Чемпиондар шығар шың алда
ҰЛТТЫҚ ЛИГАҒА ДЕБЮТАНТ РЕТІНДЕ ҚАТЫСЫП, Ә, ДЕГЕННЕН ҚАРСЫЛАСТАРЫНА СОҚЫР ҰПАЙ ҰСТАТПАЙ, ЖЕКЕ ДАРА ШАПҚАН «ТАРАЗ» ВОЛЕЙБОЛ КЛУБЫ 4 КІШІ ЖӘНЕ ЖАЛПЫ ТУРДЫҢ НӘТИЖЕСІНДЕ ЕЛ ЧЕМПИОНЫ АТАНҒАНЫН ГАЗЕТІМІЗДІҢ ӨТКЕН САНЫНДА ЖАЗҒАН БОЛАТЫНБЫЗ. Өңір намысын аспандатқан әуедоп шеберлерін облыс әкімі, облыстық волейбол федерациясының Президенті Кәрім Көкірекбаев қабылдады. Кездесу барысында өңір басшысы: «Биылғы жыл «Тараз» волейбол клубы үшін өте табысты болды. 28 ойында 75 ұпай жинап, 25 ойында жеңіске жетіп, өздеріңіздің шын мықты екендіктеріңізді дәлелдедіңіздер . Бұл үлкен жетістік пен ұжымды,бапкерлерді,барлықтарыңызды құттық- таймын. Спортта жеткен жетістіктер жас өрендерге үлкен өнеге, үлгі болары сөзсіз. Азия ойындарында да жамбылдық қыз-жігіттер толайым табыстарға қол жеткізді. «Еуразия барысы», бильярдтан өткен әлем чемпионаты бәрі де біздің облыстың нағыз спорттық аймаққа айналып келе жатқанының көрінісі. Енді жазда волейболдан әлемдік лига ойындары өтеді. Алматы мен Астана емес, облыс орталығы Тараз шаһарында Венесуэла, Египет, Испания секілді құрамалардың келуінің өзі үлкен жаңалық. Доданы лайықты өткеруге бізде барлық жағдай бар. Жігіттер, сенімді ақтағандарыңызға үлкен рахмет. Сіздерге күллі жанкүйер қауым әлі де сенім жүгін артады. Келесі жылдары да тамаша ойын үлгісін күтеміз. Оған мүмкіндіктер мол», – деді.
Мұнан соң команданың бас бапкері Виктор Бекша сөз алып: «Тапсырманы ойдағыдай орындадық. «Тараз» алдағы уақытта волейбол орталығына айналуы керек. Дәл қазір Алматы сондай мәртебеге ие екені мәлім. Дегенмен, қазіргі кездегі облыс волейболының дамуы келешекте «Тараз» төрі волейбол орталығына айналатындығына сендіретіндей. Қамқорлығыңыз үшін рахмет. Әлі де жеңістерге жетуге ұмтылатын боламыз» деп өз ойымен бөлісті. Бұдан кейін сөз сөйлеген «Тараз» волейбол клубы директорының орынбасары Сұлтан Рыспанбетов келер маусымда Азияның чемпиондар лигасында жақсы ойын көрсетуге тырысатындықтарын сөз етті. Соңыра команда капитаны Евгений Быхалов облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевқа символикалық медальды, Кәрім Нәсбекұлының аты-жөні жазылған волейбол клубының жейдесін және жеңіс әкелген былғары допты тарту етіп тұрып: «Бұл – біздің чемпион болған сәтте ойнаған добымыз. Бір сөзбен айтқанда, осы былғары доп бізді жеңіске бастады. Сіздің де бастаған істеріңіз жеңіс пен жетістікке толы болсын» деп игі тілегін білдірді. Кездесу соңынан команданың бас бапкері Виктор Бекшадан ұжымдағы легионерлермен келісім-шарт қаншаға созылғанын, аяқталған болса ұзарту ойда бар ма екенін сұрағанымызда, легионерлердің келісім мерзімі аяқталғанын айтып, бұл мәселе алдағы уақытта сараланып барып, шешім қабылданатынын тілге тиек етті.
«Тараз» жанкүйерлер рухын көтерген команда ретінде келер маусымда да атой салатынына сенейік. Иә, аутсайдерден фаворитке айналған команданың алар асуы әлі алда.
Табиғат АБАИЛДАЕВ,
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Ауданға еңбегі сіңген абыройлы азамат
- 17 қыркүйек, 2024
Әулиеаталықтар айтулы аламанда атой салды
- 16 қыркүйек, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді