Шәкі апай 1975 жылы тұп-тура 80-де болған екен. Биыл тірі болса 120-ға келер еді. Ондай ұзақ жасау қай пенденің пешенесіне жазыла берген дейсіз? Ол кісі 82 жасында о дүниелік болып кеткен екен. Қазақта «бала тапқандыкі емес, баққандыкі» деген мақал бар. Сол айтпақшы, Бөлекбайқызы Шәкі апа Амантайды жалғыз баласы Қозыбайдан кем көрмей, бағып-тәрбиелеген. 1967 жылы өзінің аты берілген Майтөбе орта мектебі ол кезде жеті жылдық екен, сол мектепті бала Амантай екі-ақ сабақтан «төрттік» алып, қалғанын «5»-ке тәмамдапты. Әженің көзінің тірі кездегі айтуына қарағанда, Амантай «маңдайы жарқыраған, жүрген жерін думандатып жүретін жайсаң жігіт» болып өсіпті. Өте алғыр, пысық, өжет екен. Жеті жылдықты бітірген соң аз уақыт колхозда еңбек етіп, Билікөлдегі мал шаруашылығына мал дәрігерлерін дайындайтын курсты бітіріп, «Майтөбеде» біраз уақыт ферма зоотехнигі болып істейді. Оқуға құштар Амантай Алматы мал дәрігерлік институтында білімін (1938-1939 жылдары) жетілдіріп, ауылға оралып ферма меңгерушісі деген қызметтің тізгінін ұстайды. Анасынан артық көретін Шәкі апайын Батыр 1941 жылдың маусым айында соңғы мәрте «апа» деп құшақтап, ел қорғауға аттанған. 1978 жылы шыққан Сарысу аудандық газетінің 9 мамыр күнгі санында журналист Ә.Әлменовтің Амантай туралы мақаласында Батырдың курсант кезіндегі суреті беріліпті. Журналистің жазуына қарағанда, оның ең әуелі Ресейдегі Челябинск қаласында кіші командирлер даярлайтын курста оқығаны анық. Аға сержант шенін де сол жерде алған екен. Шәкі анасының салып жіберген сәлемдемесін алған соң Амантайдың: «Апа, өзіңді көріп, қолыңыздан дәм татқандай болдым. Амандықпен кездескенше!» деген үшбұрышты хат жолдарындағы жазудан баланың анаға деген шексіз махаббаты сезілмей ме?! Сол хатты Шәкі апамыз о дүниеге кеткенше көзінің қарашығындай сақтап, Дәулетбеков атындағы мектеп ашылғанда сол жерге өткізген көрінеді. Өкінішке қарай хат жоғалып кеткен. Челябинск қаласында алты ай бойы әскери машықтан өткен Амантай өзі секілді бір топ әскерге келген азаматтармен бірге батысқа қалың соғыстың ортасына аттанған. Сонау 1943 жылғы Украинадағы Днепр өзенінен өту кезіндегі кескілескен шайқаста Таластың екі оғланы – Амантай Дәулетбеков пен Сәду Шәкіров асқан ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атағын иеленгені белгілі. Бірақ Украина майданына қарасты 1180-артиллерия полкінің командирі, полковник Маздың жазғанына қарағанда, зенит қондырғысының командирі Амантай Дәулетбеков Ұлы Отан соғысында бетбұрыс кезең саналған Сталинград пен Орел, Курск иініндегі қырғын соғыста-ақ ерен ерліктің үлгісін көрсетіп, сақа жауынгерге айналып қана қоймай, «Ерлігі үшін» медалімен және «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған екен. Ол туралы полк командирінің баяндау хаты да Шәкі апаға жетіпті. Амантай да соғыста аман-есен жүрмін деп сирек те болса хат жолдап тұрған. Алайда, Шәкі апайдың айтуынша, Сталинградтағы ақпан айындағы (1943 жылы) шайқастан соң, үшбұрышты хаттың келуі тыйылған. 1943 жылы 9 шілде күні Поныры ауданындағы 235,7 метр биіктен есіл ер Амантай Дәулетбековтің зеңбірегі жаудың 10 танкісін, өздігінен жүретін 7 зеңбірегі мен 1 рота солдатының (200-ден астам) көзін жойып, көзсіз ерлік көрсетті. Сұрапыл соғыста Амантай да өңмеңдеген неміс фашистерімен қолма-қол айқасқа кіріп, бес фрицтің көзін жойып, өзі де мерт болған. Маздың Амантайды Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынған түйіндеме хатында Амантайдың бір өзі жаудың 29 танкісін, 13 өздігінен жүретін зеңбірегін, 200-ден астам фашистің көзін жойғандығы жазылған. Сөйтіп, есіл ер 26 жасында опат болды. 1943 жылы 24 желтоқсан күнгі КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы Жарлығымен қазақ халқының даңқты ұлы Амантай Дәулетбековке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Содан бері де 72 жыл өтті. Содан бері, Құдайға шүкір, ел тыныш. Қазақ елі тәуелсіздігін алды. Шәкі апай ол дәуірді көрген жоқ. Айтпақшы, Шәкі апай Амантайдың анасы есебінде соғыс жесірлеріне берілетін зейнетақыны алып өтіпті. Ұлы анасының «ақ сүтін» солай ақтаған. Биыл қазақ елі де Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығын атап өтеді. Құдайға шүкір, Батырдың аты өшкен жоқ. Талас ауданындағы Майтөбе ауылында Амантай Дәулетбеков атындағы орта мектеп бар. Мектептің алдында Батырға ескерткіш-бюст қойылған. Оны кәсіпкер Досан Рымтай өз қаражатымен салдырды. Кеңес тарихын адамзат тарихынан (оның ішінде қазақ тарихынан) бөлек қарастыра алмайтынымыз анық. Бүгінгі ұрпақ та Амантай сынды батырлардың ерлігін біліп, мақтан етіп өссе, ол артық бола қоймас деп ойлаймын. Әсіресе, Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Қаратау қаласындағы бір көшеге Кеңес Одағының Батыры Амантай Дәулетбековтің есімі берілсе құба-құп болар еді дейміз. Оны айтып отырған себебіміз өткен жылы қала басшылығы қаладағы көшенің біріне есіл ердің есімін беру жөнінде жиын өткізгенде, сондағы азаматтың бірі ондай батырды білмейміз деп жұрттың назарын басқа жаққа аударып, азаматтыққа сын тірлік жасапты. Сірә, ол осы бейбіт өмірдің, тәуелсіздіктің Амантайдай жанқияр ерлердің ерлігі арқасында мүмкін болғандығын түсінбесе керек. Өкінішті-ақ.
Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».
Берікқара ауылы, Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Қант қызылшасын жинау жұмысы қарқынды
- 29 қазан, 2024
Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтті
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді