«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Шегіртке шіренгеніңе қарамайды

Шегіртке  шіренгеніңе  қарамайды
ашық дереккөз
Шегіртке шіренгеніңе қарамайды

Өткен айда Оңтүстік Қазақстан өңірінде үйірлі шегірткелердің бірталай егістіктер мен жайылымдықтарды, көкөніс бақшаларын жайпап кеткендігі жайлы мерзімдік басылымдардан оқығанбыз. Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан соң ба, сол үйірлі шегірткелер облысымыздың Жамбыл, Байзақ аудандарының егіс алқаптарына қаптап, жолындағыларын жайпап, олармен іргелес Бостандық, Аққұм, Шәкіров, тіпті, Ақкөл ауылдарына да жетті деген хабарды естідік. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты өсімдік қорғау мекемесі аудандық филиалының басшысы Аманкелді Сейітқасымовпен арнайы жолығып, осы мәселенің мән-жайына қаныққан едік.

– Ауа райының қолайлылығынан Марокко шегірткелері өсіп-өніп, өсімдік, тіпті, жыңғылдың жапырағына шейін кеміріп, табиғатқа үлкен зиян келтіруде, – деді ол, бірақ, облыстық мекеменің бастауымен екі трактор, арнайы жабдықталған екі дәрі бүріккіш мәшине және сепкіштердің көмегімен жұмысшылар мен мамандар дәрінің түр-түрін сеуіп, алапаттың алдын алдық. Дегенмен, шегірткені түп-тұқиянымен құрта алмай отырмыз.

Оның айтып отырғаны орынды. Сол күні біз де Ақкөл ауылына барар жол үстінде үйірлі шегірткелерді көзіміз шалған. Мекеме мамандары Ақкөл көлі маңындағы құрақ, қамысты ну жынысқа қайықпен барып, «Докода», «Комбат» деп аталатын дәрілерді сеуіп қайтыпты. Енді әуеден қосымша дәрі себетін дельтапланды күтіп жүргендерін айтты. Аталған зиянкестердің Ақкөл маңындағылары азиялық шегіртке аталатын көрінеді. – Мұның қай-қайсысы да табиғатқа орасан зор зиян келтіреді, – дейді Аманкелді. Зиян келтіргені сол емес пе, бес-алты тұяқ малын сатып, қаржысына өзенді жағалап қауын, қарбыз егіп, одан әжептәуір пайда тауып жүрген Бостандық ауылының тұрғындары тапа-тал түсте шегірткенің талауына түсіп, зар қағып қалғаны. – Диқандар бақшалықтарынан айырылып қалды, – дейді Бостандық ауылдық округінің бас маманы Рәт Айғараев, – Байзақ ауданымен шекаралас Қорқылдақ маңынан қаптай ұшқан шегіртке Шатура мен Тәңірберді далаларының өсімдіктерін де жайпап өтті. Талас бойындағы шаруалар қауындықтарының маңын жыртқызып, жан-жағының шөбін өртеп, өздерінше әрекет етуде. Обалы не керек, аудандағы өсімдік шаруашылығы мекемесі аянып жатқан жоқ. Алайда осы жұмысты ерте көктемде бастағандары дұрыс болатын ба еді? Шегіртке көршілес жатқан Шәкіров ауылындағы бақшалық алқаптарды да жайпап кетіпті. – Ілгеріде, – дейді Бостандық ауылының тұрғыны Қанат Дәндібаев, – АН-2 ұшағы арқылы егістік алқабына дәрі шашқанда, шегіртке түгілі құрт-құмырсқа, кенеге дейін сеспей қататын. Одан қалса ДУК мәшинесімен малшылардың қора-қопсысын түгел дәрілейтін. Өсімдікті қорғау мекемесінің қазіргі тірліктері көңілімізді көншітпейді. Мысалы, дельтапланды алайық. Инеліктей болған ол қанша жерді дәрілей алсын?.. Рас, АН-2 ұшағымен бірден 200 гектар алқапты дәрілеуге болады. Дельтапланның ондай шамасы жоқ. Бұрын егістік алқаптары түгелге жуық жыртылатын, мал тұяғымен жайылымдықтардағы өсімдіктердегі шегірткелер тапталып мыжылатын. Сөйтіп, табиғи тепе-теңдік сақталушы еді деген де әңгіме айтылды. Қазір жайылымдықта мыңғырған мал жоқ. Мысалы, алқаптарды дәрілеуге қажетті қаражат пен күш көлігі үшін бөлінетін қаражат жыл басында қаралып, конкурс өткізіліп, оның жеңімпазы анықталғанша жаз келеді. Оған дейін шегіртке «күтіп» жатпайды. Сондықтан, ол алапаттың алдын алу үшін өткен жылы тиісті қаражат көзін есептеп, дәрі-дәрмегін дайындап, 1 наурыздан бастап шегірткелердің ошақтарын анықтап, іске кіріскенімізде диқандар мұндай шығынға батпас еді. Бұл ретте Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов тендердің уақтылы өтпеуінен дәрі-дәрмектердің дайын болмағандығы туралы ашық айтты. Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының ауыл шаруашылығы басқармаларын сынға алды. Таластағы жағдайды естіп, көршілес сарысулықтар да абыржулы. Ана жылы қауын құрты қаптап, олар да біраз қиындық көрген. – Осылардың барлығын ескеріп, Байқадам ауылының маңайындағы 1000 гектар алқапты дәрілеуге тас-түйін дайын отырмыз, – дейді Сарысу ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Серік Тоқаев. Жөн-ақ. Тосыннан келген пәлекеттен бармақ шайнап қалмас үшін тиісті мекемелер сақ болғаны керек-ақ. Өйтпеген күнде шаруаның еңбегі еш, тұзы сор болатыны анық.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол». Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар