Құрбанәлі Шахабаев

Құрбанәлі Шахабаев
ашық дереккөз
Құрбанәлі Шахабаев

Балалық шақ

Жанарымда нұр ойнап, шаттық күлген, Бойымнан арылмаған пәктік мүлдем. Қайран менің, балалық, балдай кезім, Доп қуалап, шыбықты ат қып мінген.

Көңіліме алаң мен кірмей күдік, Жадырадым, уайымсыз күндей күліп. Ғарышкер боламын деп армандадым, Ғарыштың не екенін білмей жүріп.

Сол арманмен кетемін айға да ұшып, Баламын ғой толмаған бойда күші. Үйге кеш оралғанда анам кейде, Қоятын қабақ шытып, жайлап ұрсып.

Алысқан соң ұлдармен жұлқып-жұлқып, Киімім де болатын жыртық-жыртық. Бұрымынан тартамын қыздардың кеп, Мұрынымды мен әрең сүртіп жүріп.

Достар жүрсе сабақпен басы қатып, Мен жүремін далада асық атып. Үйге жылап келгенде әкем маған, Деп айтатын «жігітсің, жасыма түк».

Солай өтті қызықпен талай күндер, Сол сәтке қия алмай қараймын мен. Есейгім кеп жүргенде білмей қалдым, Есейіп кеткенімді қалай бірден.

Жанарымда нұр ойнап, шаттық күлген, Бойымнан арылмаған пәктік мүлдем. Қош бол енді, балалық, балғын шағым, Доп қуалап, шыбықты ат қып мінген.

Өзгеше сезім

Пәк жүзіңе ынтығады бұл әлем, Сол жүзіңе мен де ессіз құмар ем. Сүйемін деп айтқанменен өзіңді, Өзгелердей сүйе алмаймын мына мен.

Саған деген сезім осы ендігі, Бірақ, жаным, дұрыс ұғын сен мұны. Мен Кебекке ұқсамадым, не шара, Сен де Еңлік болмайтының белгілі.

Бұған бола көңіліңе мұң артпа, Жалғыз менің жанарыма тұрақта. Естай сынды ән жазар ем өлмейтін, Сен Қорландай болмайсың-ау, бірақ та.

Қарағанда дидарыңа нұр тұнған, Құштар жүрек есі кетіп бұлқынған. Төлегендей болар едім, жасқанам, Бекежандар оқ атар деп сыртымнан.

Жарқ ететін жай отындай бес күнде, Тап соларға тартпасам мен кеш мүлде. Мен олардай бола алмаймын себебі, Мендік сезім ұқсамайды ешкімге!

Шүкір ет, бауырым, Аллаға

Қайғысыз өткен күндерің үшін, Жер басып тірі жүргенің үшін. Жақсылықтар мен жамандықтардың, Не екендігін білгенің үшін. Шүкір ет, бауырым, Аллаға.

Уайымсыз ішкен ас-суың үшін, Сауықпен өткен жастығың үшін. Қимайтын әркез бауырластық пен Үзілмес мәңгі достығың үшін. Шүкір ет, бауырым, Аллаға.

Соғыссыз ашық аспаның үшін, Қара жер үстін басқаның үшін. «Өмір» дейтін үлкен кітаптың, Беттерін сен де ашқаның үшін. Шүкір ет, бауырым, Аллаға.

Шаттық пен бақыт көргенің үшін, Мұң менен зарды жеңгенің үшін. Әкеңнің айтқан ақылын тыңдап, Анаңның сүтін емгенің үшін. Шүкір ет, бауырым, Аллаға.

Шуаққа толы таңдарың үшін, Мұратқа бастар арманың үшін. Адам боп келіп мына фәниге, Адам боп қана қалғаның үшін. Шүкір ет, бауырым, Аллаға.

Тоқтаусыз аққан әр аптаң үшін, Жылдар мен күндер, сағаттар үшін. Ақыл мен сана ой-өріс беріп, Хайуаннан артық жаратқаны үшін. Шүкір ет, бауырым, Аллаға.

Маңдайға жазған тағдырың үшін, Деніңнің аман-саулығы үшін. Шүкір ет, бауырым, Аллаға сен, Барлығы үшін, барлығы үшін.

Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар