Жер – тіршіліктің, молшылықтың, мемлекеттіліктің негізі. Сондықтан бүгінде Жер кодексіне енгізілген өзгертулерге мораторий жариялануы барша қазақстандықтар арасында қызу талқыланып жатыр. Өз басым бұл жөнінде алғаш естіп білгенімде, қатты қуандым. Расында да аталған заңға байланысты дер кезінде жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілмеуі халықтың орынды алаңдаушылығын туындатты. Әсіресе, жер пайдаланушы азаматтар, ауылдағы егінші-диқандар Мемлекет басшысының бұл әділетті шешімін бірауыздан құптауда деген ойдамын. Ендігі мақсат, міндетіміз, Президентіміз айтқандай, халықпен, бірінші кезекте жаңа заңды пайдаланатындармен бетпе-бет кездесіп, бұл мәселені әбден пысықтап алуымыз керек. Біздің әрбір іс-әрекетіміз қарапайым еңбек адамына, ауылдағы шаруа баққан жұртқа ұғынықты тілмен жеткізілуі тиіс.
Елбасымыз қоғамда қозғау тудырған Жер кодексінің бірқатар нормаларына тоқтау салып, бұл тұрғыда «Үкімет жанынан адамдарға барлық жаңа нормаларды, оларды қалай пайдалану, кімдерге өтініш жасау керектігін түсіндіру үшін біртұтас колл-орталық «қызу желі» құру – әрбір өңірде осыған ұқсас консультациялық орталықтар ашу; бірде-бір сауал жауапсыз қалмас үшін білікті жауапты адамдарды бекіту. Үкіметке – жер қатынастарын реттеу саласындағы салалық функцияларды Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру» деген салиқалы, аса салмақты сөзі алда атқарылар жұмыстарды айқындап берген бағдаршам болды. Мен көп жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек еттім, басшы да болдым. Сондықтан да бұл саланың ұңғыл-шұңғылына әбден қанықпын. Ауыл – алтын тамырымыз да ғой. Елімізді алға сүйреп келе жатқан, ауылға білімді де білікті жастарды көптеп тарту тетігін қалыптастырғанымыз жөн. Оларға тұрғылықты жерінде жағдай жасалса, тұрғын үйлермен жеткілікті қамтамасыз етілсе, қанеки. Мұндай игілікті һәм сауапты іске өңіріміздегі қаржылы азаматтардың өзіндік үлесін қосып, атсалысқаны абзал. Себебі, ауыл гүлденсе, бәріміз де гүлденеміз. Қазақтың берекесі мен байлығы – жерде. Ата-бабаларымыз осынау кең-байтақ өлкемізден жауға ұлтарақтай да жер бермей, көк найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, сақтап, бізге аманат етіп тапсырып кетті емес пе?! Аманатқа адалдық танытар кез келді. Біз жерімізді өз күшімізбен өңдеп, тиімді пайдалануға, әрбір пұшпағы көл-көсір табыс әкелетіндей мүмкіндіктерге қол жеткізуе тиіспіз. Бұл біздің қолымыздан келеді деп ойлаймын.
Жетпіс КӨПБАЕВ, ауыл шаруашылығы саласының ардагері.
Күреңбел ауылы, Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді