Соғыс – барды жоқ ететін, тауды жер ететін күйретуші күш. Жер бетіндегі тіршілік атаулының бәрін жалмап жұтатын тажал. Сол бір тажал Кеңес еліне төнген шақта Алаш атырабынан да жауға қарсы сарбаздар көші бет түзеген еді. Солардың жанкешті ерліктерінің арқасында жеңіс туы желбіреді. Сол жеңіс туының көкте желбіреуіне сеп болып, намысын найзасына байлап, Отан үшін майдан дейтін маздаған отпен бетпе-бет келіп, өңірімізден зұлмат соғысқа аттанғандар аз емес. Солардың бірі Ыбырайым Ділімбетов еді.
1919 жылы 15 мамырда Бірлік ауылында дүниеге келген Ыбырайым Ділімбетов еңбек жолын Көктерек ауданы «Коминтерн» колхозында есепші болып бастап, аудандық статистика бөлімінің инспекторы да болып жұмыс істейді. Сұрапыл майданға 1942 жылы аттанып, соңғы жылына дейін жауға қарсы айқасқа қатысады. Кіші лейтенант Ыбырайым Прибалтика және Калинин майдандарында атқыштар взводының командирі болады. Сондай қанды шайқастардың бірінде, яғни 1944 жылы 19 қыркүйекте ауыр жараланып, денсаулығы жарамай, елге оралады. «Соғыс жылдары Алматы қаласын қысқы отынмен қамтамасыз ету мақсатында Шу стансасының жанынан Қосқұдық отын дайындау базасы құрылған екен. Сол мақсатпен Мойынқұмның сексеуіл өскен құмды даласында тар табанды темір жол салынып, бірнеше кішігірім разъездер пайда болған. Онда еңбек армиясына алынғандар отын дайындаумен айналысқан. Сол 1945 жылдың көктем айларында біз (шешеміз – Әпиза, әпкем – Күлзада және мен) үшеуміз темір жолдың 41-разъезінде жеркүркеде тұрып, отын дайындап жүрген әкемізге бір мезгіл ыстық тамақ беріп, күтуге келгенбіз. Ондағы жұмысшылардың хал-жағдайлары өте ауыр еді. Армиядан қайтқандар үстерінде солдат шинельдері бар осы темір жол арқылы Көктерек ауданындағы ауылдарына баратын. Разъездегі балалардың ойнайтын жері де осы темір жолдың жағасы еді. Оларды көргенде әпкем Күлзада екеуміз балаларға қосылып, көкеме арнап өлең айтушы едік. «Мәскеу жақтан пойыз келед, Жаңбыр ма екен, қар ма екен, Сол пойыздың ішінде Ыбырайым көкем бар ма екен», деп әндетіп жүргенімізде шынымен-ақ менің көкем сол пойыздың ішінде бар болып шықты. Ол кісілерді 61-разъезден екі ат жеккен арбамен аудандық партия комитетінде жауапты қызмет істейтін жеңгеміз Ұлбосын мен Әбдірайым көкем бастаған кісілер күтіп алыпты. Көкем елге келе салып, өзі аудандық ішкі істер бөліміне қызметке орналасып, бізді аудан орталығы Бірлік ауылына көшіріп алады. Келесі жылы мен бірінші сыныпқа баратын болған соң өзім туған ауылым «Коминтерн» колхозына көшіп келдік. Кейінірек Ыбырайым көкем осы колхозға басқарма төрағасы болды», – деп еске алады еңбек ардагері, отставкадағы милиция полковнигі, туысы Жәнібек Майханов өз естелігінде. От пен оқтың ортасынан оралып, 2-топтағы соғыс мүгедегі болса да елге көмегім тисін деп еңбек еткенді жөн көрген Ыбырайым ата Көктерек аудандық ішкі істер бөлімінде учаскелік инспектор, сол аудандағы «Коминтерн» колхозының басқарма төрағасы болып қызмет атқарған. Сонымен қатар, аудан орталығының Бірлік ауылындағы Көкірек ауылдық кеңесінің төрағасы және еңбекшілер депутаттары Көктерек аудандық атқару комитетінің нұсқаушысы болған. Осындай лауазымды қызметтер атқарса да кішіпейілділік қасиетімен көпке үлгі болыпты. Өмірлік жары жарты ғасырдай бірге өмір сүрген Ұлбосын Байырова екеуі екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсіріп, сол балаларынан бүгінде 10 немере, 20 шақты шөбере тарап отыр. Көзін көргендердің айтуынша, майдангер өнерге өте жақын адам болыпты. Өзінің жары Ұлбосынға арнап «Ұлбосынға сағыныш» деген күй де шығарған екен. Ыбырайым Ділімбетов Ұлы Жеңістің 55 жылдығын тойлағаннан кейін 84 жасында дүниеден озды. Ұлы Отан соғысы кезіндегі еңбектері бағаланып, бірнеше медальдармен және Алғыс хаттармен марапатталған. Иә, жеңіс үшін аштыққа да, ауыр жұмыстарға да, тіпті өлімге де қарсы тұра білген осындай арда туған ардагерлер қаншама азапты күндерді басынан кешіріп, бүгінгі көк аспанында ақ көгершіні қалықтаған бейбіт күнді сыйлады. Сол үшін ардагерлерімізге тағзым етіп, олар әкелген тыныш өмірдің тұнығын лайламауға біз де сөз береміз.
Наурызбек САРША, «Ақ жол».
Мойынқұм ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Болашақ сарбаздар бірқатар сараптамадан өтуге міндеттелді
- 29 қазан, 2024
Кітапханадағы келелі кездесу
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді