Головкин «темір Тайсонның» рекордын қайталады
Ол тағы да жеңді. Қазақтың ою-өрнекті шапанын киген Геннадий Головкин кезекті мәрте қазақ елінің, Алаш жұртының абыройын аспандатты.
Кәсіпқой рингте қарсы келгенді сұлатып салып жүрген WBA тұжырымы бойынша әлемнің супер чемпионы, IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы, WBC тұжырымы бойынша әлемнің уақытша чемпионы Геннадий Головкин бұл жолы ағылшын Мартин Мюррейдің мысын басты. Рингке шыққанға дейін «Головкиннің басын жұлып аламын. Менің оған қарсы он тактикам бар. Басқаны қойшы, өз басым одан қорықпаймын. Дүйсенбі күні отбасыма чемпиондық тәжбен ораламын» деп мақтана сөйлеген Мартиніңіз көзінің алды көк ала қойдай болып, жабығып қайтты. Сонымен, бәрін басынан бастасақ... Бұл кездесуге бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) Президенті Моурисио Сулейманның арнайы келуінің өзі Геннадийдің беделін байқатса керек.
Ринг анонсер Майкл Баффер қос боксшыны рингке шақырған сәтте «Гена, Гена!» деп айқайлаған жанкүйерлердің даусынан құлақ тұнды. Қазақтың шапанын жамылып шығатын Генаға бұл жолы шымкенттік кәсіпкер Әбдімәжіт Сыздықбаев арнайы шапан тіктіріп апарып, менеджерлеріне табыстапты. Айрықша сән үлгісінде тігілген жаңа шапанды Головкин жатырқамай жарқыратып киіп шықты. Үш бірдей тұжырымның алтын белдігі сынға түскен шайқастың алғашқы раундында Головкин алдымен қарсыласының қарымын байқап көрді. Бірден оқ жыландай атылған жоқ. Екі-үш джебін қарсыласының қақ маңдайына сүйкеді де қойды. Нәтижесінде алғашқы раунд Головкиннің пайдасына шешілді. (WBC тұжырымының ережесі бойынша, әр раундтың нәтижесі белгілі болып отырады. Төрт раунд сайын ресми нәтиже хабарланады). Екінші раундта қос қолын аздап іске қосты. Бірақ, төрешілер бұл кезеңде Мюррейді басым деп тапты. Кездесудің үшінші кезеңінде іске кіріскен қазақ боксшысы Мартиніңізді бұрыштан-бұрышқа қуып жүріп сабады. Комбинациялары да әрқилы болды. Бірде сол қолды бауыр тұсына шапшаңдықпен бағыттаса, енді бірде апперкоттар Мюррейдің иек тұсын дәл тауып жатты. Қысымға шыдас бермеген британ азаматы рингтің «бесінші бұрышын» іздеп әлектенді. Не істерін білмей тыпыршып кеткен оның бағына орай гонг соғылды. Мұрнынан қан саулаған ол төртінші раундта жанарымен жер шұқитынын қайдан білсін?! Төртінші раундта Головкин өзінің агрессиялы боксын көрсете бастады. Раунд орта тұсына таяған кезде бұрыштан енді сытылып шықпаққа ұмтылған Мюррейдің бауыр тұсын Генаның оң қолы жалап өтті. Төрт-бес қадам кейін шегінген Мартиніңіз ринг төріне отыра кетті. Есеп ашылды. Мюррей орнынан тұрды да, кездесуді жалғастыруға ишара білдірді. Сол-ақ екен, Гена оны қайтадан бұрышқа тықсырды. Головкиннің жойқын соққыларына ол төтеп бере алмады. Екі бірдей апперкоты Мюррейдің қойған тосқауылына дөп тиген соң, біздің батыр оң қолымен қапталдатып тұрып, бауырға қарай жұдырықты шиіре бағыттады. Тағы да нокдаун. Мюррейіңіз ер екен. Тағы да орнынан тұрды. Осы сәтте оны тағы да гонг үні арашалап қалды. Төртінші раунд толығымен Генаның еншісінде. «Темір Тайсон» былай депті: «Мен бірінші соққыны бағыттағанға дейін барлық қарсыласымның маған қарсы жоспары болады». Бұл жолы да соның куәсі болдық. Бесінші раундта Головкиннің сойқан соққыларының «дәмін алған» Мюррей бас сауғалаумен уақытын өткізді. Ара-тұра дәрменсіздіктен бағыттаған соққыларының бірлі-жарымы нысанаға тигенімен, Гена оны шыбын шаққан құрлы көрген жоқ. Мюррей клинчке құмар екен. Головкинді жиі құшақтап, лас бокс көрсетті. Алтыншы раундта Головкин өзі айтып жүрген «мексикан стайлды», мексикалық стильді, ара-тұра іске қосты. Оқтай зулаған соққыларының арасына арсеналындағы жоғарыдан төменге қарай бағытталатын әйгілі тәсіл келіп қосылды. Мюррей бетін қорғаштағанда зау көктен басына балға тигендей күй кешті. Шиіріп әкеліп бағыттаған соққы қақ шекеге әдемі қонып жатты. Бетін қан жуған Мюррей бірақ құлаған жоқ. Айтпақшы, раундаралық үзілісте Абель Санчес Головкинге: «Қарсыласыңды құлатуды ойлама, тәжірибе үшін біраз раунд керек», – деп тапсырма бергенін де құлақ шалды. Жетінші кезеңде Головкин аздап қарсыласына мүмкіндік беріп еді, оның соққылары ауа қармады. Сосын қайтадан іске көшті. Тікелей екі соққы, қапталдан қос қолдың алмасқан соққылары және үштік апперкоттар Мюррейді жүрісінен жаңылдырғанымен, сағын сындырған жоқ. Сегізінші раундта осы сценарий қайталанды демесеңіз, Головкин екі-үш соққы алып қалды. Жақын қашықтықтан бағытталған әлсіз соққылар Генаға соншалықты әсер ете қоймағаны да айқын. Тоғызыншы раунд та түгелімен Головкиннің пайдасына шешілді. Бетін қан шайған Мюррейдің тыныс алуының өзі мәселеге айналды. Головкиннің он раунд бокстаспағанын біраздан бері көрмеген ел аң-таң. Осыдан бірнеше жыл бұрын Кассим Оума ғана Генаға қарсы он раунд шайқасқаны есте демесеңіз, қалғандары ринг төріне сұлқ түсуші еді. Шамасы Мюррей рекорд орнатқысы келді-ау. Гонг соғылды. Оныншы раунд та басталды. Раунд ортасынан ауа бергенде Головкин өз күшін барынша пайдаланды. Спринтерлік соққылар қарсыласты әбден «терлетті». Оң қолмен бағытталған орта қашықтықтағы тікелей соққыдан есеңгіреп қалған Мюррей қапталдан келген оң қол қақ шекесін тура тапқанда рингке кескен теректей сұлап түсті. Орнынан көтерілді. Тағы да гонг үні оның рингтегі «өмірін» ұзартты. Бірақ көп уақытқа емес екен. Он бірінші раунд басталғаннан кейін 47 секундтан соң кездесу финишіне жетті. Қос қолы төмен түсіп, қорғаныссыз қалған Мюррейге Пуэрто-риколық қазы Луйс Павон араша түсті. Техникалық нокаут! Эйфориялық сезім. Тайсонның рекорды қайталанды. Гена да қатарынан он тоғыз қарсыласын мерзімінен бұрын жеңді! Алға, Алаш оғланы, дедік біз де! Шаршы рингте бірде-бір рет нокдаун алмаған Мюррейіңіз осылайша фиаскоға ұшырады. Кездесуден кейін HBO арнасының сарапшысы Макс Келлерман Головкиннен шағын сұхбат алды. «Енді кіммен кездесуді қалайсың?» деген дәстүрлі сұраққа Головкин: «WBC тұжырымы бойынша Мигель Котто тұрақты чемпион. Орта салмақтың ең мықты боксшысы кім екенін анықтау үшін де Коттоны кездесуге шақырамын», – деп қысқа қайырды. Сонымен қатар ол: «Бұл кездесудің
алғашқы жартысында мен үшін бокстасып шығу маңызды болды. Санчес қойған стратегия да сол. Екінші жартысында нокаутқа жіберуді көздедім. Мақсат орындалды. Он бір раунд бокстассам да ешқандай шаршауды сезінген жоқпын», – деді. Осы кездесуден кейін кіші Чавес Головкинді кездесуге шақырды. Головкин қарсы еместігін айтты. Генаны кезекті жеңісімен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтады. WBC Президенті Моурисио Сулейман Головкиннің бала күнгі арманы жасыл белдікті иелену екенін айтып, алдағы уақытта солай болатынына сенім білдірді. Дәл қазір Мигель Коттоның қарсыласы жоқ. Сауль Канело Альварес рингке Джеймс Кирклендпен шығады. Котто қайтер екен? Енді қандай айлаға көшуі мүмкін? Әлде Головкинмен біріккен тұжырымдар кездесуін өткізуге келісім бере ме? Біз үшін сол маңызды. Гена үшін де... Сол супер жекпе-жектің өтетініне сенейік...
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ауданға еңбегі сіңген абыройлы азамат
- 17 қыркүйек, 2024
Әулиеаталықтар айтулы аламанда атой салды
- 16 қыркүйек, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді