Күн мен түн теңелген күн

Күн мен түн теңелген күн
ашық дереккөз
Күн мен түн теңелген күн
Наурыз – көптеген ұлт пен ұлысқа ортақ мереке. Көктем жаршысы, көңіл шекарасын кеңейтуші мезгіл. Мүлгіген тіршілік оянып, мұқым жандар жадырасады. Жеті дәмнен құралған ас ішеді. Дихан дәнін даярлап, шаруа кетпенін сайлайды. Қариялар көшеге шығып, замандастарын іздеп, құшақтасып қауышады. Меймандос қазақ халқы үшін бұл шақ орасан мәнге ие. Күн мен түн теңеліп, балғындар шаттыққа кеңеліп, барша жұрт мамыражай тірлікке тәубе деседі. Жаңылмас дәстүрмен үлкен-кіші нәзік жандылар, ұн арасынан сүрленген етін шығарып, базардан тары, талқан, бидайын алып Наурыз дәміне қамданады. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дегендей, қариялар дарақтарын дайындап, немересін қасына ертеді. Бұлақ көзін аршиды. «Отаным – Қазақстан, ошағым – осы» деуші, өзге ұлт өкілдері қазақ қауымына құрмет көрсеткендей зерлі шапан, оюлы тақиясын киіп, орталық алаңға беттейді. Онда әуезді ән, күміс күлкілер естіліп, қаз-қатар тізілген киіз үйлерді көресің. Бұрқ-сарқ қайнаған қазандар буы көкке шаншылады. Ожау толы көжелер таратылады. Уақыт бүгінгі демесек, қалып пен әдет ежелге тән. Бұлқынған балуандар кілем үстінде керемет көрсетіп, бүгінгінің Қажымұқандары өгіз көтеріп, күш сынасады. Құрыш білектілер доданы қыздырып қол күрестірсе, анадайда арқан тартысқан топты көресің. Мұндайда көкпар мен бәйге әсте ұмытылмайды. Аламанды көрмекке алқа-қотан жиылып, төбе басына топтасады. Делебесі қозған ағайын айқайы мен даланың шаңы аспанмен астасқандай көрінеді. Бағзыдағы қазақтың ғұмыры, бір сәт бүгінгі күнге көшкендей болады. Ұлыстың ұлы күні Тұлпарсазы тамылжыған, Хантауы қуанышты хабар күтіп, Шу бойы шұғыласын шашқан Мойынқұм өңірінде де дәл осылай тойлануда. Байжан ЕМБЕРДІ,  «Ақ жол». Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар