«Қозыбасы – хандықтың бастауы»

«Қозыбасы – хандықтың бастауы»
ашық дереккөз
«Қозыбасы – хандықтың бастауы»

 атты күйшілер мен жыршы-термешілердің облыстық байқауы өтті

Халқымыздың асыл мұрасы, текті ұрпақ сабақтастығының ұлы дәнекері, ұлттық құндылығымыз – бұл қазақтың күй өнері, қоңыр әуені, жыр-термесі, қара өлеңі мен қисса дастандары. Қазақ – өнерлі халық, дегенмен дәстүрлі өнердің тереңдігін, тазалығын қорғап, зау биіктер деңгейінде ұстай білу – бұл қасиет. Бұл – жалпылардың емес, жалғыздардың маңдайына жазылып, жүрегіне қонған өмірлік миссиясы. Дәулескер күйші, алтын қордан ойып орын алатын туындылардың, атақты «Ерке сылқым» күйінің авторы Әбдімомын Желдібаев пен есімі елге тараған танымал жыршы-термеші Аяз Бетбаев өз заманының өнердегі ұлы міндетін арқалаушыларының бірі болса керек. Сондықтан, бүгінгі толқын ұлттық құндылықтарды қалай қадірлесе, оның ұлықтаушыларын да солай құрметтеуге тиіс. Олардың жастар арасынан дәстүрлі өнер жанашырларын көптеп тәрбиелеуде өзіндік салмағының бар екендігін естен шығармаған жөн. Дәстүрлі өнеріміздің бұл қос майталманының есімдерін басқалардан бөліп айтуымыздың өзіндік себебі бар. Әбдімомын Желдібаевты да, Аяз Бетбаевты да түлеткен – шырайлы Шу өңірінің топырағы. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Шу ауданында күйшілер мен жыршы-термешілердің облыстық дәстүрлі байқауы өтті. Ә.Желдібаев пен А.Бетбаевтың шығармашылығына арналған «Қозыбасы – хандықтың бастауы» атты өнер аламанын облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырды. Бұл байқауға Тараз қаласы мен аудандардан 12 күйші, 8 термеші қатысты. Олар өздері сынға түсетін аталымдар бойынша екі шығармамен өнерлерін ортаға салды. Мәселен, ұлттық аспаптар аталымының үміткерлері Ә.Желдібаевтың шығармасы мен кез-келген автордың шертпе күйін, ал жыршы-термешілер аталымы бойынша сынға түсушілер А.Бетбаевтың термесі және жетісулық авторлардың терме, дастан, толғауларынан үзінді орындады. Іс-шараның кіріспесінде облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев және Шу ауданы әкімінің орынбасары Ербол Аймамбетов сөз сөйлеп, үміткерлерге сәттілік тіледі. Үміткерлер арасынан алғашқы болып Жамбыл ауданының намысын қорғауға келген Азиз Кәдірханұлы өнер көрсетті. «Толғау» күйімен басталған өнер бәсекесінде туындылардың қайталануы сирек ұшырасты. Қос аталым аясында сахнаға шыққан үміткерлер арасында қанаты енді ғана қатайып келе жатқан жастар да, түйгені көп тәжірибелі орта жастағы өнерпаздар да болды. Десек те, бұл байқау бап пен бақтың кейде қатар шаппайтындығын, өнердің жас талғамайтындығын дәлелдеді. Онда Ә.Желдібаевтың «Жетісу сазы», «Ерке сылқым», «Серпін», «Жамбыл баба жыр толғайды», «Шабыт», «Ата тек», А.Бетбаевтың «Сыпатай батырға арнау», «Бауыржанға арнау», «Ғашықтар», «Шу өңірі», «Кененнің 90 жылдығына арнау» сынды шығармалары орындалды. Байқау қорытындысында кейбір қатысушылар 25 мың теңге көлеміндегі ынталандыру сыйлықтарын алды. Жүлделер көлемі 3-орынға 50 мың, 2-орынға 100 мың, 1-орынға 150 мың теңгені құрады. Сынға түскен 8 жыршы-термешінің, 12 күйшінің арасында 3-орынды екі үміткерден иеленді. Жыршы-термешілер арасынан Байзақ ауданынан келген Әбдіқасым Сайлыбаев топ жарса, күйшілер жарысында да бірінші орын байзақтық жас өнерпаз, Астана қаласындағы өнер академиясының түлегі Айман Шерметованың еншісінде кетті. «Ата тек» шығармасын орындаған Айман Ә.Желдібаевтың бұл күйін алғаш жарыққа шығарушы екендігін, дыбыстық жазбадан ұстазы Жанғали Жүзбаевтың нотаға түсіріп бергендігін айтады. Дәулескер күйші жеңімпазға жүлдені тапсырып тұрып: «Күйді сыйлағаның – ұлтыңды сыйлағаның», – деді. Іс-шараның қорытындылау кезеңінен соң, күйшілер, жыршы-термешілердің қатысуымен концерт өтті. Онда жерлестерінің алдында Аяз Бетбаев та өнер көрсетті.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар