызды талантты боксшының өз сөзімен аяқтауды жөн деп білдік. – Бокс маған бәрін берді деп ойлаймын. Бокс өмірде ыстық пен суықтың, ащы мен тұщының дәмін татқызып, бәрі түстегідей ғажап емес екенін түсіндірді. Не болса да, еңбектің, маңдай тердің, қиыншылықтың арқасында келетінін үйретті. Бокстың арқасында біраз елдерді аралап, көптеген достар таптым. Ел көрдім, жер көрдім. Жеңіс – тынымсыз еңбектің арқасында келетін жетістік. Ол еңбек, талант және сәттіліктің қосындысынан тұрады. Талантыңа сеніп жүре берсең, ұзаққа апармайды. Меніңше, тынбай еңбектену керек. Сонда өзіңе деген сенімділік оянады. Ал сәттілік пен бақ – Алланың беретін сыйы деп білемін, – деген Бақтияр шын мәнінде қазақтың маңдайына біткен қайсар ұлы, марғасқа спортшысы, жарық жұлдызы екені даусыз.
Жанғазы Ахмет, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ауданға еңбегі сіңген абыройлы азамат
- 17 қыркүйек, 2024
Әулиеаталықтар айтулы аламанда атой салды
- 16 қыркүйек, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді