Көктем туа дала жұмыстары жанданып, ауыл шаруашылығында қарбалас тірлік басталады. Елбасының өзі облысымызды аграрлы аймақ екенін ерекше атап өткенін ескерсек, салаға артылар жүк еселей түсері анық. Өйткені, елдің де, Елбасының да сенімін ақтау міндеті тұр. Сенімді ақтап, міндет үдесінен шығуды, белгіленген жоспарды орындауды ойластыру, кеңесу мақсатында облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасында алқалы жиын өтті. Апта басындағы аппарат кеңесінде облыс әкімі К.Көкірекбаев салада атқарылып жатқан жұмыстарға аса көңілі толмайтынын және бұл бағыттағы көптеген істі жандандыру керектігін айтқан болатын. Басқарма басшысы А. Нұралиев барлық аудан әкімдерінің орынбасарлары мен ауыл шаруашылығы бөлімдерінің, қаржы мекемелерінің басшыларын, шаруа қожалықтарының иелерін, тиісті мамандардың басын қосып, облыс әкімінің берген тың тапсырмаларын тыңғылықты орындаудың жолдарын әңгімеледі. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Қ. Әбдірайымов қатысты. Басқарманың өткен жылы атқарған жұмыстарына көз жүгіртті, туындап отырған мәселелермен танысты, жоспарларын тыңдады.
Кеңесте ауыл шаруашылығы басқармасы ішкі бақылау бөлімінің бас маманы С. Құдасбаева «ҚР Бас Прокуратурасының ұсынысына сәйкес, заңдылықты бұзушылық, оларға мүмкіндік туғызатын себептер мен жағдайларды жою» тақырыбында баяндама жасады. Бас маманның сөзінше, өткен жылы облыс аудандарында бірқатар заң бұзушылықтар орын алған. Олар негізінен, белгіленген құжаттарды тиісті мекемелерге уақтылы өткізбеу мен қажетті құжаттарды өзгесімен шатастыру сынды олқылықтар болған. Кемшілікке жол берген тиісті тұлғалар жиын барысында, оның себептерін түсіндіріп, салдарын жоятындарын айтып жатты. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан өрісті малға, алқапты егіске толтырамын дегендерге беріліп жатқан мол мүмкіндіктерді, қолдаулар мен түрлі қаржыландыру тетіктерін, өткен жылы берілген сол қаржылардың игерілу деңгейін де басқарманың тиісті мамандары баяндап шықты. Мысалы, мал шаруашылығы бөлімінің басшысы А. Қошамбеков облыстағы «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» және «Ырыс» сынды бағдарламалар төңірегінде талқылау жұмыстарын жүргізсе, егіннің жайын егін шаруашылығы бөлімінің бас маманы Н. Сүлейменова айтып берді. Жалпы, өткен жылдарда атқарылған істің игілігін көретін де, бағасын беретін де халық. Ал басқарма тарапынан жыл жаңарған сайын тың жобаларды қолға алып, сол халыққа қажетті бағыт-бағдарды беріп отыру шарт, жоспар құрып, сол межеге жетудің қамын қылған абзал. Басқарманың жоспарына сай, 2018 жылы облыста жылыжай аумағын 72 гектар алқапқа, ал интенсивті бақты 100 гектарға жеткізу қажет. Сондай-ақ, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы мүйізді ірі қараға арналған 100 ірі шаруашылығын, «Құлан» арқылы 18 ірі жылқы шаруашылығын, «Алтын асық» арқылы 24 қой фермасын, «Ырыс» бағдарламасы бойынша 12 тауарлы сүт фермасын және «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобанының бойында 100 және 200 басқа арналған 13 тауарлы сүт фермасын құрып, 2017 жылға дейін 57 шаруашылықты іске қосудың қарекеті жасалып жатыр. Осы секілді көптеген шаруаларды тындыру үшін барлық аудан әкімдерінен бастап, барлық тиісті азаматтардың білек сыбана іске кірісулері ләзім. Оның үстіне, биыл облыс бойынша 10 мың гектар алқапқа қант қызылшасын өсіру міндеті тұр. Жиынға қатысушылар барлық мәселені егжей-тегжейлі талқылап, өз аумақтарында шешімін күткен мәселелерді басқарма басшысына жеткізді. А. Нұралиев олардың бәрін мүмкіндігінше шешуге уәдесін берді. Облыс әкімінің орынбасары Қ.Әбдірайымов көктемгі егіс науқанына дайындықтың алғышарты болып табылатын жанар-жағармаймен аудандардың қамтылуын сұрады. Әзірге қажетті жанармай белгіленген екі май құю бекетінің сыйымдылықтарында дайын тұр екен. Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары басқарма басшылығы мен аудан әкімдіктеріне түрлі тапсырмалар беріп, туындаған мәселелерді бірігіп шешуге уағдаласты. Ал басқарма басшылығы мен тиісті мамандар «Агробизнес-2020» бағдарламасының бағыттарын қаржыландыру тетіктерін түсіндіру бойынша облыс аудандарында түрлі кездесулерді бастап кетті. Бұл кездесулер бүгінде Байзақ, Мойынқұм, Шу секілді бірқатар аудандарда өтті.
Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді