Елбасы жеңісі – елдіктің жемісі

Елбасы жеңісі – елдіктің жемісі
ашық дереккөз
Елбасы жеңісі – елдіктің жемісі

«Сайлау нәтижесі – менің ел басшылығында жүріп өткен жолдарыма берілген зор баға»

Ішкі-сыртқы саясатымыз өзгермейді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Президенттік сайлаудың қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізді. Бұл туралы Ақорданың Твиттердегі парақшасында хабарланды. Қазақстанның ішкі-сыртқы саясаты өзгермейді. Бұл туралы Ақордада отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты. Елбасы өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысымен елімізде кезектен тыс Президенттік сайлау өткенін еске салды. «Таң атысымен сайлау учаскелерінде халық бала-шағаларымен бірге дауыс беру үшін кезекте тұрды. Яғни, дауыс беру күні мереке сияқты өтті. Бұл – менің жүргізіп отырған саясатымның, елдің, көп этносты Қазақстанның бірлігінің арқасы», – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар ҚР Президенті ел экономикасын өркендетіп, халықтың жағдайын, әлеуметтік тұрмысын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасатынын баса айтты. «Бөліну емес, бірігу қажет. Қазақтың тарихының өзі солай, ылғи бірігу үшін күресіп келе жатырмыз. Қазір де сол бағытты ұстайтын боламыз. Ішкі-сыртқы саясатымыз өзгермейді. Осы жолмен жүре береміз. Себебі осы жолды халық қолдады», – деді ҚР Президенті.

Теңге девальвациясына ешқандай алғышарттар жоқ

Теңгенің девальвациясына ешқандай да алғышарттар туып тұрған жоқ. Ақордада бұқаралық ақпарат құралдарына арнап брифинг өткізген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев журналистер сұрағына жауап бере отырып, осылай мәлім етті. Брифинг барысында былтырғы жылдың соңынан бері теңгеге қатысты девальвация әңгімесі өршіп тұрғаны айтылып, сайлаудан кейінгі теңге тағдыры не болатыны сұралған еді. «Сайлаудан кейін күрт өзгеретіндей ештеңе де болмайды. Қалай жұмыс істедік, солай істей береміз. Бұған дейін ескерткенімдей, ешқандай да алғышарттар жоқ. Қазақстандықтар мені біледі, егер сондай бір жағдай туындаса мен оны өзім айтамын. Одан қорғанудың, сақтанудың да керектігін мен ескертемін», – деді Н. Назарбаев. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Ресей рубліне қатысты теңге бағамында да біршама құбылулар болғанын да еске салды. Өйткені, бұл елмен Қазақстанның байланысы тығыз, саудасы жоғары болатын. «Қазір бәрі тұрақты. Ешқандай да жоспар белгіленген емес, бұған ешқандай да жағдай тіреліп тұрған жоқ. Дегенмен, екінші мәселе – біз теңге бағамын еркін жіберу мәселесімен, таргеттеумен де жұмыс істеп жатырмыз. Бұл – күрделі мәселе. Біз бұны Халықаралық валюта қорымен бірлесіп шешпекпіз, олар бізге техникалық кеңестер береді. Ал оны атқару бес жылдан бұрын болмайды. Ол үшін теңгенің бағамы шетелдік валюталарға қарағанда еркін болып, коньюнктураларға, көрші валюталарға қарай өзгеруі тиіс. Біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Ал оған арнайы жағдайлар жасалуы керек. Қазақстанның қаржы жүйесі дамуы керек», – деді Н. Назарбаев.

Адамдардың сайлауға белсенді қатысуы мені толқытты

Кешегі сайлау нәтижесі менің ел басшылығында жүріп өткен жолдарыма берілген зор баға болды. Ақордада бұқаралық ақпарат құралдарымен өткен брифинг барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді. Журналистер сауалына жауап бере отырып, Елбасы кешегі сайлауға басқаларға қарағанда көбірек алаңдаған адамның бірі екенін, телевидениеден, барлық өңірлерден түсіп жатқан ақпараттарды мезгіл сайын бақылап тұрғанын айтты. «Білесіздер ме, ең бірінші рет сайланғанда толқу – бір басқа, ал 20 жыл осы лауазымда қызмет етіп келіп, сайлауға қатысу – бұл мүлдем басқа. Шындығында, халықта да, сенің өзіңде де шаршағандық болуы мүмкін. Марқұм Ли Куан Юдан «Бәрі жақсы келе жатыр еді ғой, неге кеттіңіз?» деп сұрағанымда, ол өзін телеарналардан көргісі келмегенін айтқан. Әрине, бұндай сәттер бізде де болып тұрады. Осы лауазымда ұзақ жылдар отырғаныма қарамастан, кеше елдер кезекке тұрып, дауыс беруге қатысты. Министрлердің өзі бір сағат кезекте тұрды. Адамдардың бала-шағасымен, қарт кісілердің немерелерін ертіп, сайлауға белсенді қатысуы, міне мені толқытқан сәт – осы. Бұл – жүректі тебірентпей қоймайтын ең нәзік дүние», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар, Президент Қазақстан мемлекетінің басшылығында жүріп өткен жолдарға назар аудара отырып, кешегі сайлау осыған берілген баға болғанын айтты.

Бизнес күресте шыңдалуы керек Ақордада бұқаралық ақпарат құралдарымен өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. «8 мамырда Мәскеуде Еуразиялық экономикалық кеңестің Жоғары Кеңесінің отырысында біздің Үкіметтеріміз атқарылған шаралар туралы баяндайтын болады. Жалпы, бүгінгі таңда Еуразиялық экономикалық одақ аясында жағдай тұрақталып келеді», – деді Елбасы. Сонымен бірге, Президент отандық бизнесте әлі де бәсекелестікті шыңдау керектігін алға тартты. «Мен қазақстандықтарға ескерткенмін. Егер біз үш мемлекеттің арасында жүріп, тиісті деңгейде бәсеке құра алмасақ, онда бүкіл әлеммен қалай бәсекелесе аламыз? Егер біздің бизнесмендер жақсы бағаға жоғары сапалы тауар шығара алмаса, ол Еуропалық одақпен қалай бәсекеге түседі? Сондықтан да, бизнес күресте шыңдалуы керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы қайта сайланған Президент ретінде бірінші кезекте 5 институционалдық реформаға қатысты комиссия құруға кіріспек

Ақордада бұқаралық ақпарат құралдарымен өткен баспасөз мәслихаты барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қайта сайланған Президент ретінде 5 институционалдық реформаға комиссия құру ісіне кірісетінін жеткізді. «Сайлаудан кейін бүгін жұмыс бірден жалғасып жатыр. Бәлкім, менің ең бірінші қол қоятын актім 5 институционалдық реформаға қатысты комиссияны құру туралы болатын шығар. Біз осы мәселеге бірден кірісеміз, әр пунктімен жеке-жеке жұмыстар атқарамыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұдан бөлек, Елбасы өткен сайлауда қазақстандықтардың басым бөлігі елдік дамудың айқындалғанын, бағытына қолдау білдіргенін атап өтті. «Мен барлық бағдарламаларды сайлауға дейін жариялаған болатынмын. Үкімет отырысында, «Нұр Отан» партиясының Съезінде, Ассамблея сессиясында бұның бәрі талқыланды. Мұның бәрін жұрт қолдап отыр. Ендеше, халық маған «Өзіңнің бастаған ісіңді аяқта» деп бұйыратын секілді сезінемін. Яғни, елімізде тыныштық пен тұрақтылықты сақтай отырып, жұртшылықтың жағдайын жасау. Әрине, дағдарыстың туындауы сайлау үшін де, мегажобаларды жүзеге асыру үшін де жақсы кезең емес. Десе де, Қазақстан мұндай дағдарыстың барлығын жақсы еңсеріп шықты, бұл жолы да жүрісімізден жаңылмаспыз», – деді Мемлекет басшысы.

Ұқсас жаңалықтар