Елбасы тапсырмасы
ел мүддесіне қызмет етеді Облыс әкімі аппаратының бұл жолғы жиналысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының берген тапсырмаларынан туындайтын мәселелерді талқылауға және ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына арналды. Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыруға арналған жұмыстарды жүйелеп шыққан облыс әкімі К. Көкірекбаев бірқатар басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берді.
– 11 ақпан күні Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы жылға және алдағы уақытқа арналған экономикалық саясаттың нақты шаралары айқындалды. Мемлекет Басшысы әлемде қалыптасып отырған күрделі ахуалды саралай отырып, барша қазақстандықтардың жаңа жағдайға бейімделуі керек болатынын, ол үшін экономикалық және заңнамалық сипаттағы жедел шаралар қажет екенін баса айтты. Осыған байланысты Үкімет пен облыс әкімдеріне бірқатар нақты міндеттер жүктеді.
Елбасымыз қазақстандық экономикаға дағдарыстың әсер етіп отырмағанын, бұл әлемде қалыптасып отырған жалпы жағдай екенін, алайда, әлемнің бір бөлшегі ретінде мұны сезінетінімізді айтты. Дегенмен, жағдай тұрақтанғанша бюджет шығыстарын оңтайландыру қажет екені, бірақ, басталған жобалардың аяғына дейін жеткізілетіні тапсырылды. Бұл ретте мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелері еш өзгеріссіз қалатын болады. Сондай-ақ, Елбасы әр өңірде жұмыспен қамтуға ықпал ету бағдарламалары әзірленуі тиістігіне тоқталды. Әрі жұмыспен қамту мәселесіне негізгі жауапкершілік өңірлерге артылып отыр. Яғни, барлық аудандар мен Тараз қаласы әкімдері облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірге жұмыспен қамту бойынша қабылданған өңірлік кешенді жоспарды іске асырулары керек. Сонымен қатар, «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бойынша жұмыстар жалғасатын болады. Бағдарлама облыста да нәтижелі іске асырылуда. Айталық, 2011 жылдан бері 23998 адам бағдарламаға қатысса, оның 18087-сі тұрақты жұмыспен қамтылған. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуы керек.
Әрбір ауданға, әрбір ауылдық округтерге кіреберіс, баршаға көрінетін орындарға бағдарлама аясында жұмыспен қамтылғандар, алдағы жоспарлар жазылған көрнекілік ақпарат құралдары ілінуі тиіс.
Жұмысшыларды қысқартуға жол берілмеуі қажет. Бұл бойынша 2 ақпан күні Премьер-Министрдің орынбасары Б.Сапарбаевтың қатысуымен облыстағы 27 жүйе құраушы кәсіпорын басшыларымен меморандумдарға қол қойылды. Жалпы, бүгінгі күнге облыс бойынша 128 меморандум жасалды. Бұл тым аз. Мұндай екі жақты меморандумдарға аудан әкімі мен аудандағы кәсіпорындар, шағын және орта кәсіпкерлік жетекшілері басшыларымен, кәсіподақ жетекшілерімен жаппай жасалуы керек. Бұл жұмыстарды үйлестіруді кәсіпкерлік басқармасына тапсырамын. Сондай-ақ, жұмыспен қамту және еңбек инспекциясы басқармалары өз тарапынан жұмысшыларды қысқартпау, жұмысшылардың еңбекақысының уақтылы төленуі бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлесін...
Сондай-ақ, Кәсіподақ кеңестері бұл бағытта асқан белсенділік көрсетулері тиіс.
Мемлекет басшысы дағдарыстың ұзақ болмайтынын еске сала отырып, бұл кезеңде де жоспарлы жұмыстар жүретінін, бөлінген қаржыны мақсатты жұмсау бойынша Үкіметтің әрбір мүшесінен, әкімдерден нақты нәтижелер талап етілетінін қатаң ескертті. Әкімдер халыққа жақын болуы керек.
Жергілікті қауымдастық мүшелерімен тығыз байланыс орнауы қажет. Аудан, қала, ауыл әкімдерінің тұрғындар алдындағы есептері аяқталды. Жалпы, өткен кездесулер барысында көтерілген мәселелер бақылауға алынуы тиіс. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапалы орындалуы тиіс. Мемлекеттік қызметшілер қарапайымдылық пен үнемшілдіктің үлгісін көрсетуі қажет. Ешқандай ысырапшылдыққа жол берілмеуі тиіс, бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған шығындарды қысқарту керек. Мұны барлық әкімдерге, мемлекеттік органдар басшыларына тапсырамын. Мақсатсыз жұмсалған әрбір тиынға жауап беретін боламыз. «Нұр Отан» партиясы филиалы бұл жұмысқа белсене атсалысып, қатаң партиялық бақылау орнатуы керек. Мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы бизнеске айналмауы тиіс.
Кеңейтілген отырыста қазақстандық қамтуды дамыту мәселесі де сөз болды. Елбасы барлық сауда желілерінде отандық тауарлар секциясы пайда болу үшін «Қазақстанда жасалған» акциясы басталатынын, барша азаматтарға осы күрделі жағдайда патриот болып, қазақстандық өнімді сатып алуға шақырды. Бұл жұмыстарды облыс орталығы, барлық аудандарда кешенді түрде қолға алуымыз керек. Кәсіпкерлік басқармасы өңірдегі тауар өндірушілер мен тұтынушылардың бастарын біріктіре отырып, жұмыс жүргізу керек. Сонымен қатар, ішкі саясат басқармасымен бірге бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кең ауқымды түсіндіру, насихаттау жұмыстарын жолға қоюдың маңызы зор.
Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы өнімдерін және азық-түлік өндірісін, бизнесті дамыту үшін теңдессіз жағдайлар жасалып отырғанын өздеріңіз де білесіздер. Оған қоса жоспарлы тексерістер толығымен тоқтатылды. Әкімшілік кедергілер азайды. Кәсіпкерлік секторы биыл да қажетті қаржы ресурстарымен қамтамасыз етілетін болады. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы қабылданғалы бері барлық қаржы құралдары арқылы облыста жалпы сомасы 45,5 миллиард теңгені құрайтын 374 жоба іске асырылуда. Мұнымен шектеліп қалуға болмайды. Біз бөлінген қаржыны тиімді пайдалануға, әрбір кәсіпкердің, әрбір бизнес бастамасы бар тұрғынның бұдан шет қалмауына жағдайлар жасауымыз керек. Сол сияқты, ауыл шаруашылығы саласында өткен жылы жалпы сомасы 1,7 миллиард теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба іске асырылса, биыл жалпы құны 3,1 миллиард теңге болатын 7 жоба мақұлданды. Бұл бағыттағы жұмыстар да жалғасуы керек.
Мемлекет басшысы Ұлттық қордан 2014-2015 жылдары инфрақұрылым жүйесін жақсартуға 500 миллиард теңге бөлінетінін, оның 180 миллиард теңгесі биыл бөлінетінін айтты. Бізде бұл бойынша жоспарлар бар. Әрбір нысанның құжаттары толық дайын болуы керек. Бұл жұмыстармен құрылыс, энергетика басқармалары және әкімдер айналысуы тиіс.
Елбасы білім беру саласына да тоқталып өтті. Мемлекет 12 жылдық білім беру жүйесіне кезең-кезеңімен өтетін болады. Сондықтан, білім басқармасы әкімдермен бірге, жан-жақты әзірлік жұмыстарын пысықтаулары керек. Оқу құралдары, орын жетіспеушілігінің алдын алуымыз тиіс.
Сол сияқты, оқушыларды ыстық тамақпен қамту мәселесін қарауымыз керек. Бүгінде облыстық мектеп, мектеп-интернаттарды қоспағанда, 443 мектептің 388-інде 144 932 оқушы ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Облыста аз қамтамасыз етілген отбасы балаларының барлығы 100 пайыз бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Оларды бюджет есебінен тамақтандыру жалғасуы керек. Ал қалғандарын ата-аналары есебінен қаржыландыру мәселесін қарауымыз қажет. Білім басқармасы мәселені зерделеп, нақты ұсыныстар енгізсін.
Мемлекет басшысы барлық атқарушы органдардың жұмыс тиімділігін арттыру, уақытты дұрыс пайдалану мәселесіне де ерекше тоқталып өтті. Жиналыстарды барынша азайту керек. Босқа шапқылаудың қажеті жоқ. Біз былтырғы жыл басында жиналыстардың регламентін әзірлегенбіз. Оған біршама өзгерістер енгізіп, қайта бекіту қажет.
Осындай сын сағаттан мүдірмей өту баршамыздың борышымыз дей келе, Қазақстан Президенті жиын соңында елімізде қазіргі қиындықтарды түбегейлі жеңіп шығуға мүмкіндік беретін барлық қажетті ресурстардың бар екенін атап өтті. Облыста 2013 жылы дағдарысқа қарсы кешенді жоспар бекітілген болатын. Жоспарды экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы қайта қарап, бүгінгі қалыптасып отырған жағдайларды ескере отырып, бекітуге ұсынсын.
Дағдарыстан қиналмай шығуға облыстың мүмкіндігі толық жетеді. Тек әрбір азамат білек сыбана жұмыс істеуі керек, – деген облыс әкімі К.Көкірекбаев барлық мекеме басшылары мен аудан әкімдеріне ысырапқа жол бермей, барлық жұмысты жоспарлы түрде жасау керектігін түсіндірді.
Ал облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы А. Нұралиев облыс көлемінде ауыл шаруашылығына бөлініп жатқан инвестициялар мен оның іске асуы жайлы баяндап шықты. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, өткен жылы облыста «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 2 миллиард 463 миллион 217 мың теңге, «Аграрлық несиелеу корпорациясы» АҚ арқылы 2 миллиард 097 миллион 154 мың теңге, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 2 миллиард 358,1 миллион теңге несие беріліпті. Бұдан өзге 142 ірі және ұсақ инвестициялық жобаларға 1 миллиард 245 миллион 186 мың теңге инвестициялық субсидия төленген екен.
А. Нұралиев, сондай-ақ, «ҚазАгроҚаржының» қаражатынан құр қалып отырған Шу, Байзақ, Мойынқұм және Сарысу аудандарын атап өтті. Бұл аудандарда аталған қор арқылы бірде-бір инвестициялық жобаға теңге тартылмаған. Сонымен қатар, лизинг жүйесі бойынша ауыл шаруашылығы техникасын алуда белсенділігі төмен Байзақ, Жамбыл, Қордай және Мойынқұм аудандары мен Тараз қаласын да тілге тиек етті. Осы секілді көптеген деректер келтірілген баяндамада алдағы уақытта атқарылар жұмыстардың жоспары да таныстырылды. Солардың бірі – «Жібек жолы» бойында орналасқан елдермен, қалалармен сауда-саттық, ауыл шаруашылығында тәжірибе алмасу жұмыстарын жүргізу. Облысымызда «Қазақстан-Қытай» ауыл шаруашылығы ғылыми-инновациялық паркінің құрылысына 900 миллион доллар инвестиция тарту бойынша келісімдерге қол қойылған. Бірінші кезеңде соның 120 миллион долларының жұмыстары жасалатын болады.
Атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды тыңдаған облыс әкімі К. Көкірекбаев салада атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толмайтынын айтты. Жан-жақты мүмкіндік бола тұра, оны тиімді пайдалана алмай жатқан басшылардың жұмысын сынға алды. «Ауылда жұмыс істеймін дейтін азаматтар жоқ емес, бар. Мал ұстасам, егінмен айналыссам, бау-бақша ексем, шаруа қожалығын құрсам деген азаматтар бар. Бірақ олар оның жолын білмейді. Ендеше, солардың басын қосып, дұрыс кеңес беру керек. Олар банктер арқылы несие алып, сосын бар мүлкінен ажырап қалудан қорқады. Ендеше, жұмыс жасауға мүмкіндігі бар, алайда кепілдікке қояр дүниесі жоқ тұрғындарға кепіл болу керек. Елбасы ауыл шаруашылығын дамытамын дегендерге дүниенің еш дағдарысына қарамастан, мол мүмкіндіктер туғызып отыр. Сіздер соны халыққа дұрыс жеткізбейсіздер. Бөлініп жатқан қыруар қаржыны тиімді пайдалансақ, елдің де жағдайы түзелер еді, ол облыстың экономикасына оң ықпал ететіні даусыз. Біздің өңірді Президенттің өзі аграрлы аймақ деп бекерге атаған жоқ. Жерімізге таяқ отырғызсаң тал өсетіні даусыз. Табиғаттың өзі барлық мүмкіндікті туғызып тұрған аймақта отырып, көрші Қырғыз бен Қытай елдерінің көкөністерін саудалап жатқанымыз ұят. Сол өнімдерді өзіміз өндіріп, тіпті, оны тонналап экспорттауға мол мүмкіндігіміз бар. Өкінішке қарай, тиімді істің тетігін тауып жұмыс істей алмай отырсыздар», – деді облыс басшысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы мен аудан әкімдеріне қарата. Жұмыстарын сынға алып қана қоймай, оны шешудің де бірқатар мысалдарын келтіріп өтті.
Келесі кезекте «Аграрлық несиелеу корпорациясы» АҚ және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басшылары да өз тараптарынан берілген қаржының қандай жобаларда жүзеге асырылып жатқанын айтып өтті. Мысалы, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы Тараз қаласының маңындағы үш кешенді жылыжай салынса, биыл Байзақ ауданында 2,5 гектар жерге де жылыжай құрылысын жүргізуге қаржы қарастырыпты. Сонымен қатар, «Ырыс» бағдарламасы бойынша Меркі ауданында 100 бас, Жамбыл ауданында 50 бас сүт бағытындағы сиырларды алуға қаржы бөлген. Биыл да аталған бағдарламаға 300 миллион қарастырылған екен. Биылғы жылдың үлкен бағдарламасы ретінде түрік фирмалары іске асыратын 50 гектар жерге өсірілетін интенсивтік бақтың жұмысы болмақ. Жамбыл ауданының орталығы – Аса ауылынан шығаберіс тұста орналасқан Құмтүйін ауылының маңынан нақты уақытта алпыс гектар жер сатып алынып, оның он гектары инфрақұрылымдық бағытта қолданылса, қалғаны баққа айналмақ. Қор басшысы облыс басшысына аталған жобаны жүзеге асыру үшін онда электр энергиясы мен су тарту жұмыстарына қолдау көрсетсе деген өтінішін білдірді. Кәрім Нәсбекұлы өз кезегінде мұндай игілікті іске бар мүмкіндікті жасауды облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы А.Мәдиевке тапсырды.
Жиын барысында мұнан өзге де ауыл шаруашылығы саласын қолдау мен көркейту жұмыстарына бағытталған түрлі ұсыныстар айтылып, талаптар қойылды. Берілген тапсырмаларды облыс басшысы жіті назарда ұстайтынын жеткізді.
Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ең бастысы – еңбек қауіпсіздігі
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді