Сайлау–2015
Қордай Елбасы сайлауына қордайлықтардың тыңғылықты даярлықтармен келгені дауыс берудің алғашқы минуттарынан-ақ көрінді. Барлығы 61 мыңнан аса сайлаушы тіркелген аудандағы 51 сайлау учаскесінің қай-қайсысында да таң алагеуімнен музыка ойнап, сайлаушылардың алдыңғы легі келіп, сыртта кезекке тұра бастады. Мәселен, аудан орталығындағы сегіз сайлау учаскесінің бірі орналасқан Абай атындағы қазақ орта мектебінің ауласы таңғы алты жарымда келушілерге лық толды. Көңілі көтеріңкі жұрт бірін-бірі мерекемен құттықтап, өзара емен-жарқын дидарласуда. Мұндағы №237 сайлау учаскесінде сағат тілі жетіге таялғанда Мемлекеттік Әнұран ойналып басталды. Комиссия төрайымы, мектеп директоры Шынар Саурықова таңмен таласа дауыс беруге келгендерді құттықтап, бүгінгі сайлаудың еліміз үшін маңыздылығын атап көрсетті. Комиссия мүшелері орындарына жайғасып, сайлаушылар өз арасындағы сексен бір жастағы Қадыр Қыдырбаев қарияны алға оздырып, алғашқы болып дауыс беруге шақырды. Бірінші болып дауыс беруші ретінде оған арнайы сыйлық тапсырылды. Сондай-ақ, кәмелеттік жасқа толып сайлауға алғаш қатысушы Арна Амангелді, Диана Кистанова, Сабина Құрмаш есімді жас сайлаушыларға да сыйлықтар тапсырылды. Бұл сайлау учаскесінде 2040 сайлаушы тіркелген. Олардың 14-і жас сайлаушылар да, 21- өздігінен сайлау учаскесіне келе алмайтындар.
– Қордай елінің Президент сайлауын жоғары ұйымшылдықпен өткізгеніне куә болдым, – деді сайлау барысымен танысуға келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков. Меркі ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы Меркі ауданында да ойдағыдай өтті. Мәселен, аудан орталығындағы №275 сайлау учаскесіне таңертең сағат 6-да сенімді өкілдердің қатысуымен сайлау бюллетеньдері қайта саналып, комиссия мүшелері таныстырылды. Мұнда 2568 сайлаушы тіркелген екен. Олар таңғы сағат 7-ден дауыс беруді бастады. Өз кезегінде сайлаушыларды жылы жүзбен қарсы алған комиссия мүшелері алғаш рет дауыс берген тұрғындарға сый-сияпат та жасады. Солардың бірі – №9 Меркі колледжінің білімгері Құрбанай Құрбанбаева. Қуаныштан жүзі бал-бұл жанған Құрбанай:
– Бүгін 26 сәуір күні мен 18 жасқа толып отырмын. Менің туған күніммен кезектен тыс Президент сайлауының сәйкес келгеніне өте қуаныштымын. Өз таңдауымды жасап, алғаш рет дауыс бердім, – деді. Сарысу Жаңатас қаласындағы №363 сайлау учаскесінің төрағасы Серік Ниязов сайлаушыларды айтулы күнмен құттықтады.
– Бұл сайлау, – деді ол, – халықты бұдан да ары қарай топтастырмақ, жаңа белестерді алуға жұмылдырмақ.
Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалып, одан әрі дауыс беру басталып кетті. Алғашқылардың бірі болып күзет бөлімінің қызметкері Сәруар Оразбеков, 73 жастағы қарт Кулшикен Аханбекова және ең жас сайлаушы спорттың дзюдо түрінен Қазақстан Республикасының жеңімпазы, спорт шебері Қарлығаш Сейдіш дауыс берді. Оларға сайлау комиссиясы тарапынан сыйлықтар табыс етілді.
Сонымен қатар, сайлау учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан байқаушы ретінде халықаралық бақылаушы, Қырғызстан Республикасының азаматы Анарбек Шеримбеков сайлаудың әділ, әрі таза өткеніне көзі жеткендігін айтты.
Осылайша, таң атқаннан кеш батқанға дейін сайлау учаскесіне ағылған аудан жұртшылығы өз таңдауларын жасап, белсенділіктерін көрсетті. Мойынқұм Маңызды саяси науқан кезінде Мойынқұм ауданында 22 сайлау учаскесі жұмысын жүргізді. Одан бөлек 44 бақылаушы да сайлау кезінде өз міндеттерін атқарды. Таң атқаннан бастап, күн еңкейгенге дейін мүлтіксіз қызмет еткен сайлау учаскелеріне 17251 сайлаушының 16942-сі келіп, өз таңдауын жасады. Бұл сайлаушылардың 98,36 пайызы. Ал қалыптасқан үрдіске сай жас сайлаушылар мен жасы егде тартқан дауыс берушіге арнайы сыйлықтар тапсырылды.
Күшаман ауылында №311 сайлау бөлімшесінде 663 сайлаушы тіркелген. Оның тең жартысы көршілес Көкжелек ауылының тұрғындары. Манағы дауыс берушілердің 651-і өз болашақтарына байланысты берік шешімдерін жасады. Қос бақылаушылардың назарындағы саяси науқан заң шеңберінде өтті. Өз өміріндегі алғашқы дауысын берген Ақерке Тілеуге сайлау комиссиясы шағын сыйлық ұсынды. Талас Қаратау қаласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы гимназияға орын тепкен №413 сайлау учаскесіне сайлаушылардың алды таңертеңгі сағат жеті болмай жатып жинала бастаған. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Құрманғазы Байсейітов Қазақстан Республикасы Президенті сайлауына байланысты кішігірім жиын өткізді. Онда қала тұрғыны, қарт сайлаушының бірі Исабек Сартаев сөз алды.
Жиын аяқталысымен сайлау учаскесіне келген алғашқы сайлаушылар бюллетеньдерін мөлдір жәшікке салып, өз таңдауларын жасады. Сайлау учаскесінде алғашқылардың бірі болып аудан әкімі Б.Рысмендиев те дауыс берді.
26 сәуір күні Талас ауданындағы 30 сайлау учаскесінде бір мезетте саяси науқан басталып, күні бойы өткен сайлау барысында таластықтар ұйымшылдық көрсетті. Шу Қазақстан үшін тағдырлы тарихи науқан өз мәресіне жетті. Маңызды саяси оқиғаға жұртшылықтың жаппай қатысып, белсенділік танытуы – әрбір қазақстандықтың баянды болашағымызға бейжай қарамайтындығының, бүгінгі алған бағытымызды жалғастыруға деген ұмтылыстың дәлелі болса керек.
Көптеген ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы жарасып, ырысты еңбекті ту еткен Шу ауданының тұрғындары да бір кісідей саяси науқанға қатысып, ортақ мақсаттағы ұранға үн қосты. Сәуір айының 26-жұлдызында таңғы сағат 7-ден бастап-ақ аудан аумағында сайлауға асыққандардың қарасы көріне бастады. Шулықтарға есігін айқара ашқан 44 сайлау учаскесі өз жұмысын ұйымдасқан түрде, тиянақты атқара білді. Ал аудандағы сайлаушылардың жалпы саны 48871 адамды құраған. Сәт сайын сайлау учаскелеріне ағылған халықтың легі артып, сағат 10 шамасында тұрғындардың 18,1 пайызы ел Президеттігіне үміткерлерге дауыс беріп үлгерді. Кешкі сағат сегізге дейін жалғасқан сайлау барысын үміткерлердің сенімді өкілдері мен бақылаушылар қадағалап отырды. Бұл күні ауданға облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов арнайы келіп, жергілікті халықтың айтулы науқанға атсалысу белсенділігін көрді.
Осылайша, шулықтардың ізетті үлкені де, жалынды жасы да ниет қосқан науқанға сайлаушылардың 98,2 пайызы қатысты.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді