Головкин үшін сын сағаты туды
Сонымен, WBA тұжырымы бойынша, әлемнің супер чемпионы, IBO тұжырымы бойынша, әлем чемпионы, WBC тұжырымы бойынша, әлемнің уақытша чемпионы Геннадий Головкиннің қарсыласы кім? Ұлыбритания ұлы – Мартин Мюррей. Кәсіпқой рингте біраз кездесу өткізген. Қарсыластарының көбісі «қатардағы жауынгер» болғанымен, екі мықты боксшымен қолғап түйістіргені бар. Оның бірі – бұрынғы WBA тұжырымы бойынша, әлем чемпионы Феликс Штурм. Тәжге таласқан жекпе-жекте Мартиннің мысы басым болғаны да рас. Бірақ, Германияда өткен кездесуде төрешілер жергілікті боксшыға бүйрегі бұрған болуы керек, «құданы да құдағиды да тыныш» қылып, тең нәтиже тіркеген. Ал WBC тұжырымының бұрынғы чемпионы Серхио Мартинеспен Аргентинада жұдырықтасқаны да есімізде. Ол кездесуде Мартинесті сегізінші раундта нокдаунға да жіберді. Бірақ, төрешілер шешімі Мартинесті жеңімпаз қылды. Мамандар бұл жігітті әлемнің «каронасыз чемпионы» атайтыны да сондықтан. Ер кезегі үшке дейін деп отырғанымыз да сол. Осы кездесу Мартиннің әлем чемпионы атану жолындағы соңғы мүмкіндігі болуы да ықтимал. Сол себепті де британ ұлы барын салады. Баспасөзге берген сұхбаттарының бірінде: «Мен Геннадий Головкиннің басын кесіп аламын, жер жастандырамын» деп «көпірді». Головкин не деді? Геннадий сол баяғы сабырлы, салиқалы қалпынан танған жоқ. Екеуара кездескендегі баспасөз мәслихатында: «Мартин – мықты боксшы. Мен оны сыйлаймын. Тегеурінділігін мойындаймын. Кездесуге келісім бергені үшін қуаныштымын. Жақсы жекпе-жек болатынына сеніңіздер». Бар болғаны осы. Салқынқандылығынан танған жоқ. Дәл қазір Геннадий Головкиннің жеңіске жететініне ешқандай бокстың жілігін шағып, майын ішкен маман шүбә келтіріп отырған жоқ. Дегенмен Мюррейдің де үміті баршылық. Бірақ, оның карьерасында Головкин секілді нағыз мықты қарсылас болған емес. Соңғы он сегіз кездесуін мерзімінен бұрын аяқтаған шын шебер Гена осы жолы да қамшы салдыра қоймас деген үміттеміз. Біздіңше, Мюррейге қиын соғады. Рингті тамаша көре білетін, қарсыласын ылғи да жоғарғы қысым аясында ұстайтын Головкинге қарсы ол қандай тактика таңдауы мүмкін? Қазақ боксшысының бапкері Абель Санчес былай дейді: «Мюррей басын қорғаштаса, бауыр тұсынан соққы алады. Бір сөзбен айтқанда, Гена бәріне дайын». Ал мамандар Мартиннің бір ғана тактика қолдана алатынын тілге тиек етеді. Ол – шабуылға шабуылмен жауап беру. Бұл тактиканың өзі Мартинге қиын соғатынын, нокаутқа түсіп қалу мүмкіндігі басым екенін де айтады. Ал Головкиннің өзі: «Мен бұл жекпе-жекке тас түйін дайынмын. Жаттығу жұмыстары ойдағыдай жүрді. Жеңіске жету үшін барымды салатын боламын», – деп қысқа қайырды. Көрейік кімнің мысы басым болатынын. Одан бөлек, алдағы уақытта Геннадий Головкинді үлкен кездесулер күтіп тұрғанына сенейік. Ол үшін бүгін Гена Мюррейден айласын асыруы керек. Алла жар болсын!
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ауданға еңбегі сіңген абыройлы азамат
- 17 қыркүйек, 2024
Әулиеаталықтар айтулы аламанда атой салды
- 16 қыркүйек, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді