Қазақтың ұлттық дастарханы ұнайды

Қазақтың ұлттық дастарханы ұнайды
ашық дереккөз
Қазақтың ұлттық дастарханы ұнайды
Наурыз – еліміздегі ең көңілді мереке. Қазақтардың арасында туып-өскендіктен көктем келісімен той көбейетінін жақсы білемін. Әсіресе, беташардың, тұсаукесердің жоралғысын, рәсімін жаттап алдық десем де болады. Ұлттық спорт ойын түрлері көкпар, бәйге, теңге ілу – ең әдемі спорт. Нағыз жігіттер сынға түсетін дода. Өзім орыс халықтық фольклорлық «Сударушки» ансамблінің жетекшісі болғандықтан, бізді басқосуларға жиі шақырып тұрады. Наурыз көженің дәмі тіл үйіреді. Маған ұнайтыны – осы көженің құрамы. Наурыз көженің бойында қаншама дәруменнің қуаты бар. Менің білуімше, қазақ халқының ұлттық дастарханы ең құнарлы тағамдардан тұрады. Құрт қанша сақталса да бұзылмайтын болғандықтан, ол ғарышкерлердің тұтынатын азық тізіміне енген. Құрттың бойы – тұнып тұрған ақуыз. Ауданымыздағы барлық ұлттың өкілі бас қосып Наурыз мерекесін қарсы алып жүргенімізге қаншама уақыт болды. Адамға қуаныш сыйлайтын Ұлыстың ұлы күні мерекесі – тек түркі тектес халықтың ғана мақтанышы емес, барлық қазақстандықтардың ортақ мерекесі. Мысалға, 22 Наурыз күні орталық алаңға барсаң жергілікті этномәдени бірлестіктердің өкілдері би-билеп, ән шырқап жүреді. Ұлттар арасындағы достықты нығайта түсетін осы мереке, шын мәнінде, барлық қазақстандықтардың ортақ мерекесі дегім келеді. Өзіміз де сахнаға шығып, өнер көрсетеміз. Көктем мезгілі әкелген әдемі сезімдер жүрегімізді асқақтатады. Баршаңызды Наурыз мерекесімен «Сударушки» ансамблінің атынан шын жүрегіммен құттықтаймын. Любовь Левицкая, орыс халықтық фольклорлық «Сударушки» ансамблінің жетекшісі. Т. Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар