Колледжіміз көш бастады

Колледжіміз көш бастады
ашық дереккөз
Колледжіміз көш бастады
Жуырда облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы «Триумф» мейрамханасы мен біздің колледжіміздің оқу базасында өткен «Мамандығы бойынша ең үздік» республикалық байқауына іріктеу сынына облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру колледждерінің білімгерлері қатысып, өзара бақ сынасты. Аталмыш сында Заур Жәнібеков, Дулат Омашев, Серік Пірназаров, Ислам Әшімов колледж намысын қорғады. Ас әзірлеуде ұлттық тағамдармен қатар, еуропалық асхана дәмдерін даярлаудан алдарына жан салмаған Заур бас жүлдені, Дулат бірінші орынды иемденсе, «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша оқитын білімгерлер арасында Серік – екінші, Ислам – үшінші орындарды жеңіп алды. Алдыңғы «үштіктің» қатарынан көрініп, республикалық байқауға жолдаманы қанжығаларына байлаған үш бірдей өреніміз бүгінде келесі сынға дайындалу үстінде. Осылай олар өздерінің кәсіби шеберліктері мен біліктіліктерін таныту арқылы колледж ұжымы артқан сенім үдесінен шыға алды. Бұл – ұжым еңбегінің де жемісі. Бүгінде біздегі «Дәнекерлеу ісі» мамандығының білімгерлері колледжде алған теориялық білімдерін дуальдық оқыту технологиясы бойынша «Жамбылремавтотехника» ЖШС-ында өндіріспен ұштастыру мүмкіндігіне де ие болып отыр. Колледждің абыройын асқақтатқан болашақ мамандарымыз өз кәсіптерінің кілтін тапқандай. Олардың ел көлемінде өтетін байқауда да облысымыздың намысын қолдан бермейтініне сеніміміз мол.

Марат ӘШІМОВ, №12 «Тараз» колледжінің директоры.

Ұқсас жаңалықтар