Қазақ хандығының тойы — халықтың ойы
«Ел іші – өнер кеніші» дейді дана қазақ. Рас-ақ, халықтың неғұрлым талантты да дарынды өкілдері ауылда, облыс орталығынан шалғай елді мекендерде жүргенін біз көбіне біле бермейміз. Ал анығында бүгінгі өнердің аспанында дара самғап, халықтың ықыласына бөленіп жүрген мақтаныштарымыздың бәрі сол ауылдан, елеусіз жатқан елді мекендерден шыққаны белгілі. Ел ішіндегі өнерлі ұл-қыздарды халыққа таныту, қолдау көрсету – облыс әкімдігі Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасына қарасты «Облыстық халық шығармашылығы орталығының» негізгі мақсаты. Осы орайда орталық директоры Ғани Садырбаевты әңгімеге тартқан едік. – Облыстық халық шығармашылығы орталығының негізгі қызметін тарқатып айтсаңыз.
– Жалпы, біздің орталық екі бағытта жұмыс жасайды. Бірінші бағыт бойынша, аудандардағы ауылдық клубтар, ауылдық, аудандық мәдениет үйлерімен бірлесіп жұмыстар атқарамыз. Екінші бағыт бойынша, облыстық, республикалық, халықаралық фестивальдер мен форумдар секілді мерекелік іс-шараларды ұйымдастырумен айналысамыз. Сонымен қатар, облыстағы барлық шығармашылық ұжыммен тікелей байланыс орнату арқылы әрекет ету – біздің міндетіміз. Біз олардың жұмыстарын үйлестіріп, нәтижесін жоғары сапада көрсетуге барымызды саламыз. Айталық, қолөнершілер, суретшілер, ақындар мен жазушылар, биші мен әншілер сынды барлық жас өнерпаздардың да тізімін қолымызға алып, солармен тығыз қарым-қатынас орнату, тағы сол сияқты жұмыстар.
- Қазіргі таңда аудандардағы халық театрларының жай-күйі жиі қозғалып жүр. Орталық тарапынан оларға қандай көмектер көрсетіліп, нендей жұмыстар атқарылуда?
- Өздеріңізге белгілі, біз қазір өткен жылды қорытындылап, ағымдағы жылдың жоспарын жүзеге асыруға кірісіп кеттік. Жуырда ғана облыс әкімдігі Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының есебі тыңдалды. Сонда өткен жылдағы атқарылған шаралар легі толықтай тарқатылып айтылды. Сол қорытынды жиында біз тағы да алыстағы аудандар мен ауылдар үшін ләзім іс жасауға тырыстық. Жыл соңына қарай өткен бірнеше байқау-фестивальдердің қорытындысын сол жерде жариялап, оларға бағалы, қажетті құрал-жабдықтарды сыйлық ретінде ұсындық. Мәселен, дәл қазір аудандық, ауылдық мәдениет үйлерінде тапшы дыбыс күшейткіш аппаратуралар, видеокамералар, кәсіби фотоаппараттар тағы басқа сондай заттарға он миллиондай қаржы жұмсалғанын ескерсек, бұл аудандардағы шығармашылық ұжымдарға үлкен көмек болғаны анық. Сонымен қатар, «Театр kz» байқауының қорытындысы бойынша әр аудандағы он халықтық театрлардың барлығына бірдей көпшілік арасында «Пушка» аталып кеткен арнайы жарық түсіргіш қондырғы табысталды. Осы «Пушканы» мен ауданда қызмет жасап жүрген кезімде жергілікті халықтық театрға алып берсем деген арманым еді. Демек, бұл олар үшін таптырмас олжа болды десек, қателеспейміз. Әуесқой фотографтардың конкурсының нәтижесі бойынша жеңімпаздарға кәсіби фотоаппарат үлестірілді. Бұл ретте әрине, осылардың бәріне жергілікті бюджеттен қаражат жеткізіп отырған, облыс әкіміне, басқарма басшылығына алғысымызды айтамыз.
- Алдымызда 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні келе жатыр. Осыған орай қандай игі шараларды қолға алып жатырсыздар?
- Өткен жылдың соңында Жаңа жыл қарсаңында жергілікті «Қазақстан-Тараз» телеарнасымен бірігіп, жақсы жобаларды жүзеге асырған болатынбыз. Онда облыс орталығынан шалғай жатқан елді мекендерден дарынды да талантты жастарды алдыртып, көгілдір экран арқылы өнерлерін көпшілікке көрсеткен болатынбыз. Сол жоба арқылы елеусіз жүрген жас таланттардың талап-ынталарын арттыра білдік. Біздің негізгі мақсатымыз да осы. Енді қазақтың жаңа жылы – Ұлыстың ұлы күнінде де осындай шараны қолға алып жатырмыз. Бұл ретте де жұмысымызды «Қазақстан-Тараз» телеарнасымен ортақтасып атқарудамыз. Біз қазір әр аудандағы шығармашыл ұжымдармен, аудан басшыларымен байланысқа шығып, мән-жайды шешіп алдық. Ұлттық мейрам болған соң, біз бұл жолы салт-дәстүрімізді дәріптеуді негізге алдық. Әр аудан өзінше композиция әзірлеуде. Әр композицияда қазақтың салт-дәстүрлері көрініс табады. Қазір жергілікті телеарнадан түсіру топтары он ауданға аттанып та кетті. Бұйыртса, мереке қарсаңында жобамыз көрерменге жол тартады деп күтілуде. Жергілікті өнерпаздар үшін өздерін телеарнадан тамашалаудың қаншалықты мәртебе екені айтпасақ та белгілі.
- Сондай-ақ, ағымдағы жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы өңірімізде аталып өтіледі деп күтілуде. Бұл тұрғыда сіздерді қандай жұмыстар барысы тосып тұр?
- Әлбетте, осынау ел болып, мемлекет болып тойланатын айтулы мерейтойдың біздің облыста өтуі – біз үшін үлкен мерей, мақтаныш. Бұл жылы ұйымдастырылған барлық дерлік іс-шарамыз осы бағытта өрбіп отырады. Осы мерейтой аясында «Ерліктің арқауы, елдіктің бастауы – Қазақ хандығы» атты жазба ақындардың республикалық жыр мүшәйрасын өткізгелі жатырмыз. Мүшәйраның хабарландырулары барлық облыстық, республикалық басылымдар мен сайттарға шығып, қатысам дейтін үміткерлерден қазірден бастап өтініштер түсуде. Сонымен қатар, «Қозыбасы –хандықтың бастауы» деген тақырыпта дәстүрлі өнер байқауы өтеді. Онда жыршы, термеші, күйші, ұлттық аспапта орындаушылардың қатысуымен жергілікті танымал күйші-сазгер Әбдімомын Желдібаев пен термеші-жыршы Аяз Бетпаевтың шығармашылықтары насихатталады деп күтілуде. Былтыр жақсы әсер қалдырған халықтық театрлардың фестивалін де дамытып, осы мерейтойға орайластырып өткізу жоспарда бар. Өткен жылдағыдай олардың қойылымдары жарты сағаттан аспайтындай етіп емес, көлемін ұлғайтып, тарихи тақырыптарда өнерлерін ортаға салатын болады. «Қолөнер – халық қазынасы» атты қолөнер шеберлерінің байқауы да көпшіліктің көңілінен шығады деп ойлаймыз. Біраз жыл бұрын бастау алып кейін назардан тыс қалып қойған «Ұлы дала ойындары» атты фестивальді де қайта жаңғыртсақ дейміз. Осы секілді көптеген игі шараларымыздың бәрі Қазақ хандығының – 550 жылдығына бағытталып отырады. Хандықтың тойы – халықтың тойы. Оны жоғары деңгейде атап өту бәріміздің үлесімізді қажет етеді. Олардың әрқайсысынан тарихи нышандар көрініс тауып отыруы міндетті. Тағы бір айта кететін жайт, бәрімізге белгілі осы жылы Қытайдың Цян қаласынан үлкен керуен елімізге, біздің тарихы терең Таразымызға келе жатыр. Бір кездегі Ұлы жібек жолындағы көшті жаңғыртқан аталмыш керуен алдымен Алматы облысына, содан кейін біздің облысқа бағыт түзейді. Керуенді салтанатты түрде күтіп алу шаралары да бізге тапсырылған. Соның қарсы алу бағдарламасына қазір конкурс жариялаудамыз. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма жылдығы да біздің назардан тыс қалып отырған жоқ. Бұл бағыттағы жұмыстарды да жоспарға енгізіп отырмыз. Айталық, «Жерұйығым –Жамбылым» атты түрлі ұлттық фольклорлық этнографиялық ансамбльдердің облыстық фестивалін өткіземіз. Бұл шара өзге ұлт өкілдері көбірек шоғырланған Қордай ауданында өтеді деп жоспарлануда. Онда дүнген этномәдени орталығына қарасты республикаға, тіпті, алыс-жақын шетелдерге де танымал «Чунтян» халықтық ансамблі бар. Аталған фестиваль де осы ұжым секілді өзге ұлттардың өнерлі өкілдерінің мерейін тасытуға арналып отырған жайы бар. Бұйыртса, үстіміздегі жыл берекелі де мерекелі жыл болумен қатар, облыстық шығармашылық орталығы үшін жауапты кезең болмақ.
Сұхбаттасқан Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
«Өмір деген самғау мен кідірістер»
- 4 қазан, 2024
«Аймақ жастарының айрықша қасиеті – ауызбіршілік»
- 16 қыркүйек, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді