Еңбекақы төлеуде ердей бол
кәсіпорындар мен ұйымдардың төленбеген жалақы қарыздары неге көп? Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің қатарында экономикалық өсу, өндірістің тиімділігі, еңбек өнімділігі, адамдардың жағдайы, олардың әлеуметтік қорғалуы, еңбек қатынастары, еңбек қатынастары тараптарының қызығушылықтары мен құқықтары бар. Әсіресе, кәсіпорындар мен ұйымдардағы төленбеген жалақы қарыздарының жағдайы – кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Осы орайда облыстық әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның алғашқы отырысы өтті.
Үшжақты комиссия мүшелерінің қатысуымен өткен жиынды облыс әкімінің орынбасары, облыстық үшжақты комиссияның төрағасы Тимур Жанке жүргізіп отырды. Жиын барысында біраз мекемелерде шешімін таппаған бірқатар мәселелер бар болып шықты. Бұл жөнінде облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Иес Құдайбергенов мәлімет беріп өтті. Оның айтуынша, облыс кәсіпорындарында көптеген жалақы қарыздары бар болып шықты. Мәселен, ағымдағы жылдың басынан бері облыс кәсіпорындарында 182,84 миллион теңге жалақы қарызы анықталып, оның 71,96 миллион теңгесі төленіп, бүгінгі күнге жалақы қарызы 110,876 миллион теңгені құрап отыр. Бұл кәсіпорындардың қатарында «Таразкожобувь» ЖШС, «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС, «Амангелді газ өңдеу зауыты» ЖШС Тараз филиалы, «Қордай берекесі» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны, «Апатты медицинаның теміржол госпитальдары» АҚ, «Жамбыл теміржол ауруханасы» филиалы сынды бірқатар мекемелер бар. Мәселен, «Запчасть» АҚ – өткен жылдың желтоқсан айына 13,817 миллион теңге, ағымдағы жылдың қаңтар, ақпан айларына 17,697 миллион теңге, барлығы 31,514 миллион теңге, 13,817 миллион теңгесі төленіп, жалақы қарызының қалдығы 17,697 миллион теңгені құраса, «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС – былтырғы жылдың қараша, желтоқсан айларына 17,138 миллион теңге, үстіміздегі жылдың қаңтар, ақпан айларына 15,047 миллион теңге, барлығы 32,185 миллион теңге, 20,988 миллион теңгесі төленді, жалақы қарызының қалдығы 11,197 миллион теңгені құраған. Ал «Амангелді газ өңдеу зауыты» ЖШС Тараз филиалы өткен жылдың желтоқсан айына 31,989 миллион теңге, биылғы жылдың қаңтар, ақпан айларына 60,754 миллион теңге, барлығы 92,743 миллион теңге, 31,989 миллион теңгесі төленіп, жалақы қарызының қалдығы 60,754 миллион теңгені құраған. Сондай-ақ, «Күреңбел» ӨК - осы жылдың қаңтар, ақпан айларына 1,3 миллион теңге жалақы қарызы бары анықталса, «Тараз арматура зауыты» ЖШС - ағымдағы жылдың ақпан айына 9,0 миллион теңге, «Қордай берекесі» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының осы жылдың қаңтар, ақпан айларына 1,7 миллион теңге, «Апатты медицинаның теміржол госпитальдары» АҚ «Жамбыл теміржол ауруханасы» филиалының үстіміздегі жылдың ақпан айына 4, 538 миллион теңге жалақы қарызы бары анықталған.
Аталған жалақы қарыздары жөнінде отырыс төрағасы Тимур Жанке берешегі бар кәсіпорын басшыларынан жауап алды. Мәселен, 60 қызметкерге жалақы қарызының қалдығы 4,69 миллион теңгені құраған «Тараз былғары аяқ-киім» серіктестігінің бас инженері Андрей Боронецкий аталған мәселенің себебін мемлекеттен түсетін тапсырыстың азаюына әкеп тіреді. Осы ретте облыс әкімінің орынбасары мемлекетке алақан жаймай, өз жүгімізді өзіміз көтеруіміз керектігін жеткізді.
Айта кетейік, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бекіткен әдістемеліктің негізінде ай сайын жекелеген кәсіпорындар мен әкімшілік-аумақтық бірлік деңгейінде әлеуметтік шиеленісушілік пен еңбек жанжалдарының туындау қатерінің картасы жасалынып отыр екен. Үстіміздегі жылдың қаңтар, ақпан айларының қорытындысы бойынша жасалынған әлеуметтік шиеленісушілік пен еңбек жанжалдарының туындау қатерінің картасы бойынша облыс аумағында әлеуметтік шиеленіс туындау қаупі бар көрінеді. Сондықтан, жалақы қарыздары бар кәсіпорындарда еңбек жанжалдарының туындауы әбден мүмкін, сол себепті әлеуметтік шиеленіске әкеліп соқтыратын мәселелердің барлығы аудандық, қалалық үшжақты комиссияларда қаралып, аудан, қала аумағында орын алған еңбек заңнамасының бұзылуы, әсіресе жалақы қарызы туралы мәлімет дер кезінде тиісті іс-шараларды ұйымдастыру үшін еңбек инспекциясы басқармасына жолданып отыруы керек, дейді облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Иес Құдайбергенов.
Сонымен қатар, осы еңбек инспекциясы басқармасымен аталған қарызы бар кәсіпорындарға бірқатар шаралар қолданылған. Мәселен, ағымдағы жылдың 27 қаңтарында облыстың бас мемлекеттік еңбек инспекторының төрағалығымен қалалық прокуратураның көмекшісінің қатысуымен «Таразкожобувь» ЖШС, «Запчасть» АҚ, «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС -ның өкілдері шақырылып, осы кәсіпорындардағы жалақы қарызы туралы мәселе талқыланып, кәсіпорын өкілдері жалақы қарызын жабу үшін шаралар қабылдайтынын жеткізген. Ал «Амангелді газ өңдеу зауыты» ЖШС Тараз филиалының директорына жалақыны заңда қарастырылған мерзімінде төлемегені үшін прокуратураның ұсынысымен 79280 теңге көлемінде айыппұл салынған. Сондай-ақ, «Апатты медицинаның теміржол госпитальдары» АҚ «Жамбыл теміржол ауруханасы» филиалының директорына жалақыны заңда қарастырылған мерзімінде төлемегені үшін 39640 теңге көлемінде айыппұл салынып, жалақы қарызын 30 наурызға дейін төлеу жөнінде ұйғарым берілген екен.
Облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке алдағы уақытта бұл мәселелердің облыстық үшжақты комиссиясының тұрақты бақылауында болатынын жеткізді.
Наурызбек САРША, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайы жақсарған
- 29 қазан, 2024
Ең бастысы – еңбек қауіпсіздігі
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді