немесе желге ұшқан қазына қаржысы
жекешелендіру саясатының алғашқы кезеңінде Аса ауылындағы кинотеатр да жеке кәсіпкердің иелігіне өткен болатын. Бірақ қаңырап бос тұрды. Кейін мемлекет меншігіне қайтадан өткенімен, ғимарат жаңғыртылмады. Содан бері көзге шыққан сүйелдей боп әлі тұр. Жылдар бойы қараусыз қалғандықтан, оның кинотеатр екенін жұрт та ұмытқан.
Білгеніміз, жергілікті билік аталған ғимаратты жеке кәсіпкерден 2007 жылы көл-көсір қаржыға, яғни 15 миллион теңгеге сатып алыпты. Сөйтіп, оны орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің теңгеріміне берген. Кейін кинотеатр аудандық білім бөлімінің теңгеріміне өткен. Одан М.Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің қарамағына өткізіліпті. Қазір қаңырап бос тұрған ғимаратты екі қарауыл кезек-кезек күзетіп жүр екен. Аталмыш музыка мектебінің директоры Сарбиноз Қосанова екі қарауылға мемлекет тарапынан айлық төленіп отырғанын айтады.
– Біздің мекемеміздің ғимараты тар. Сондықтан, ауданнан ғимарат сұрап жүріп, осы кинотеатрды өз теңгерімімізге алдық. Ондағы мақсатымыз – келешекте нысанды балаларға ыңғайластырылған, ішінде би, сурет секілді оқу бөлмелері мен акт залын ашу еді. Оған қажетті қаражат сұрадық. Егер аудандық білім бөлімі арқылы қаржы бөлініп жатса, осы жоспарды жүзеге асыратын боламыз, – дейді ол. Ғимаратты жөндеуден өткізуге қаражат қашан бөлінетінін білмекке аудандық білім бөліміне қайырылғанымызда бас экономист Біржан Айбосынов балалар музыка мектебінің 333 шәкіртіне қазіргі ғимараты тарлық етіп жүргендіктен, бұрынғы кинотеатрдың осы балалар музыка мектебінің теңгеріміне өткізілгенін, қазіргі таңда нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тиісті бөлімге сұраныс бергендерін жеткізді. Дұрыс-ақ, бірақ, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі кезінде осы кинотеатрды теңгеріміне алғанымен, күрделі жөндеуден өткізуге неге құлықсыз болған? Бұл сұраққа аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Аида Қалисаева былай деп жауап берді: «Біздің мекемеге тиесілі ғимарат жоқ. Сондықтан, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы ғимаратының үшінші қабатын жалға алып отырмыз. Кинотеатр 2007-2015 жыл аралығында біздің мекеменің теңгерімінде болған. Оны ауданның сол кездегі әкімі Махамбет Дүйсебаев жеке кәсіпкер Алмабаевтан 15 миллион теңгеге сатып алып, бізге берген. Нысан біздің теңгерімге өткеннен кейін Тараз қаласындағы тиісті мекеме нысанның сейсмоберіктігін тексерді. Нәтижесінде Аса ауылы, Абай көшесіндегі №34 мекен-жайда орналасқан кинотеатр ғимаратының сейсмоберіктігін сараптау барысында «көпшілік орын болғандықтан, аталған нысанның қабырғаларын темірмен қапсырып, бекіту керек» деген қорытынды шығарды. Ал нысанды темірмен қапсырып, бекітуге кететін қаражатты айтпағанда, оның көрерменге арналған еденін тегістеу және басқа да жұмыстарына 100 миллион 566 мың теңге қаржы қажет болды. 2011 жылы бұған ауданның шамасы келмеді». Ғимаратты қапсырып, бекітуге кететін қаражат пен 100 миллион 566 мың теңгені аудан 2011 жыл тұрмақ, қазір де бөліп бере алмайтыны белгілі. Нысанның сейсмоберіктігі жөніндегі қорытындыда «Көпшілік орта болған соң» деген не сөз? Дүкен, мектеп, балабақша, емхана болсын халықтың игілігі үшін, көпшілікке арналып салынбай ма?! Демек, нысан «апатты жағдайда тұр» деген сөз. Осындай жағдайдағы нысанды сол кездегі аудан басшылары жеке кәсіпкерден 15 миллион теңгеге не себепті сатып алды? Оны сатып алмас бұрын зерттеу-зерделеу жұмыстарын жүргізбеді ме? Осы сауалдарға жауап іздеп, қазіргі аудан әкімі Мәден Мұсаевты сөзге тартқан едік. – Менің осы ауданға әкім болып келгеніме бір жыл болды. Әйтсе де, мұның бәрі маған дейін туындаған мәселе деп, қол қусырып отырған жоқпын. Мән-жайдан хабардармын. Бір анығы, жақын арада кинотеатрды жөндеуден өткізуге ешқандай қаражат қарастырылмайды. Себебі, өзге де шешімін күтіп тұрған мәселелер жетерлік. Оның үстіне, кинотеатрға қажетті қаржыны бөлуге ауданның еш мүмкіндігі жоқ. Негізінен, кинотеатр жекеменшіктен сатып алынған, өзі апатты жағдайда. Ал оны кезінде аудан басқарған азаматтар не үшін сатып алғаны маған да белгісіз. Негізі, аудан сол кезде ғимарат иесінен оны жөндеуден өткізгеннен кейін ғана сатып алуы керек еді, – деді Мәден Тоқтарбайұлы. Аудандық білім бөлімі мен М.Төлебаев атындағы балалар музыка мектебі ғимаратының әлі де жөндеуден өткізілетінінен үмітті. Әкімнің сөзіне қарағанда бұл нысан осы күйінде ұзақ тұратын секілді. Сондықтан желге ұшқан қайран қазына қаржысы демеске, лаж қайсы?!
Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».
Жамбыл ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Болашақ сарбаздар бірқатар сараптамадан өтуге міндеттелді
- 29 қазан, 2024
Кітапханадағы келелі кездесу
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді