«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Табылған ем

Табылған  ем
ашық дереккөз
Табылған ем

Нәрестенің еңірегенде етегі жасқа толды. Аяқ-қолы жерге тимей безектейді. Әкесі мен шешесі баласын кезек-кезек көтереді. Тілі шықпаған жас сәбидің жылаудан басқа айтар сөзі жоқ. Ең қиыны осы екен.

Әншейінде «Әлди-әлди, бөпешім, жілік шағып берейін», «Жылама, бөпем, жылама, көздің жасын бұлама», «Ала қойдың терісі, құнан қойдың берісі» деп әндету қоңыр қаздың күйі екен. Ерлі-зайыптының есі шықты. – Елдің баласы мұндай емес. Балпанақтай, балбырап отырғаны. Бізге бүгін қандай азаптың тап болғанын қайдам, – деді баланың шешесі. – Жедел жәрдем шақырсам қайтеді?! – деді әлден уақытта баланың әкесі. – Шақыртсаң шақырт. Бекерге өліп кетер бұл бейбақ. Не бала болып емшек ембейді, не көтергенге көнбейді. Әйтеуір кеш батқалы осы. Бұрын мұндай сұмдығы жоқ еді, – деді әйелі күйгелектеп. Шақыртуды күтіп тұрғандай ақ халатты жас қыз жетіп келді. Баланы аударып-төңкеріп көрді. Етпеттеп жатқызып, жотасын тыңдады. Шалқайтып аузына үңілді. – Суық тиген екен өкпесіне. Жылы ұстаңдар. Үйде қандай дәрі-дәрмектеріңіз бар? – Бар еді дәрілер, – деп күмілжіді үй иесі әйел. Бір дорба буыншақ-түйіншектің астаң-кестеңін шығарып жатыр. Әлден уақытта сырты жылтыр қағазбен тысталған қорапшаны суырып алды. – Күніне үш рет жарты таблеткадан тамақ алдында дәрі ішкізіңіз. Жатар кезінде арқасына қыша қойыңыз, – деді дәрігер қыз шығуға жиналып жатып. – Егер сырқаты қоймаса жедел жәрдемді қайта шақыртыңыздар. – Рахмет, келгеніңізге. Бұл жақсы­лығыңызды еш уақытта ұмытпаймыз, – деді үй иелері жарыса сөйлеп. – Бұл біздің міндетіміз ғой. – Білеміз ғой, білеміз. Дегенмен, сіз келген соң, әрі сізді көрісімен баламыз мазасызданғанын қойды. Бәлкім, сіздің дәрігер екеніңізді сезген болар, – деді баланың шешесі риза болып. – Жылағанын енді көрсетпесе екен. Егер көргеніңізде бар ғой... сай-сүйегіңді сырқыратады, – деді күйеуі. Жедел жәрдемге келген қыздың сыртқа шыққаны да сол еді, оның кетуін күтіп жатқандай-ақ жас сәби қайтадан безілдеп жөнелді. Самолетпен алғаш ұшқан бір тақуа қарт мотордың даусынан бітіп қалған екі құлағын ұстап «мынаның жанында трактор дегенің айналайын екен ғой» деп кемсеңдеген екен. Сол айтқандай, әлгі жылау жылау ма? Ол әншейін айналайын екен. Шырқыраудың көкесін енді көрсетті. Шатқаяқтаған сәбидің екі қолын әкесі мықтап ұстап алған. Шешесі жылаңқы ауыздың ашылуын аңдып тұрып суға шыланған дәріні құйып жіберді. Зорлап берген ащы дәріден шашалып жөтелген бала одан бетер үйді басына көтере шырқырады. Дәл жылауға жаңа күш алғандай зарлай түсті. Ерлі-зайыптылар нәрестемен ет қайнатым уақыт бойы алысты. Бейбақтың бой беретін түрі жоқ. Бет бақтырар емес. – Азаптан арылмаған сорлы бала кешеге дейін тәп-тәуір еді, аттай шауып жүрген. Қос өкпесіне бірдей суық тиген оңай дейсің бе? – деді шешесі көз жасын сығып. – Дәрігерді тағы шақыртайын. Өршіп барады ғой, – деді әкесі көңілі жабығып. Асай-мүсейін көтеріп қос-қосынан екі дәрігер тағы келді. Олар бірінен соң бірі кезекпен-кезек құлақтарына тығып алып тыңдайтын аспабын баланың жотасына «жорғалатып» шықты. – Қалада қазір тұмау көп. Мынау –жұқпалы тұмау, – деді бірі екіншісіне мақұлдатып. – Апырай, ә. Бәсе, жыласы жаман. Алдыңғысы аз болғандай, бұл келгендер тағы да бір құшақ дәрінің тізімін жазып берді. – Мынаны күніне бір таблеткадан тамақ алдында, ал мынаны тамақ соңынан күніне үш рет ас қасықпен ішкізесіздер. Әл әзір үйдегі дәрілерді пайдалана тұрыңдар. Ертең өз учаскелеріңіздің дәрігерін шақыртыңыздар, – деді келгендердің естиярлау біреуі есіктен шығып бара жатып. Олар кетісімен бала ескі әніне қайта басты. Бүгінгі демалыс баланың азабымен өтетін болды. – Бүйтіп, баланы босқа өлтіреміз. Тағы да шақырайық. Бірінің болмаса, екіншісінің емі шипа болар. Бұл жолғы келген «жедел жәрдем» ақ халатты, түсі жылы, сұсы қатты, сыптай талдырмаш денелі, орта жастағы, «сары қарын» тартуға бейімделген әйел екен. Сірә, осы пәтердегі науқас нәрестенің ахуалы «жедел жәрдемдегілерді» дүрліктірген сыңайлы. Өйткені, дәрігер әйел жалма-жан баланың басын, шекесін сипап, шай қасықпен аузын, өңешін ашып көрді де бірден үй иесі келіншекке шүйілді. – Бесінші балаң ғой, ә, – деді де ызаланып, асханадағы су толы құтыны алып, баланың аузына тосты. Нәресте құтыдағы суды қылқылдатып жұта берді, жұта берді. Шөлі қанып, төсекке жантайысымен, сылқ етіп, ұйқы құшағына еніп кетті. «Жыламаған балаға емшек бермейді». Ал еңірегенде етегі жасқа толған нәрестенің шөлдегенін неге сезбейді ата-анасы?

14Кәдірхан Баққараев.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар