«ҚЫЗЫЛ КАПЕЛЛАДА» БАРЛАУШЫ БОЛҒАН

«ҚЫЗЫЛ КАПЕЛЛАДА» БАРЛАУШЫ БОЛҒАН
ашық дереккөз
«ҚЫЗЫЛ КАПЕЛЛАДА» БАРЛАУШЫ БОЛҒАН
қазақ қызы Ақжібек Темірғалиқызы Мұқашева туралы Кешегі Кеңес өкіметінің тұсында қазақтан кәнігі кәсіпқой барлаушылар неге шықпады екен деп ойлап жүретінмін. Бірен-саран әскерилердің «мен барлауда болғанмын» дегенін естіп, оқып, көңілім онша сеніңкіремейтін. Сол күдігім сейілді. Дегенмен де арнайы дайындықтан өтіп, Украина жерінде фашистерге ойран салған «Қара аю» лақап атымен белгілі болған Қасым Қайсенов пен бейбіт дәуірде Еуропада барлаушылықпен айналысқан өзіміздің Сәт Тоқпақбаевтарды  ауызға алмасақ болмас. Енді міне, таза кәсіби барлаушы, қазақ қызы Ақжібек Темірғалиқызы Мұқашеваның есімі белгілі болып отыр. Ол туралы алғаш Ақкөл ауылының қадірменді ақсақалы Тұрғанбай Тәжімбетовтен естідім. – Бұрын қазақтан Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованы Кеңестер Одағының Батыры деп келдік, кейін оған Халық Қаһарманы ретінде Хиуаз Доспанова апамыз қосылып, ұзын саны үшеуге жетті. Жақында ғана көрші Ресейдің Орынбор қаласынан барлаушы Ақжібек Мұқашева есімді апамыздың да Батыр екенін естіп таңғалдым, – деді ол. Тұрекең – көп оқып, көп ізденетін азамат. Өз ойы, пікірі, пайымы бар ақсақалдар қатарында. «Көктен іздегенім жерден табылғандай» болған мен ол кісіден «бұл деректі қайдан алдыңыз?», деп жабыса кеттім. Бір журналдан оқыған көрінеді, өкінішке қарай, қай журнал екені есінде жоқ. Сосын дереу үйдегі ғаламторды аштық. Әуелі Кеңес Одағы Батырларының (әйелдер) тізімін анықтадым. Сұрапыл соғыста Кеңес өкіметі бойынша 96 әйел осы атақты иеленіпті. Ішінде Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанова апамыз жоқ, ұзын тізімде Әлия мен Мәншүктердің аты-жөні тұр. Орта Азия мен Қазақстаннан бұл атақты әйелдерден иеленген өзге туыстас бірде-бір ұлт өкілдерінің жоқтығын да аңғардым. Әрі қарай, Орынбор облысынан шыққан Кеңес Одағының Батырларын «түгендедік». Артық-кемі жоқ 57 Батыр шығыпты. Ақжібек жоқ, бірақ 3-4 қазақ қандасымыз бар сияқты. Бір кездері Қазақ Республикасының астанасы болған Орынбордан қазақтың шығуы заңды. Оған да қуанасың. Ақырында «Уикипедия – ашық энциклопедиясынан» іздеген мәліметіміз шықты. Сол мәліметті оқырмандар назарына қылау түсірмей түп-түгел ұсынайық: «Ақжібек Темірғалиқызы Мұқашева (1919, Орынбор – көз жұмған жылы белгісіз) – КСРО Қорғаныс министрлігінің Бас Барлау басқармасында істеген қазақ қызы, саяси қуғын-сүргін құрбаны. Өмірбаяны 1940 жылы Мәскеу университетінің механика-математика факультетін бітіргеннен кейін арнайы курстан өтіп, 1941 жылы көктемде КСРО Қорғаныс министрлігінің Бас штабының Бас Барлау басқармасының шифрлаушылар бөліміне жұмысқа алынды. Ол Брюссельдегі кеңес барлаушысы «Кенттің» (Уругвай азаматы Витсент Сиерра – шындығында барлаушы Анатолий Маркович Гуревич, КСРО МІК архивіндегі деректер бойынша – Виктор Сукулов) жеке шифрлаушысы. Мұқашева осы қызметін атқарып жүріп А.Гитлердің КСРО-ға соғыс ашуға дайындалып жатқанын жоғары басшылыққа алғаш жеткізушілердің бірі болды. Бірақ ол өзінің 1930-60 жылдары КСРО-ның Батыс Еуропада әрекет еткен әйгілі барлау тобы «Қызыл капеллаға» қызмет еткенін білген жоқ. Сол кездегі қалыптасқан жағдайға байланысты барлаушылардың жіберген мәліметтеріне Мәскеу сенімсіздікпен қарады. Осыған байланысты көптеген барлаушылар неміс немесе ағылшын барлау қызметіне жұмыс істеді деген күдікпен ешқандай себепсіз ұсталып, НКВД-ның түрмелеріне отырғызылды. Осындай сотталғандар арасында Мұқашева да болды. Ол 1942 жылы желтоқсанда ұсталып, 25 жылға сотталды. Кейінгі тағдыры белгісіз...». * * * Енді «Кент» деген кім? Соны іздестіріп, интернетке қайта үңілдік. Іздегенімізді көп уақыт өтпей-ақ тауып алдық. Ол осыдан он жыл бұрын Ресей телеарнасында өзіміз көріп, тамашалаған «Красная капелла» деп аталатын аты шулы фильмдегі басты кейіпкеріміздің лақап есімі болып шықты. «Кенттің» шын аты-жөні – Анатолий Маркевич Гуревич. Ол өзінің өмірбаяны мен әскери барлау турасында былай деп баяндайды. «1913 жылы туылған мен ұзақ жылдар бойы Кеңес өкіметі тұсында КСРО Қорғаныс министрлігінің Бас Барлау басқармасының тапсырмасымен Еуропаның бірқатар елдерінде барлаушы болып қызмет жасадым. «Қызыл капелланың» тарихы тым тереңде жатыр. Ол 1930-1960 жылдары әсіресе, дүниежүзілік соғыс жылдарында Еуропаның бірқатар елдерінде (Германия, Бельгия, Франция, Швейцария, Чехия, т.б.) фашизмге қарсы Қарсыласу топтарынан құрылған дербес барлау құрылымдарының жалпы атауы. Бұл атауды ең алғаш қолданған фашистік Германияның гестапосының қарсы барлау қызметінің айрықша бөлімі. Олар ел аумағында әрекет етіп жатқан жасырын радиохабарларды тауып, жою үшін құрылған. Бірнеше елден КСРО-ға, Орталық Барлау Басқармасына шифрланған хабарларды жібергенде, әртүрлі әуендерге салып, құстарша сайратып, радиохабарларды бұзып, талқандауға бел буды. Сондықтан қарсы барлаушылар әлгі әуенді «музыканттар», «пианистер» деп, аяғында фашистер ол радиохабарлама таратушыларды «Капелла» (оркестр), «Қызыл капелла» деп атап кетіпті... Атау жөнінде толық мағлұмат берген гестапо басшысының орынбасары, СС оберфюрері Фридрих Панцингер соғыс аяқталар тұста тұтқынға түсіп, 1947 жылы 1 ақпанда және 1951 жылы 29 маусымда Лубянка түрмесінде берген жауабында тарқатып айтса керек. 1941 жылы желтоқсан айында фуннавар (Германияның қарсы барлау басқармасы) Бельгиядағы Брюссель қаласында сондағы бір радиохабарлағышты анықтап, сол арқылы көптеген барлаушыларды тұтқындап, ақыр соңында барлау жүйесін талқандауға жол ашқан сыңайлы. Аталмыш кезеңде Ақжібек Темірқалиқызы аман. Ол «Кенттің» жекелей шифрлаушысы ретінде «қожайынының» көмегімен бой тасалап үлгерген болар әрі чех миллионері Зингердің жесір қалған қызы Маргарет Барчпен көңіл жарастырған «Кент» өзінің естелігінде сол тұста Бельгияда тұрғанын айтады. Ресейдің «Қызыл капелла» атты көп сериялы фильмінде Леопольд Треппердің бүкіл совет барлаушыларына басшылық жасағанын жоққа шығарған «Кент» Бельгияда «Симекско» акционерлік қоғамын құрып, сауда-саттық жасап, соның арқасында Еуропадағы ықпалды бизнесмендермен байланыс орнатып, тіпті ІІІ Рейх әскеріне де тауарлар сатып, Берлинде Германия әуе-күштері штабының референті Хорро Шульце-Бойзенмен танысып, сол арқылы Орталықпен радиобайланысты қалпына келтіргенін айтады. Сөз жоқ, бұл жерде Ақжібектің шифрлаушы ретінде көп қызмет жасағаны анық. Олай дейтініміз, соғыстың таяу уақытта басталатыны туралы ақпарат «Бас қожайын» Сталинге тап осы кезеңде жіберілген. Құпия хабарлардың ішінде соғыстың алғашқы айларындағы фашист әуе күштерінің шығыны мен зауыттардан шығарылатын самолеттердің саны, КСРО-ға қарсы қолданылуы мүмкін химиялық қару жайлы, Балкан түбегіндегі ағылшын барлаушыларының неміс қарсы барлауымен әшкере болғандығы туралы құпия мәліметтер де Ақжібектің қолы арқылы өткен шығар. Өкінішке қарай, Ақжібек туралы «Қызыл капелла» мен «Барлаушылар ерлігі» көп сериялы фильмдер және «Лақап есімі – Дора» атты кітапта да аталмайды. Оның орнына Парижде әр ұлттан топталған барлаушылардың кешкілік бас қосып, анадан-мынадан естіген ақпараттарды Мәскеуге жеткізіп отырған деген кинодағы оқиғаны Анатолий Гуревич жоққа шығарады. «Әрбір құпияға барлаушылардың теңдесі жоқ өлермендігімен қол жеткізілді», дейді ол өзінің естелігінде. Мәскеу де «Қызыл капелланың» барлаушыларымен құпия ойын жүргізгенімен, әрбір хабарға күдікпен қарайтын. Ақыры 1945 жылы мамырда «Кент» (Александр Гуревич) Орталықтың келісімімен Мәскеуге оралады. Онымен бірге гестапоның «Қызыл капелла Париж» командасы шефінің қылмысты іздестіру кеңесшісі Паннвиц, радист Стлука, хатшы Кенпте және ұйымның құпия құжаттары қоса жеткізілді. Мәскеу барлаушылардың көз-жасына сенбеді. Олар ғана емес, басқа да барлаушыларды КСРО Қауіпсіздік Комитетінің айрықша кеңесі өз үкімімен 1947 жылы 7 қаңтар күні «Отанын сатқан опасыздар» ретінде жиырма жылға соттатып жіберді. Ақжібек олардан бұрын, 1942 жылы Мәскеуге жедел шақыртып алынып, азап пен қинаудың неше түрін көріп, жиырма бес жылды арқалап кеткен еді. Қыз Жібектей сұлу болсын деген ниетпен есімін қойған Ақжібектің қай жылы, қай елде өлгені белгісіз. Бірақ, белгісіз болуы да мүмкін емес. Мәскеуге, бүкіл әскери құжаттары сақталынған Подольскідегі мұрағатқа сұрау салсақ, оның өмірін егжей-тегжейлі баяндайтын дерек табылатынына сеніміміз мол.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар