«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ғасыр ғажайыбы

Ғасыр ғажайыбы
ашық дереккөз
Ғасыр ғажайыбы
Сәуірдің алғашқы ақ таңында дүниеге келген Нұрағаң, Нұрғиса Тілендиев, туралы ақ қағаз бетіне түспеген жылы лебіздер, естелік, эсселер аз болмаса керек. Әлі де жалғаса берері хақ. Бірде – дана, бірде – бала, бірде – келтек, бірде – тентек мінезді, қылыштың жүзіндей, найзаның бізіндей дәуіңнен де бұқпаған, дауыңнан да ықпаған, әні мен күйін қатар жұптаған, онысын бірде – қиын, бірде – құйын сөзбен жырлаған, халқының маңдайына тәңірдің өзі сыйлаған Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев – өнердің жарық жұлдызы, ұлт мақтанышы, ғасыр тұлғасы. Нұрекеңнің осынау туа біткен тума қасиеттері мен өмірдегі ерекшеліктерін өзекті сабақтастырған қазақ поэзиясының қадірлі алыбы Қадыр ақын Мырза-Әлі: «... Жүрек – менің пайғамбарым, Лұқпаным. Содан менің биіктерге шыққаным. Ұқпағаным көп бойыңда, Нұраға, Қайталанбас құбылыссың ұққаным!» – деп, дөп басыпты. «Болар бала – бесіктен» дейді дана халқымыз. Үш жасында-ақ құлаққа таныс ескі күйлердің бір-екі қайырмасын Жамбыл жәкесіне қайыра тартып бергенде жыр алыбы: «Мына бәтшәғар қайтеді-ей, солақайға күй бітсе, қу ағашқа тіл бітеді деуші еді бұрынғылар. Бағың жансын!» деп ұстап алып, маңдайынан сипап, ауызына түкіріпті дүл-дүл ақын. «Жарықтық, Жамбыл атам!!! Мен бала кезімде Жамбыл ағамның тізесінде отырып, сақалымен ойнап, домбырасына таласатынмын» деп еді бір сөзінде Нұрағаң. «Менің ием – қызыл жолбарысым. Тілендінің баласы Нұрғиса кетті. Түсімде соның алақанын жалап тұрды. Ендігі оның иесі – сол болады» деген екен ұлы Жамбыл. Асқақ сазды, терең назды «Ата толғауы» сол абыз Жәкеңе деген күйден құйылған құрыш бейне екенін қазір барша қазақ біледі. Алматының қақ ортасындағы Тіленді қорасының төбесінде үнемі домбыра шертіп отыратын қағылез бала академик Ахмет Жұбановтың назарына іліккенде, небәрі 5 жаста болатын. Өнердің шын қамқоршысы Ахмет Қуанұлы оның талантына талғаммен қарап, 12 жасында Құрманғазы оркестріне жұмысқа қабылдайды. Жамбыл атасы айтқандай, Нұрағаң да қу ағашқа тіл бітірді. Аққулатып күй төкті, тиектің арғы жағынан көлдегі құс перісімен үндесті, бір өзі екі домбыраны қатар шертті. Сол Нұрекең халқына не берді? Бәрін берді. Аяғаны, аянғаны да жоқ. 400-ден аса ән, 10 шақты күй-поэмалар, 20-ға жуық фильмдер мен 40 шақты пьесаларға жазылған музыка. Белгілі композиторлармен авторлық бірлестіктегі туындаған опера, балеты және бар. «Табынарым – Абай сөзі» деп саздатты. «Құдіретім – Махамбет» деп күй толғады. Қазақтың қалың елін де, ұлан-ғайыр жерін де бөлмеді, бәрі оның шығармаларында түгел қамтылды. Бұл – туған халқын тұтастай сүйген қаһарман азаматтың ғана қолынан келетін іс! Халқы да барын, нарын берді, жомарттық танытты. Өзі айтқандай, балалығын да, шалалығын да, еркелігін де, серкелігін де, әзілін де, шынын да, сөзін де, өзін де төбесіне көтерді. Сөйтіп, атын аңызға айналдырды. Нұрағамыз бір тілшіге берген сұхбатында: «Мен туралы тереңірек білгің келсе, халықтан сұра. Менің бар өмірбаяным елімнің көз алдында, жұрттың жомарт жүрегінде», – деп келте жауап беріпті. Шыны сол, еркелете отырып сыйлады, құрметтеді, қадір тұтты. Екі рет Республика Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа сайланды. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық артисі атануы соған дәлел. Ал Елбасы ерін сыйлаған елінің атынан кеудесіне «Халық қаһарманы» алтын белгісін тақты. «Халқына қалтқысыз қызмет еткендер әр елде бар. Бірақ қай елдің патшасы ауруханада жатқан ақсақалын қадірлеп келіп, көңілін аулап жатыр. Ондай кісілікті, ондай ізетті естігенім де, көргенім де жоқ. Бұл айналайын Нұрсұлтан, сенің көшелі ісіңнің бірі, көргенділігің. Тәңір жарылқасын! Қазір ел киесі, қазақ киесі өзіңде. Бағы да саған қонған. Сондықтан ел ақсақалдарының бірі ретінде екі тілегім бар. Бірі – сенің қасиетті қолыңнаң «Халық қаһарманы» атағын алатын жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар ұл-қыздар көбейсін! Екіншісі – айналайын Елбасы, Нұрсұлтан Әбішұлы, уыз ішкен еліңмен, у іше білетініңе сенемін» деп риза көңілін хатпен жеткізіпті Нұрағаң. Нұрғиса қандай адам еді? Тұманбай Молдағалиев: «Ұйықтаған көңілді де, жасаған жақсы өмірді де оятып сәндендіретін, қуат беріп әлдендіретін бір құдірет бар. Оның аты – ән. Жыласаң – жұбататын, күрсінсең – күлдіретін, қамықсаң – аялайтын, құдіреттің аты да ән – «Ән – Нұрғиса!» Нұрғали Нүсіпжанов: «Әрбір әншінің өз ерекшелігі бар. Орындау шеберліктері де әртүрлі. Соған орай олар ән таңдайды. Қай әншіге болса да Нұрғиса творчествосынан өз ерекшелігіне тән әндер мол табылады. Өйткені Тілендиев творчествосы бір сарындылықтан аулақ... Ол өзінің әндерін орындайтын әншілердің әрқайсысымен болса да творчестволық байланысын үзіп көрген емес». Бұл әңгіменің бәрі Нұрғисаны құрметтеген көпшілікке әсте жаңалық емес. Әйтсе де, бүгінде оны сағынып жүрген, ғасыр тұлғасының көзін көріп, замандас, сыйлас болғандар, әсіресе қазіргі жастар үшін ұлы дарын иесінің туған күніне орай тағы бір еске алу – мақсат. Дүние көшті. «Құстар, құстар» әнінің әуенімен КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиев Жер–Ана құшағына енді. Жұрт көз жасын тыя алмады, үлкен де, кіші де қайғырды, көпке дейін жұбанбады. Ұлы бабасының «Ұйқысын күзетпек» болып, Нұрағаң Жамбыл ағасының мазары қасынан мәңгілік қонысын тапты. Ғажайып ескерткіш қойылды. Оң қолында домбыра, өңі дәл тірі күндегідей, дирижерлік жасап тұрған сәттегі бал-бұл жанған нұрлы жүзін көз алдыңа әкеледі. Тасқа жан біткен бе дерсің?! Ал тырналар тізбектеліп ұшып барады, туған жерін қимайды. Содан бері де 15 жыл өтті. Кешегі тамсанған жұрттың тілегі сол қалыпта. Сағындырған әндері, таңғалдырған күйлері орындала қалса, қалың қауым ду қол шапалақтап, Нұрағаңның асыл бейнесін көз алдарына әкелері сөзсіз. Нұрғиса Тілендиевтің музыка әлеміндегі ұлттық рухы қыл қобыздың мәңгілік таусылмас сарынындай, кернеп алты алашқа күн сайынғы атар таңмен арайлап ХХІ ғасырда да әуеледі. Ата-баба әруақтарынан аманат арқалаған Нұрғиса Атабайұлының өлмес ғұмыры осы. Бүгінгі ұрпақ – соның куәсі!

Құдайберген Нұрманов, ҚР Үздік мәдениет қызметкері.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар