Тілеген Мәткенов, облыстық ішкі істер департаменті-нің басшысы, полиция генерал-майоры.
Тәуелсіздік алғанымызға биыл 25 жыл толып отыр. Қазақстан егемендік алған жылдардан бастап әлемдік өркениет көшіне ілесу үшін алдына стратегиялық мақсаттар қойып, кешенді жоспарлар құрды. Межеленген белестерді бағындыру үшін батыл бастамалар көтерді, жарқын жобаларды жүзеге асыру тетіктерін қарастырды. Соның нәтижесінде 25 жылдың бедерінде толағай табыстарға қол жеткізіп, өркениетті ел ретінде әлемге танылды. Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары осы жылдардың ішінде көптеген табыстарға қол жеткізді. Бұл – мемлекетімізде жүргізілген ірі реформалардың, елімізде орныққан тыныштық пен ішкі тұрақтылықтың жемісі еді. Қазақ елін жаңа белестерге бастаған «Қазақстан – 2050» Стратегиялық бағдарламасы ел әлеуетін көтерумен қатар, ішкі істер органдарының да айтарлықтай жетістіктерге жетуіне өз септігін тигізді. Мемлекеттің мызғымас тірегіне айналған ішкі істер органдарының ықпалын күшейту, сол арқылы құқықтық қоғам құру үдерісін жеделдету мәселесі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұдайы назарында. Соның арқасында Қазақстан полиция қызметі қайта жаңғырып, заман талабына сай жетілдірілуде. Полиция қызметі заманауи техникамен қамтамасыз етілді. Оларға қойылатын талап та күшейе түсті. Әр қызметкерден кәсібилік, байсалдылық пен табандылық, азаматтардың заңды мүдделері мен құқықтарын мүлтіксіз орындау талап етілді. Бүгінде полиция қызметкерлері бұл талаптарды бұлжытпай орындап, қызметтік парызын адал атқарып жүр. Тіпті, қоғамдық тәртіп орнатуда қызметтік борышын бәрінен де биік қойғандар да бар. Солардың бірі – ел тыныштығы үшін жанын қиған Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов. 23 маусым – Полиция қызметкерлері күні, яғни төл мерекеміз жақындаған сайын есімізге осындай халықтың батыр ұлдары түседі. Ал олардың ерлігін үлгі етіп көрсету, құқық қорғау саласы ардагерлерінің даңқты дәстүрлерін жалғастыру, аға буын өкілдерінің тағылымына адалдық танытып, мемлекет пен қоғамдағы құқықтық тәртіптің кепілі бола білу, көпшілік арасында полиция қызметкерлері жайында оң пікір қалыптастыру – біздің дәстүрлі үрдісіміз. Ішкі істер органында қызмет ету – аса жауапты да қиын жұмыс. Өйткені, елдің ішкі тәртібін қадағалау мен тұрғындардың тыныштығын қас қақпай күзетуде босаңсуға жол жоқ. Ішкі істер органдарының қызметі осындай жанкештілікті қажет етеді. Өйткені, еліміздегі тыныштық пен тәртіптің, тұрақтылықтың, бірліктің бекем болуы өзге мемлекеттер алдында ел беделін асқақтата түседі. Елбасымыз ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде: «Біздің ішкі қауіпсіздігіміз үш тұғырға негізделеді: бұл – ұлтаралық және діни келісімді сақтау; бұл – саяси жүйені байыпты демократияландыру барысындағы саяси тұрақтылық; бұл – ұлттық қауіпсіздікке төнген түбірлі қатерлердің алдын алу», – деген болатын. Ұлт Көшбасшысының осы сөзінің мәніне терең үңілсек, оның астарында терең тағылым, жоғары жауапкершілік жатыр. Президентіміз ұдайы құқық қорғау органдарының алдына нақты міндеттер қойып келеді. Себебі, азаматтардың құқығы аяққа тапталып, қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген қоғамда ешқандай да ілгерілеушілік болмайды. Сондықтан да, Елбасымыз өзі ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында заңның үстемдігін қамтамасыз етуге басымдық беруді атап көрсетті. Онда полиция қызметкерлерін іскерлік қабілеттері негізінде іріктеу жүйесін жақсарту туралы мәселе көтерілген. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін мемлекеттік қызмет жүйесіне қосуды, жергілікті атқарушы органдарға және жергілікті қоғамдастыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметін құрып, жүйелі жұмыс атқаруды, әдеп нормаларын бұзуға жол беретін полицейлердің іс-әрекеттеріне шағымданған азаматтардың арызын қарау жөніндегі қоғамдық кеңес жүйесін құру арқылы полицияның ашықтығын қамтамасыз етуді тапсырып отыр. Бұл өз кезегінде азаматтардың билік өкілдеріне деген сенімін нығайта түсетіндігі сөзсіз. Ұлт жоспарындағы «Қылмыстық құқық бұзу картасы» интернет-порталын құру туралы жүйе де негізінен құптарлық бастама. Өйткені бұл картада 1 аптаның ішінде жасалған барлық қылмыстық құқық бұзушылық тіркелетін болады. Ал бұл жүйе қоғамның ішкі істер органдары жұмысын бақылауға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы алға қойып отырған осындай маңызды міндеттер түптеп келгенде азаматтардың қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртіптің қатаң сақталуына, сол арқылы еліміздің одан әрі өсіп-өркендеуіне бағытталған. Бұл қадамдар «Мәңгілік Ел болу» идеясы негізінде әлемдегі дамыған отыз мемлекеттің қатарына енуге жол ашады. Осы межені бағындыру жолында қазақстандық патриотизм рухымен қанаттанған әрбір тәртіп сақшысы күн-түн демей аянбай еңбек ететініне сенімдімін.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді