немесе қордайлық батырлар қанша?
Адамзат тарихында бұрын-соңды орын алған қарулы қақтығыстардың ішінде өткен ғасырда елу миллиондай адамның өмірін жалмаған екінші дүниежүзілік соғыстың кесепаты ауыр болды. Бұрынғы одақ елдерінде Ұлы Отан соғысының зардабын шекпеген қала, ауыл, отбасы некен-саяқ. Бүкілхалықтық қасіретке айналған бұл қанды қырғынға тек Қордай жерінен аттанған 10 мың 784 адамның жартысына жуығы туған табалдырығына қайта оралмады. Олардың қатарында майдан даласында асқан ерлікпен қаза тапқан, есімі отансүйгіштіктің әйдік символына айналғандары да бар.
Оқушы кезімізден әйгілі 28 батырдың ерлігіне тәнті болып өстік. Олардың Мәскеу түбіндегі қанды шайқасы Ұлы Отан соғысындағы ең жоғары ерлік үлгісі ретінде тарихта қалды. Соғыс басталғаннан кейін іле-шала Алматыда жасақталған генерал-майор И.В.Панфиловтың 316-шы атқыштар дивизиясының үлесіне сол кездегі ортақ Отанымыздың жүрегі – Мәскеуді қорғау «бақыты» тиді. Ал дивизияның 1075-ші полкі, 4-ші ротасындағы жиырма сегіз жауынгерінің 1941 жылғы 16 қарашада Дубосеково разъезінде күші басым жаумен қасық қаны қалғанша шайқасып, жауды бір адым да алға жібермеген таңғажайып ерлігі бүкіл майданға аңыз болып тарады. «Ресей кең-байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ, артымызда – Москва!» – бұл саяси жетекші В.Клочковтың ақтық шайқас алдында жауынгерлерін жігерлендіріп айтқан соңғы сөзі еді. Онымен бір окопта ерлікпен опат болған жиырма сегіздің бірі – Николай Никонорович Белашов біздің қордайлық азамат екені мақтаныш сезіміне баурайтын. Ұлы Отан соғысының тарихында алтын әріптермен жазылып қалған панфиловшылар тобының бұл ерлігі туралы осы оқиғадан небәрі екі күн өткенде, 19 қарашада бүкілодақтық «Известия» газеті бірінші болып хабарлады. Газет тілшісі Г. Иванов «8-ші гвардиялық дивизия шайқаста» деген мақаласында 1075-ші атқыштар полкінің сол қанатында қорғаныста тұрған роталардың бірі қиян-кескі шайқаспен жаудың тоғыз танкісін жайратып, үшеуін өртеп жібергенін, қалғанын кері шегінуге мәжбүр еткенін жазған. Ал 28 қарашада «Красная звезда» газетінде бұл ерлікке «28 батырдың өсиеті» деген тақырыппен бас мақала арналады. Осылардың негізінде және сол алапат шайқаста ауыр жараланып, ғайыптан тірі қалған жауынгерлердің айтуымен «Красная звезданың» 1942 жылғы 22 қаңтардағы нөмірінде Александр Кривицкийдің шайқастың жай-жапсары толық бейнеленген «28 батыр туралы» деген көлемді очеркі жарық көреді. Ал соғыстың басталуына бір жыл толғанда, яғни, 1942 жылғы 22 маусымда елдің бас басылымы – «Правда» газеті: «Орыс гвардиясының дәстүрімен жеңіске жету жолында өлімге қасқая қарсы тұруы, өзін құрбандыққа қиюдан да тайсалмас жанкештілігі мен төзімділігі – советтік 28 батырды ерлікке жетелеген ерек қасиеттер болды» деп жазды. Оларды мұздай қаруланған қалың жаудан тайсалтпаған, қарыс қадам шегінуге мойын бұрғызбаған ішкі алапат күш, жанкешті ерліктің алғышарты деп нені айтсақ болады? Майдан шебінің жақын қалғанына қарамастан, сол күндері Мәскеу барлық соғыс қимылдарына жетекшілік ету құқын қолдан шығармады. Тіпті, 7 қарашада Қазан төңкерісінің 24 жылдығы құрметіне Қызыл алаңда әскери парад өткізіліп, одан шыққан әскери бөлімдер мен техникалар бірден алғы шепке орнығып жатты. Бұл сапта Батыс майданы, генерал К.Рокосовский басқаратын 16-шы армияға қарасты Панфилов дивизиясының бөлімдері де болды. Тарихи алаңмен әскери маршта жүріп өткен әр жауынгер сол кездері астананы қорғаудың аса маңыздылығын жан жүрегімен сезініп, жауға деген өшпенділік бойларында қанмен бірге буырқанған кекке айналғаны анық. Мәскеуден айырылу – бәрінен айырылу екенін түсінді олар. КСРО-ға тұтқиылдан соғыс жариялаған кезде гитлершілдер қыс түскенше Мәскеуді басып алуға ұмтылғаны мәлім. Бар күш соған жұмылдырылды. Қазан айында-ақ қала соғыс қимылдары аймағында қалды. Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің 19 қазандағы қаулысымен Мәскеу қоршауда қалу жағдайында деп жарияланған болатын. Қорғанысқа тылдан тың күштер үсті-үстіне әкелініп жатты. Олардың қатарында 316-шы атқыштар дивизиясының бөлімдері Мәскеуді Волоколамск бағытында қорғауға қойылып, 14 қазаннан ұрысқа кіреді. Осы дивизияның командирі генерал Панфиловтың әскери бөлімдерге таратылған бұйрығындағы: «...Біз Мәскеу үшін ұрыстардың ең маңызды және шешуші нүктесінде тұрмыз. Жау біздің қорғанысымызды бұзып өтуге бар күшін салып, жүрегіміз – Мәскеуге ұмтылатын болады... Не жеңу, не өлу. Бір қадам да артқа шегінбеу! – Отанымыздың бізге, Мәскеуді қорғаушыларға жауынгерлік бұйрығы осындай...» – деген жалынды сөздерімен жігерленген панфиловшылар қандай ерліктерге де тастүйін дайын еді. ... 16 қарашада таңертең дивизия орналасқан аумақты жау алдымен ұшақтармен бомбалап, артынша бір сағатқа жуық артиллериямен төпеледі. Аспан айналып жерге түскендей алапат атыс басыла бере Красиково деревнясы тараптан қарақұрттай қаптаған неміс автоматшылары Дубосеково разъезіндегі 1075-атқыштар полкі, 2-батальон, 4-ротасының 2-ші взводы тұрған бекініс шебіне қарай ентелеп келеді. Жауынгерлер окоп ернеуінен оларға ызғар шаша көз тігеді. Бұлардан еш қарсылық күтпестен, қаруларын көлденең ұстап парадтағыдай аяқтарын алшаң басқан фашистерге зығырданы қайнап, шетінен қырып салмаққа тек, жақындай түсуін күтуде. Гитлершілдер жүз қадамдай жерге таяғанда ысқырық естілді. Бұл взвод командирі орынбасарының атысты бастауға берген белгісі еді. Сол-ақ екен біздің жақтан пулемет сақылдап қоя берді – атып жатқан Иван Шепетков. Алматылықтар оны филармония әртісі, цирк акробаты ретінде білетін. Қазір ол аузынан от шашқан алапат соғыс қаруымен оқты қарша боратып жаудың алдыңғы легін баудай түсіріп жатыр. Оған таяу жерде тағы бір алматылық темір ұста Гаврил Митин винтовкамен немістерді нысанаға алып атуда. Алматы зооветинститутының ветсанитары Әлікбай Қосаев, Алматы облысы Қаратал ауданының колхозшысы Мұсабек Сеңгірбаев, Шаумян атындағы артельдің мастері Абрам Крючков, Қордай ауданының комсомолы Николай Белашов, Алматы трамвай тресінің жұмысшысы Нарсұтбай Есеболатов, қырғыз жігіті Дүйшенкул Шопоков... көздегендері мүлт кетпей жауға қарсы айбат көрсетуде. Жау алғашқы шабуылда сексеннен аса солдатынан айырылып кері шегінді. Бұл жеңіс гвардияшыларды жігерлендіре түседі. Бірақ, алда бұдан да жойқын алапат шайқастар тұрғанын әркім-ақ жүрегімен сезеді. Дереу қаруларын қайта оқтап, гранаталарды қамдап ұрысқа дайындалады. Айтқандай-ақ, немістер шегінген жақтан енді қаптаған танкілер көрінеді. Соңынан ерген автоматшылар қарасы да мол. Осы қанды қырғыннан ауыр жараланып аман қалғандардың бірі Григорий Шемякин кейіннен былай деп жазды: «Жиырма шақты бронды машина жер әлемді солқылдата біздің шепке таяп келе жатқанда ең алдымен мазалағаны қорғанысымыздың тағдыры болды. Күш тіпті де тең емес еді, бір-бірімізге қарадық. Осы мезет рота политругі Клочковтың жайбарақат дауыспен: «Несі бар, батырлар! Жиырма танкі екен, әрқайсымызға бірден де келмейді!» – деген сөзі қорқынышымызды басқандай болды... Бір танкі менің ұяма қарай тура салып келеді. Аралық жиырма метрдей қалғанда орнымнан көтеріліп оған граната лақтырдым. Жарылыс толқыны қалың қар мен топырақты құмдай сапырды. Оң жағыма қарасам, қасымдағы Григорий Конкин жарылғыш жанармай құйылған шөлмектерді дәл көздеп лақтыруда. Оның қатарындағы Мұсабек Сеңгірбаев пен одан әріректегі Нарсұтбай Есеболатов гранатамен бір танкінің шынжыр табанын үзді. Екі танкіні Иван Шадрин, төртеуін бронды атқыштар Петр Емцов пен Николай Белашов өртке орады...». Төрт сағат бойғы бет қаратпас шайқаста немістер 2-ші взводтың шебін ақыры ала алмады. Он төрт танкісі майдан алаңында отқа оранып, қалғаны кейін шегінді. Панфиловшылардың да біразы қаза тауып, жараланып, он бесі ғана сапта қалған еді. Олар ес жиып та үлгерген жоқ, енді жау тараптан отыз танкі көрінді. Батырлар өліспей беріспеске бекінді. – Отыз танкі, достар! – деп дауыстады Клочков. – Бізге осы жерде өлуге тура келер. Ресей кең-байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ. Артымызда – Москва! – Отан – Ана, бізге жауды жайратуға күш-қуат бере көр! – қан қасаптан ғайыптан тірі қалған Васильев пен Шадрин ақтық сәтте политруктің осы сөздері құлақтарында қалғанын айтады кейін. Қазақстандық жауынгерлер соғыс тарихында сирек кездесетін осындай ерлік жасап, жаудың болат құрсанған машиналарына төтеп берді. Гвардияшылардың 23-і қаза тапты, бірақ жау танкілері олардың шебінен өте алмады. Бұл ерлік бүкіл майданға аңыз боп тарады. Осыдан екі күннен кейін, 18 қарашада генерал Панфилов та қаза тапты, іле-шала дивизияға оның есімі берілді. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1942 жылғы 21 шілдедегі Жарлығымен барлығына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Жиырма сегіз батырдың бірі – Николай Белашов біздің Қордай ауданының Сұлутөр өңірінде Новопавловка (қазір Белашов) ауылында 1911 жылы дүниеге келген. Бастауыш сыныптық білімі болды, комсомол мүшесі. Соғысқа дейін Киров атындағы колхозда темір ұста болып істеген, ауыл шаруашылығы артелі комсомол ұйымының хатшысы болған. 1941 жылы шілде айында отыз жасында әскерге шақырылып, 316-шы атқыштар дивизиясына қабылданады. Кеңес Одағының Батыры Н.Белашовтың есімі ауданда құрметпен аталады. 1977 жылы аудан орталығында бюсті орнатылған болса, 2007 жылғы Жеңіс күнінде бұл орынға жаңа ескерткіші қойылды. Бейбіт аспан астында жезбен қапталған солдат бейнесі күнге шағылысады. Қолында граната, жарқын болашақ үшін өлімге бәс тіге жау танкісіне қарсы ұмтылған батырдың өр тұлғасы. Осыдан жетпіс төрт жыл бұрын Волокаламск тас жолының бойында, Дубосеково разъезінің түбінде 28 панфиловшы батырлар жасаған өшпес ерліктің қас-қағым көрінісі осылай бейнеленген. Ескерткіштің ашылу салтанатына батырдың туған қарындасы Александра Никоноровна, қызы Валентина Николаевна келіп қатысқан болатын. Белашовтың өз кіндігінен бір ұл, бір қызы болған. Анатолий деген ұлы Киров атындағы колхозда жүргізуші болып жұмыс істеп, кейін Алматы жаққа қоныс аударған. Қазір олардан бірнеше немере, шөберелері бар. Батырдың өзі туған шағын ауылға, аудан орталығының және Үлкен Сұлутөр ауылының бір-бір көшесіне есімі берілген. Аудандық мұражайда, мектептерде батырдың тарихи деректері қойылған бұрыштар бар. «Елу жылда ел жаңа». Ерлік жасалғалы бері өткен жетпіс бес жылда талай су ағып, өмір өзгерді. Жарты әлемді уысында ұстаған КСРО да келмеске кетті, бүтін қоғам жаңарды. Тіпті, тарихқа жаңаша көзқарасты желеу етіп, біз сөз етіп отырған панфиловшылардың ерлігін ойдан шығарылған өтірікке балаған пікірлер де пайда болды. Олар кеңес оқулықтарында жазылған батырлардың, ерлік оқиғалардың көпшілігі символикалық қана – «дзотты кеудесімен жапқан» матросовтар тәрізді, Волокалам тас жолында тас бекініп, елу танкіні алға салып келген қалың жаудың бетін қайтарған «жиырма сегіздің ерлігі» де сол тұста жауынгерлік рухты көтеруге керек болған ұрандар мен идеялардың жемісі деген сыңаржақ ойларын алға тартады. Рас, соғыстан кейінгі жылдарда бұл ерліктің «күмәнді тұстары» КСРО Бас әскери прокуратурасына дейінгі деңгейде қаралып, куәгерлер сұралған болатын. Оқиғаның мұндай беталысын бірқатар тарихшылар (К.С.Дроздов) соғыстан кейінгі сұрқия саясаттан, анығында, панфиловшылардың Мәскеу түбіндегі ерлігін жоғары бағалап, барлығын тегіс батыр атағына ұсынуды жақтағандардың басында тұрған маршал Г.К.Жуковтың асқақ беделін түсіріп тұқыртуға бағытталған науқаннан көреді. Әрине, соғыстың аты соғыс, онда ойға келмеген жайлар да болып жатты. Мәселен, алғашқыда түгел қырылды деп саналған батырлардың алтауы тірі қалған. Васильев, Шемякин, Шадрин, Тимофеевті кейіннен санитарлар ұрыс даласында өлімші болып жараланған күйде тауып алған. Ал Қожабергенов пен Добробабиннің тағдыры басқаша өрбіді. Рота байланысшысы Қожабергеновті политрук сол күні таңертең Дубосековаға хабар айтуға жіберіп, ол жолай жаудың қолына түсіп қалады. Артынша амалын тауып неміс тұтқыннан қашып орман ішінде жасырынып жүрген жерінде біздің әскерлер тауып алады. Сөйтіп, ол атақты шайқасқа тікелей қатысқан жоқ. Ал жараланып есінен танып жатқан Добробабинді немістер өздерімен алып кеткен. Кейіннен біздің әскерлерге қосылады. Бірақ, неміс тұтқынында болғаны үшін ол кеңестік түрменің де төрінде біраз жыл отырады. Бәле іздегендер ойдан шығарылған деп жүрген ерлік оқиғасының шынайы көріністері осы тірі қалғандардың айтуымен де толықтырылған еді. Басында окоптағылар жиырма сегіз емес, жиырма тоғыз адам болған. Немістер екінші мәрте қаптаған танкімен келіп: «Орыстар, беріліңдер!» деп дауыс тастағанда бұлардан бір адам шығып тізерлеп жауға қол көтерген. Сол мезет окоптағылар сөзге келместен сатқынды ту сыртынан өздері атып салған. Рас, соғыс уақытында әскери рухты көтеру керек болды дейік. Майдан даласында тауымыз шағылып, әскерлеріміз жылдам шегініп бара жатты. Тұтас армиялар қоршауда қалып, Мәскеудің өзіне қауіп төнді. Байтақ елдің тағдыры қыл үстінде тұрған сондай ұрымтал сәтте мұндай ерліктердің жасалмауы мүмкін емес-ті. Сондағы «Сталин үшін!», «Отан үшін!» деген ұранның соқыр көзден жас шығарар қуатын майдангерлер қазірдің өзінде көздеріне жас алып отырып еске алады. Осы мақаланы дайындау барысында 28 батырдың әрқайсысының деректеріне мұқият үңіле отырып Белашовтан бөлек Москаленко Иван Васильевичтің де қордайлық болғанына көз жеткіздік. Мәскеуде 1988 жылы шыққан «Кеңес Одағының Батырлары» деген кітапта (II-том, 118-бет) оның ұлты украин, 1912 жылы Жамбыл облысының Георгиевка селосында туғаны тайға таңба басқандай жазылған. Алтыншы сыныптан соң Ыстықкөл облысының Жетіөгіз ауданында жұмыс істеген. Соғысқа сол жақтан аттанған. Белашовпен бір күнде, бір окопта қаза тапқан И.Москаленконың қырғызстандық батырлар тізімінде жүруі сондықтан. Жалпы, исі қордайлық Кеңес Одағының Батырларының саны төртеуге барады. Тағы да жаңағы кітапты парақтайық. Сол екінші томның 550-бетінде Сущев Степан Захарович туралы айтылады. Ол 1914 жылы 24 желтоқсанда Қордай ауданының Георгиевка селосында туған. КПСС мүшесі, 1937 жылға дейін осындағы тері өңдеу зауытында жұмыс істеген. Соғысқа дейін әскери қызметін өтеп келіп, Фрунзеде НКВД органдарында қызмет атқарған. Майданға өзі сұранып барып, Орталық майданның 60-шы армия, 112-ші атқыштар дивизиясының 416-шы полкінде взвод командирі, атқыштар ротасының партия жетекшісі болды. 1943 жылы 28 қыркүйекте Киев маңында плацдармды алуда жараланған рота командирін алмастырып жаудың қарсы шабуылын тойтарғаны үшін Батыр атағы берілген. Соғыстан кейін Қырғызстанның Беловодск жүк автобазасында жұмыс істеді. Сондай-ақ, Романютин Александр Иванович те 1924 жылы біздің Георгиевкада туған. КПСС мүшесі. Соғыстың аз-ақ алдында іргедегі Қант жұмысшылар поселкесінде мектеп бітіріп, сол жерден майданға алыныпты. Артиллерист, Воронеж, I-ші және II-ші Белорусь, I-ші Украин майдандарында соғысты. 1944 жылы Днепрден өтіп жау плацдармын алу кезіндегі ерлігі үшін Батыр атағы берілген. Соғыстан кейін Киевте, Алматыда тұрып, 2006 жылы қайтыс болды. Ерлік ешқашан ұмытылмақ емес. Ресейде де, біздің елімізде де 1941 жылғы сұрапыл күзде Мәскеу қорғанысына Панфилов дивизиясының өлшеусіз еңбек сіңіргені әділ бағаланып келеді. Батырларға ескерткіштер орнатылып, фильмдер түсірілуде. Қаншама кітаптар жазылып, мұражайлар ашылды. Әндер шығарылып, театрлық қойылымдар қойылуда. 2005 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде Ұлы Жеңістің 60 жылдығына арналған салтанатқа қатысып, Дубосеково разъезінде панфиловшы батырлардың қаны тамған топыраққа тағзым еткен, Волокаламск қаласында Панфилов пен Момышұлы бюстерінің ашылуына қатысқан болатын. Ал қазір Ресей мен Қазақстан бірлесіп Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «28 панфиловшылар» деген жаңа фильм түсіруде. Иә, заман өзгеруде, бірақ біздің аталарымыз бен әкелеріміздің ел басына күн туғанда есепсіз төгілген қанымен жасалған ерлігіне, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске деген құрметімізге ешқашан дақ түспеуге тиіс. Олардың қатарында 28 батырдың ерлігі де қай заманда да мәнін жоғалтпайтын, отаншылдық асқақ рухтың өнегесіне айналған, күйе жағылмайтын ерлік.
Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».
Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Қант қызылшасын жинау жұмысы қарқынды
- 29 қазан, 2024
Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтті
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді