Ұлыс күні – жақсылықтың жаршысы

Ұлыс күні – жақсылықтың жаршысы
ашық дереккөз
Ұлыс күні – жақсылықтың жаршысы
Құрметті жамбылдықтар! Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы әз Наурыз – Ұлыстың ұлы күні мерекесімен құттықтаймыз. Көктемнің шуақты күнімен жерге шұғыласын ала келген әз Наурыз бүгінде бүкілхалықтық қуанышқа айналды. Сондықтан да бұл мерекені Қазақстан халқы ерекше ықыласпен қарсы алады. Ұлыс күні – тіршіліктің түп-тамыры, жақсылықтың жаршысы, тазалықтың бастауы, еңбек пен бірліктің насихатшысы. Сондай-ақ, күн мен түннің теңелетін, Жер-ананың түлейтін шағы. Табиғатпен етене, салт-дәстүрмен сабақтас бұл мерекенің тағылымдық мазмұны зор. Ол адамзат баласын қоршаған ортаға қамқорлық танытуға, өзін табиғаттың бөлінбес бөлшегі ретінде қарауға үйретеді. Сонымен қатар, осы күні бауырмалдық пен кешірімшілдік дәріптеліп, ізгі ниет, ақ тілектер ағытылады. Жалпы тіршілік атаулының бәрі еңсесін тіктеп, еңбекке кіріседі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Наурыз мейрамы жайында: «Наурыз – ықылым заманнан бері елдің жадында қалған, ел тәуелсіздігімен бірге қайта оралған тамаша мереке. Біздің бабаларымыз Ұлыстың ұлы күні алысты жақындатып, жақынмен қауыштыратын, болашаққа ұмтылатын кез деп санаған. Наурыз мерекесінің халқымыздың бірлігіне, Қазақстанның болашағына, еліміздің дамуына ықпалы зор», – деп атап көрсетті. Расында, тарихи тамыры тереңге бойлаған әз Наурыз дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген. Қазақстан халқы үшін Наурыз мейрамы – көктем мен жаңаруды айшықтайтын мерейі тасыған ұлық мереке. Наурыз – көктемгі жаңарудың, махаббаттың, ақ пейіл мен татулықтың мерекесі. Ол – өткенді саралап, болашағымызды болжайтын ерекше кезең. Әз Наурыз Қазақстандағы жүздеген ұлт пен ұлыстардың өкілдері бір-бірімен тату-тәтті, берекелі өмір сүруінің кепілі. Әз Наурыздың адам баласын ізгілік пен сыйластыққа, ынтымаққа тәрбиелейтін тереңнен тартар ежелгі қасиетін біз барлық қазақстандықтардың бойына дарытып, оны өз өміріміздің салтына айналдырып келеміз. Ардақты ағайын! Бәріңізді көктемнің жарқын мерекесі Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтай отырып, Наурыз күні ойға алған барлық арман-мұраттарыңыз орындалып, үміттеріңіз ақталсын деп тілейміз. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының Саяси кеңесі.

Ұқсас жаңалықтар