Құда табақ
Жақсы көретін құдамыздың бауыры мен асқазаны ауырып ауруханаға жатқанын естіп біраз абыржып қалдық. «Құданы Құдайыңдай сыйла» демей ме атамыз қазақ. Жайсыз хабарды естіген соң көп күттірмей ертеңіне ауруханаға барып, құдамыздың жағдайын біліп, көңілін сұрамақшы болдық. – Құдаға жеңіл тамақ – тауық сорпа, жеміс-жидек, сок апарайық, – дегенімде әйелім қарсы болып: – Бүркіт, сен қайдағыны айтпай тыныш отыр, білдей Құдаңа тауық сорпа апарып мені ұятқа қалдырайын деп отырсың ба? Құдаңның ішіп-жегенді жақсы көретінін білесің, сондықтан жақсылап тұрып жылқының семіз етінен, қазы-қартасынан тамақ дайындаймын. Оған қойдың басы мен жамбасын қосамыз. Бір бөтелке коньяк ала барсақ, тіпті қатып кетеді. Нағыз құда табақ деген осындай болу керек түсіндің бе? – деді ашуланып. – Дәрігерлер ас қорыту ағзалары ауыратын науқастарға майлы тағамдарды, алкогольдік ішімдіктерді қабылдауға рұқсат етпейді, оның үстіне, біз құданы үйімізде қонақ етіп күтіп жатқан жоқпыз ғой.
– Дәрігерлерді тыңдай берсең, ананы жеуге болмайды, мынаны жеуге болмайды деп басты қатырып, ауруларды аш қалдырып, әлсіретіп қояды. Бәлем, өздерін сол қатып қалған диетаға отырғызып қойса, көрер едім қалай сайрағандарын.
– Әтіргүл, коньякты апармай-ақ қойсақ қайтеді, басқасы да жетіп жатыр емес пе, дәрігерлер көріп қойса, ұят болады.
– Біз коньякты ешкімге көрсетпей береміз, құда жастығының астына тығып қойып, түнде ұйқы алдында жүз грамдатып алса, көңілденіп жақсы ұйықтайтын болады әрі тезірек жазылады.
Менің сөзім жерде қалып, әйелімнің айтқанына амалсыз көндім. Айтқанын тыңдамай қойсам, ашуланып аштан қатыратын жаман әдеті бар. Сонымен түс мезгілінде асығып-аптығып Әтіркүлдің дайындаған тағамдарын бір үлкен сөмкеге салып алып ауруханаға барсақ, құдамыз жалғыз өзі оңаша палатада жатыр екен. Амандасып хал-жағдайын сұрағаннан кейін әйелім сөмкені ашып ішіндегілерін стол үстіне шығарғанда, құдекемнің көзі жайнап шыға келді. Асықпай жайғасып отырып біздің көзімізше тамаққа қомағайлана жуан тойып алды да үлкен қарнын сипап, рахаттана кекіріп:
– Қалғанын кешке жеймін, коньякты жатар алдында дәрігерлер жоқта ішемін, – деп тумбочкасына тығып қойды.
Үйге қайтарымызда құдамыз риза болғандықтан қайта-қайта рахметін айтып бізді қақпаға дейін шығарып салды. Үйге келгеннен кейін әйелім көңілденіп:
– Бүркіт, көрдің бе сені тыңдағанда тауық сорпаңмен, ұятқа қалар едік, – деді. Мен болсам, не айтарымды білмей үнсіз қалдым. Екі күннен кейін сөмкемізді тағы да толтырып ауруханаға жетсек, құдамыз орнында жоқ болып шықты. Емдеуші дәрігерден сұрастырып жүріп білгеніміз, құдамызды түнде коньяк ішіп отырған жерінен кезекші медбике ұстап алып, ертеңіне үлкен айқай шу болыпты.
– Сіз емделуге келдіңіз бе, әлде ауруханада алкогольдік ішімдік ішіп демалуға келдіңіз бе? Аурухана режимін бұзғаныңыз үшін үйіңізге шығарамыз, – деп бөлімше меңгерушісі қатты ұрсыпты. Жалынып, кешірім сұрап жатып құдамыз әрең дегенде ауруханадан шықпай қалыпты. Содан біраз уақыт өткенде іші шыдатпай ауырып, құсып, асқазанының ойық жарасы қанап, үлкен дәреті қап-қара түсті болған соң хирургия бөлімшесіне ауыстырылыпты. Хирургия бөлімшесіне іздеп барғанымызда құдамыз бізбен көңілсіз амандасып, апарған тамағымызды алудан бас тартты.
Маған ет жеуге болмайды екен, мені сыйласаңдар тамақтарыңды үйлеріңе апарып өздерің жеңдер, – деп сөмкемізді қайтарып берді.
Құдамыздың ауруына ауру қосып бергеніміз үшін қылмыс жасағандай қысылып, басымыз салбырап үйге қайттық. Жолда келе жатып Әтіргүлге:
– Менің айтқанымды тыңдағаныңда мұндай болмас еді, – деп ренжігенімде, бұл жолы ол аузына құм құйылып, үнсіз қалды...
Сейітқасым Тәжбенов, дәрігер.
Ұқсас жаңалықтар
Қант қызылшасын жинау жұмысы қарқынды
- 29 қазан, 2024
Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтті
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді