Ана
Бағланды жеке сойдырған,
Жағланға киім толдырған.
Өрешеден алып дәмдісін,
Алдыңа әкеп қойдырған.
Осынау жалған дүниеде,
Анадан жомарт бар ма екен?
Күлтелі көйлек кигізген,
Қымқапқа қолың тигізген.
Бергекке басың жеткенше,
Шашыңды талдап түйгізген.
Бегімсал бермес ешқашан,
Анадан шебер бар ма екен?
Мінгізіп сәурік жорғадан,
Барыстай алан қорғаған.
Сен үшін жаумен алысып,
Сен үшін жылап, сорлаған.
Балапан басқан шәулідей.
Анадан батыр бар ма екен?
Енгенде үйің рауланған,
Басына жаулық байланған.
Бекпатша сабыр иесі,
Мейірімінен көңіл жайланған.
Қараған адам таңғалған,
Анадан сұлу бар ма екен?
Сен үшін қазір айнамын,
Жастықтың қайда қалғанын.
Өзіме қарап өлшедің,
Көзіңнен орын сайладың.
Қолымды, ана, бір-ақ рет,
Қолбаумен ғана байладың.
Қобызға тиген қияқтай,
Сыңсиды жаным, бірақ та-ай!
Жалғанның бүкіл жақсысы,
Жетпейтін саған сияқты-ай!
Теңедің алуа, шекерге,
Өмірге келіп бекерге,
Қадіріңді сенің ұға алмай,
Бекерге одан кетем бе?..
Мың түн жыр жазсам,
Сен күткен бір түнге,
Ана, жетер ме?.. Назира Бердалы, ақын.
Ұқсас жаңалықтар
«Ауырмайды жүрек» туындысының тұсауы кесілді
- 19 ақпан, 2026
Ақпарат
Таразда таңды-таңға ұрып қисса айтатын жігіт бар
- 10 ақпан, 2026
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




