Ел не деді?

Ел не деді?
ашық дереккөз
Ел не деді?

Облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы Көкірекбаевтың облыстың 2014 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есепті баяндамасы аяқталған соң кезек жарыссөзге берілді. Залға жиналған жұртшылық бұл күні көкейлерінде жүрген елдік мәселелерді іркіп қалмай, бірінен соң бірі ой-пікірлерін білдіріп, сауалдарын жолдады. Алғаш болып сөз алған Меркі ауданының азаматы С. Қалманбетов: «Құрметті Кәрім Нәсбекұлы, бүгін міне, сіздің есепті баяндамаңызды тыңдай отырып, өңір экономикасының өркен жайғанына куә болып отырмыз. Жұмысыңызды жүйелі атқарып отырғаныңызды да байқадық. Менің көкейімде жүрген бір мәселе бар еді. Меркі ауданына қарасты Ақарал ауылдық Мәдениет үйінің мәселесі алаңдатып отыр. Бұл сұрақты жолдамай-ақ қоюға болушы еді. Дегенмен, кезінде жасалған жобалық-сметалық құжаттың уақыты өтіп кеткелі тұр. Сондықтан осы мәселенің оңды шешім табуына ықпал етсеңіз нұр үстіне нұр болмақ» деп көкейкесті мәселені көтерді. Бұл сауалға облыс басшысы еш мүдірместен жауап берді. «Сауалыңыз өте орынды. Меркі ауданына барғанда бұл мәселенің жайына қанық болғанмын. Тіпті жобаның құнына дейін білемін. 94 миллион теңге қарастырылған. Барлық құжаты дайын тұр. Сол себепті де бұл мәселе шешімін табатын болады», – деді Кәрім Нәсбекұлы мәселемен жіті таныс екенін байқатып. Бұдан кейін мінберге беттеген жазушы-драматург Арғынбай Бекбосын облыс әкімінің жыл ішінде атқарған жұмысын жоғары бағалап: «Халық жағдайын жақсарту үшін мемлекеттің экономикасы мықты болуы керек. Жалпы, жағдай жақсы. Бүгінде әлемді дағдарыс деген кезіп жүрген сөз бар. Тәуелсіздік алған бозала таңнан қай жолмен жүру керек, нені таңдау керек деген тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев экономикадан бастау керек деп айтқан еді. Сол саясатты берік жүргізіп келеді. Барлық көрсеткіштер облыста да жақсы екен. Оның бәрі бізді, ардагерлерді қуантып отыр. Болашақта беттеген жолымыз нұрлы болсын» деп игі тілегін білдірді. * * * Тараз – еліміздегі таза әрі жасыл желегі мол қалалардың бірі. Жалпы, көктем туа түрлене түсетін шаһарда ирригациялық жүйені дамытудың маңызы зор. Сондықтан, бұл мәселе тараздықтарды толғандырмай қалған емес. Тараз қаласының тұрғыны, «Ақниет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ергеш Балтабайұлы «жасыл қала» деген атауды сақтап қалу үшін суармалы су жүйесі қалпына келтірілсе деген ұсынысын жеткізді. «Облыс әкімінің есебін тыңдап отырып, жыл ішінде ауқымды жұмыстар атқарылғанын білдім. Жалпы, өңірде өркенді істер көп екен. Тараз қаласында да көп тірліктер тындырылуда. Кәрім Нәсбекұлы, сізге, облыс тұрғындарының игілігі үшін жасап жатқан жұмысыңызға ризашылығымды білдіре отырып, республикадағы ең көрікті әрі жасыл қалада ирригациялық жүйені дамыту қолға алынса деген тілегімді жеткізгім келеді», – деді ол. Бұл мәселе облыс басшысының назарында екен. Қаладағы тоғандар санын санамалап, олардың жалпы ұзындығына дейін нақты айтып берген Кәрім Көкірекбаев: «Сұрағыңыз орынды, жаз айларында суармалы су жүйесінің маңыздылығы артады. Жыл сайын жергілікті бюджеттен 60 миллионға жуық қаржы қала ішіндегі тоғандар мен арықтарды тазартуға және оларды жөндеу жұмыстарына бөлінеді», - деп қойылған сұраққа толыққанды жауап берді. «Алдымен – экономика, содан кейін саясат» деген Елбасы ұстанымы бүгінде жемісін беруде. Халықтың тұрмыс жағдайы жақсарып келеді. Соның айқын көрінісі шығар, жұртшылық бұрынғыдай есеп беру жиындарында ұсақ проблемаларға бас қатырмайтын болған. Бүгінгі мәселе – елдің жайы, елді мекеннің сәулет-келбетіне ойысқан. Талас ауданының тұрғыны Байұзақ Көлбайұлы Қаратаудың қайта жандана бастағанын, қаладағы су және кәріз жүйелері жөндеуден өткізіліп жатқанын айта келіп, «көшелердегі қазылған жолдар қалпына келтіріле ме?» деп сауал тастады. Облыс әкімі мемлекеттік шағын қалаларды дамыту бағдарламасы аясында Жаңатас және Қаратау қалаларын жаңғырту жұмыстары қолға алынғанын, әлі алда көптеген жұмыстар атқарылатынын айта келіп, көше жолдары қайтадан жөнделетінін жеткізді. «Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында кезінде өндіріс орындары тоқтап, жұмыссыздықтың салдарынан тұрғындары жан-жаққа көшіп кеткен шағын қалалар қалпына келтірілуде. Қазіргі Жаңатасты көрсеңіз, жаңарған. Қаратау да сондай болады», – деді Кәрім Нәсбекұлы. Елбасымыз айтқандай, жол – тіршіліктің күретамыры. Тұрғындар үшін облыстық, аудандық мәндегі жолдардың да мәні зор. Өйткені, жол ауыл арасын байланыстырып қана қоймайды, ол – өркениеттің бастауы, дамудың негізгі тетігі. Түрлі жол-көлік оқиғалары, кей кездерде адам тағдыры да жолға тәуелді екенін көрсеткендей. Жуалы ауданы, Ынтымақ ауылының тұрғыны, зейнеткер Күнтубек Еркебайұлы, әсіресе, балалардың болашағына алаңдаулы екенін айтады. «Былтыр ауылымызға келгенде мектебіміздің апатты жағдайда екенін көрдіңіз. Оқушылар орталыққа қатынап оқиды. Ал орталықпен байланыстырып жатқан 5 шақырым жол нашар, ойқы-шойқы. Көктем мен күзде жауын-шашын көбейеді. Балалардың тағдырына алаңдаймыз. Жолды жөндеу мәселесін назарға салсаңыз екен», – деді ақсақал есепті жиында. Аймақ басшысы жолдың жайы қашанда өзектілігін жоймайтынын айтты. Соңғы жылдарда Жуалы ауданында шешімін тапқан мәселелерге де тоқталып өтті. «Бауыржан Момышұлының 100 жылдығын тойлар кезде 24 көшенің, Шерағаның 80 жас мерейтойының қарсаңында 10 көшенің жолын жөндеуден өткіздік. Ауыз су бар, мектептер салынып жатыр, балабақша мәселесі бойынша проблема жоқ деуге де болады. Енді осы жол ғана қалды. Оны шешу жолдарын қарастырамыз, ауыл жолы жөнделеді», – деп атқарылған жұмыстарды тарқата баяндады. Жалпы, жолдың жайы жалғыз Жуалы ауданында ғана өзекті болып отырған жоқ. Мұндай мәселелер басқа аудандарда да бар екені белгілі. Есепті жиында облыс әкіміне сұрақ жолдағандардың басым көпшілігі жол туралы сөз қозғады. Байзақ ауданы, Тегістік ауылының тұрғыны Сағадат Қуанышбаев, Т. Рысқұлов ауданы, Қорағаты ауылдық округінің әкімі Бақытбек Аблазимов та өздерін осы проблема толғандыратынын жеткізді. Мойынқұмдықтарды да мазалап отырған жағдай осындай. Аудан тұрғындары «Бірлік – Ұланбел» бағытында жолдың қалған бөлігі жөндеуден өткізіле ме, соны білгісі келеді. Облыс әкімі бұл сұрақтарға да егжей-тегжейлі жауап берді. Кәрім Нәсбекұлының аталған проблемалармен жақсы таныс екенін өз жауабы арқылы анық ұқтырды. Жолдың қанша бөлігіне жөндеу жұмыстары жүргізілгені, әлі қаншасында жұмыс жалғасатыны туралы толық мәлімет берді. Облыс әкіміне сауалдарын қоюға асыққан азаматтар төрт жерге қойылған микрофондарға қаз-қатар тізіліп сауалдарын жолдап жатты. Келесі кезекте сөз алған Байзақ ауданы, Бурыл ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы С. Қуатбеков: «Ауылымыздағы мектепке балалар сыймай, біраз жеткіншектер көршілес ауылдардың мектептеріне қатынап оқып жатыр. Осы мәселені назарда ұстап, ауылымыздан жаңа білім ордасының бой көтеруіне ықпал етуіңізді сұраймын», – деп өтінішін жеткізді. Бұл сауалды мұқият тыңдаған Кәрім Нәсбекұлы: «Бұл ұсынысыңызды қолдаймын, қуаттаймын. Мәселемен жіті таныспын. Шынында да балалар сыймай жатыр. 300 орындық мектеп алдағы уақытта салынатын болады. Оған қомақты қаражат та қаралған. Қазіргі таңдағы қиындықтарға байланысты жаңа нысандар мәселесі шамалы тоқтаған. Бірақ, бұл жайтпен Білім және ғылым министрлігі де таныс. Бәріміздің назарымызда, бақылауымызда тұр. Шешімін табатын болады», – деп нақты жауап берді. Бұдан кейін сөз алған «Коммунистік» партияның облыстағы филиалының хатшысы Жанна Мамашева сөз алып, облыс әкімінің жыл ішінде атқарған жұмыстарына ризашылығын жеткізіп, тындырылған тірліктерді жоғары бағалады. «Кезінде бізге үлкендер жағы «Ең бастысы соғыс болмасын» деп айтып жүрген шақта біз сол сұм майдан бізден алшақ қой деп ойлайтынбыз. Қазіргі кезде Украинадағы болсын, басқа елдердегі болсын ахуалды қарап отырып, шын мәнінде де үрейленесің. Біз бастысы отбасының, Отанымыздың, еліміздің жағдайын, ертеңін ойлауымыз керек. Сондықтан да біз Қазақстан халқы Ассамблеясы көтерген мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу жөніндегі ұсынысты қабыл алып, қолдауымыз керек. Біздің партия болсын, өзге де ұйымдар болсын бұл жағдайға бейжай қарамайды деп ойлаймын, пайымдаймын. Биылғы қиындықтар алдағы уақытта кездеспесіне ешкім кепіл бола алмайды. Елбасымыздың алға қойған айқын мақсаттары осы уақытқа дейін орындалып келді. Әрмен қарай да жүзеге аса беретіні анық. Демек, бұл мәселеге бәріміз белсенді түрде атсалыссақ, одан ұтылмаймыз. Сіздің жұмысыңыз жүйелі екенін көз көріп отыр. Әрине, ел басқарған соң сұрақтар туындайды. Онсыз болмайды. Дейтұрғанмен, алдағы уақыттарда да жұмысыңыз табысқа толы болуына ниеттеспін. Тыңдағаныңызға рахмет!» – деді ол өз сөзін қорытындылап. Бұдан соң сөз алған азамат Амангелді Омаров: «Біздің шаһарымыз, мақтанышымыз, 2000 жылдан астам тарихы бар Тараз қаласында ең үлкен, ең ірі тарихи орындардың бірі – Қарахан бабаның кесенесі бар. Бәрімізге белгілі болғандай, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы Тараз қаласында өтеді. Сол мерейтой қарсаңында өңірге ат басын бұрған азаматтардың барлығы да міндетті түрде әулие бабамыздың кесенесіне қарай ағылады. Тарихқа тәу етеді. Ұлы тұлғаның кесенесіне баратын жол талапқа сай жөндеуден өтеді ме? Осы сұрақ мені мазалайды» – деді көкейдегі мәселені қозғап. Аталмыш сауалға да облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев еш мүдірместен, кідірместен жауап берді. Мәселенің қалтарыста қалмайтынын айтып, жолдың дер кезінде жөндеуден өтетініне сендірді. Мұнан соң Шу аудандық мәслихатының депутаты В. Виткин сөз алды. «Бүгінде өңірде үлкен тірліктер атқарылып жатыр. Оның басы-қасында өзіңіз жүрсіз. Жұмыстың дұрыс бағытта жүруінің арқасында облысымыз қарыштап дамып келеді. Оның бәрі сіздің және сіздің қасыңыздан табылған мамандардың іскерлігінің арқасы деп білемін. Тындырылған тірліктердің барлығына да дән ризамыз. Менің көкейімде жүрген бір мәселе бар еді. Соны айтайын. Шу ауданындағы Тоғай мөлтек ауданына мектеп керек екені белгілі. Осы мәселенің оңды шешім табуына көмектессеңіз», – деді ол ойын түйіндеп. Мәселенің мәнісіне үңілген облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев аталмыш мәселемен жақсы таныс екенін айтып, тиісті құжаттардың әзірленгенін, 300 орындық білім ордасы бой көтеру тиіс екенін сөз етті. Құжаттармен Білім және ғылым министрлігі таныс екенін де әңгімеге арқау етті. Бұл мәселенің алдағы уақытта оңды шешім табатынына да сенім білдірді. Жарыссөз барысында өз ойын білдірген Тараз қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Күләш Әбдікешова облыс әкіміне ардагерлерге жасап жатқан қамқорлығы үшін ризашылығын жеткізді. Қала ардагерлері атынан алғысын білдірді. Өңір басшысының алдағы уақытта атқарар жұмыстарына табыстар мен жетістіктер тіледі. Иә, облыс басшысына сауал жолдаушылардың қарасы бұл күні толастаған жоқ. Солардың бірі қала тұрғыны Абдолла Бақбергенов те өз ойымен бөлісті. «Еліміздің, жұртымыздың жайнап, жайбарақат күй кешіп отыруы – халқымыздың ауызбірлігі мен ынтымағының, көк туды биікте желбіретіп ұстағанының арқасы. Бұл ретте әлем мойындаған Елбасының да еңбегі ерен. Біз Елбасын қашанда қолдаймыз. Сіздің де жұмысыңыз жүйелі екенін байқап отырмыз. Қажымаңыз. Алла күш-қуат берсін! Көше бойы орналасқан бағдаршамдар бойында бұрында қаңғыбас иттер мен қайыр тілеген әйелдер қаптап жүруші еді. Олардан да құтылдық. Қаланың әкіміне ол үшін алғыс айтамын. Екінші бір мәселе Алматы мен Астанадағыдай қосалқы бұрыш пайда болды. Қазір қозғалыс оңтайланды. Бұл үшін де өзіңізге, қала әкіміне ризамын. Дегенмен, бір мәселе әлі де өз шешімін таппай тұр. Елбасы өткен жылы «Мына жайма базардан құтылу керек», деп айтып еді. Базарлар салынуы керектігін де сөз еткені есте. Қаламызда үш бірдей базар бой көтерді. Жақсы, жарайды. Бірақ, сол жайма базарлар, дұрысы сауда нүктелерінің қарасы әлі де сирейтін сыңай танытпай тұр. Бұған не себеп? Қандай амал қылуға болады?» – деді Абдолла Бақбергенов көкейдегі ойды қозғап. – Сауалыңыз өте орынды. Расында да үш базар салынды. Онда бос орындар да бар. Сол жаққа барып сауда жасауға жағдайларды да жасадық. Дегенмен, өзіңіз айтқандай, жайма сауда әлі де жалғасып жатыр. Шағын және орта бизнеске уақытша тексеру жүргізуге тыйым салынғандықтан біз оларға әзірге шара қолдана алмай отырмыз. Әйтпесе, тексеретін, мәселенің жайын нақтылайтын құзырлы органдар баршылық. Межелі мерзім өткен соң бұл мәселемен айналысатын боламыз, – деді Кәрім Нәсбекұлы мәселеге кеңінен тоқталып. Жиын барысында Тұрар Рысқұлов ауданы, Луговой ауылының тұрғыны Бейсенбек Ниязқұлов та өз ойын ортаға салды. «Құрметті Кәрім Нәсбекұлы, біздің ауылда ауыз су жүйесінің жұмыстары жүргізіле ме, жүргізілсе қай уақытта бастау алады?» – деді ол өз сөзінде. Бұл мәселеге ерекше назар аударған облыс басшысы қаржылық жағдайды ескере отырып, аталмыш шаруаның не ағымдағы жылы, не келер жылы жүзеге асатындығына сенім білдірді. Бұдан кейін сөз алған «Барысхан» алқабының тұрғыны Алтын Базарбайқызы аталмыш аймаққа көгілдір отын кіргізіледі делінгенімен, жұмыстың толық жүзеге аспай отырғанын, үш көшегі жарық берілгенімен, қалған көшелер жарықтың қызығын көре алмай отырғанын сөз етіп, облыс басшысынан осы мәселеге қол ұшын беруін өтінді. Мәселеге қанық болған Кәрім Нәсбекұлы өңірде 59 алқап бар екенін, ондағы мәселелер бірте-бірте шешімін тауып келе жатқанын, бұл мәселе де қалтарыста қалмай, алдағы күндері шешімін табатынын айтып өтті. Соңыра сөз алған Нұрбол Әбдіхалық есімді қала тұрғыны Волкова көшесінде жастардың спортқа қызығатынын айтып, облыс әкімінен аталмыш көшеге спорт алаңшасын соғып беруді өтінді. «Біз спортқа әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз. Орынды мәселе көтеріп отырсыз. Жүзеге асыратын боламыз. Елбасының өзі бұқаралық спортты дамытуға серпін беріп отыр», – деп түйді өз ойын облыс әкімі. Жиын барысында қойылған сауалдардың бәрі де назарда болатынын, дер кезінде сараланып, тиісті шешімдер қабылданатынын айтты Кәрім Нәсбекұлы. Сонымен қатар облыс әкімі қой жылы да жемісті болатынына сенім білдірді.

Ұқсас жаңалықтар