Тоқсан бір жастағы майдангер
соғыста от кешкен қаруластарын еске алды Ерлігі Қазақстанда ғана емес, Ресейде, Беларуссия мен Литвада да ерекше қадірленіп келе жатқан Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевтың туған ауылы Қарасудан соғысқа аттанған 57 боздақ майдан даласынан қайтпады. Ал жеңіспен елге оралғандардың қазірде арамызда аман-сау жүргені 91 жасқа келген Әшірбек Сәрсенбиев ақсақал ғана. Ауылдас ағасы Ақәділден төрт жас кіші ол жасы он сегізге толар-толмаста 1942 жылы сұр шинель киді. Украина жерінде ұрысқа кіріп, Берлинге дейін жорықпен барды. Елге 1947 жылы оралып, отыз жыл табан аудармай ауылдық кеңес хатшысы болып абыройлы қызмет істеп, зейнетке шықты. Бүгінде 8 ұл-қызынан өрбіген отыз немере, осыншама шөберенің атасы.
Өткен сенбіде Әшірбек ақсақал Байзақ ауданындағы Қарасу ауылынан Тараз қаласына ұл-қыздарын, немере-шөберелерін, ауыл имамы Жасұзақ Мәдібайұлын ертіп келіп, осындағы А.Суханбаев ескерткішіне гүл қойды, батыр рухына тағзым етті. Бұл шараға Ақәділ батыр жайлы көп жазып, насихаттап жүрген жазушы, қоғам қайраткері Арғынбай Бекбосын және осы жолдардың авторы да қатысты. Қарт жауынгер ескерткіш қасында өзі басынан өткерген жорық жолдары туралы естеліктер айтты.
– Бала кезімізде біздер бір ауылдың балалары ерекше алғыр, айтқан бетінен қайтпайтын өжет Ақәділ ағамызға еліктеп өстік, содан да болар жасымыз жеткендеріміз тегіс соғысқа аттандық. Санаулымыз ғана оралдық. Солардан бүгінгі күнге жеткен жалғыз майдангер ретінде батыр ескерткішіне гүл қойып, майдан даласында қалған боздақтар мен елге аман келіп, өмірден өткен тұрғыластарымның әруағына тағзым етейін, парызымды өтейін деп ойладым. Ал соғыстың қандай қасірет екенін мына біздер, майдангерлер, жақсы білеміз. Осыдан да еліміздің бейбітшілік бесігіне бөленіп, табыстарымен бүкіл әлемге танылып отырғаны қуантады. Алдағы қиыншылықтарды Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен бірге еңсерейік деген ел тілегін қолдаймын, – дейді майдангер қария.
Тұрсынхан Толқынбайұлы, журналист.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Болашақ сарбаздар бірқатар сараптамадан өтуге міндеттелді
- 29 қазан, 2024
Кітапханадағы келелі кездесу
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді