«Шу-Алматы-1» теміржолында

«Шу-Алматы-1» теміржолында
ашық дереккөз
«Шу-Алматы-1» теміржолында
екінші желінің құрылысы басталды 17Елбасының «Нұрлы жол» – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы жаңа бастамалар кезеңіне бағыт сілтеп, елдегі экономикалық саясаттың ажырамас бөлігі саналатын жолдар мәселесін реттеуде маңызды міндеттермен ерекшеленді. Осы орайда, әлемдегі қаржылық дағдарыс толқынына қарамастан, тапсырма аясындағы тірліктер тоқтап қалған жоқ. Осының бір дәлелі – тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу ауданындағы «Шу-Алматы-1» темір жол телімінің екінші желісі құрылысының басталуы болса керек. Бұл тарихи сипаттағы елеулі оқиғаға орай аудан аумағындағы Кемер стансасында салтанатты жиын өтті. Оған ҚР Инвестициялар және дамыту жөніндегі вице-министр Жеңіс Қасымбек, «Қазақстан Ұлттық темір жолы» ҰҚ» АҚ президенті Асқар Мамин, еліміздің тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев және аудан тұрғындары мен теміржолшылар қатысты. – Біз бүгін еліміздегі тарихи маңызы бар үлкен экономикалық жоба құрылысын бастағалы отырмыз. Тәуелсіздік жылдарында 2500 шақырымнан астам темір жол салынды. Бұрыннан бар 306 шақырымға созылған темір жол желісінде пойыз қозғалысы артып келеді. Жаңа екінші темір жол желісін салу арқылы жолдың өткізу қабілеті қазіргі 25 миллион тоннадан 80 миллион тоннаға дейін артпақ. Сонымен қатар, жүк пойыздарының жол жүру уақыты да екі есеге қысқарады. Жобаны жүзеге асыру барысында 110 шақырымдық басты жол салынады. Басты жолдың бойында 92 дана инженерлік құрылғылар болса, 22 темір жол көпірі, екі жол өткелі салынады, – деді Асқар Мамин аталған жиында. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев та теміржолшыларды жаңа нысан құрылысының басталуымен құттықтады: – Түркістан -Сібір магистралінің телімі саналатын «Шу-Алматы-1» ескі темір жолы осыдан 85 жыл бұрын салынған. Темір жол – экономиканың күретамыры. Оның дамуы ел экономикасының өркен жаюына оң ықпалын тигізіп, темір жол саласына тың серпін берері сөзсіз. Аталмыш жоба мемлекеттік маңыздылығы бар тапсырма болып табылады. Темір жол дегеніміз – тұрақты жалақы көзі және әлеуметтің әлеуетін арттырушы ауқымды сала. Еліміздегі мұндай оң қадамдар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасы, – деп атап өтті облыс басшысы. Ал Құрметті теміржолшы, Шу ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Қалтай Сәмбетов бұл құрылыстың маңыздылығына тоқталды: «Мен жастайымнан шойын жолдың тіршілігімен тыныстап, оның қыр-сырын түгелдей санама сіңірген адаммын. Көптен күткен жоба құрылысы көлік ағымының екінші тынысын ашары сөзсіз. Бүгінгі темір жолдар – барлық жұмысшылардың бірлескен қажырлы еңбегінің нәтижесі», – деді ол. – Жолдар құрылысымен «Темір жол жөндеу» және «Жол жөндеуші» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері айналысады. Біздің мекеме жалпы ұзындығы 32 шақырым болатын Шудан Аңырақайға дейінгі жолды салады. Бізге берілген жол бөлігінің құны 11 миллиард теңге болмақ, – деді С. Ерғожин. Облысымыздың аумағындағы темір жол магистралі желілерінің құрылысымен, қайта қалпына келтіру және күрделі жөндеу жұмыстарымен «Темір жол жөндеу» ЖШС-ның филиалы «Бірлік жол машина станциясы» айналысады. Онда 173 адам жұмыс жасауда.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

 Шу ауданы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан

Ұқсас жаңалықтар