Индустрия мен инновация
игере білгенге ғана бас иеді Өтеген батыр атындағы аудандық Мәдениет үйінде аудан әкімі Қайрат Досаев тұрғындар алдындағы жылдық қорытынды есебін берді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Қалижан Әбдірайымов қатысты.
– Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы уақытта мемлекетіміздің жаңа деңгейге көтерілуіне бағытталған ішкі және сыртқы саясаттағы маңызды қадамдары Елбасымыздың 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауының басты қағидалары бойынша жүзеге асуда. Оны өткен жылы негізгі салаларда қол жеткен жетістіктерден көруге болады, – деді аудан әкімі Қ.Досаев.
Атап айтқанда, өнеркәсіптік өндіріс көлемі 7 миллиард 228 миллион теңгені құраған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 119,7 пайызға артық. Аудан бойынша мемлекеттік бюджетке 4 миллиард 785 миллион теңге салықтар және басқа міндетті төлемдер жиналса, бұл да алдыңғы жылғыдан 25,9 пайызға жоғары. Аудан бюджетінің шығыс бөлігі 10 миллиард 879 миллион теңгеге орындалды. Бұл миллиардтардың сыртында қордайлықтардың тер төгіп, қолымен жасаған қыруар жұмыстары тұр. Ал халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жай-күйінің елеулі бір көрсеткіші ретінде есепті мерзімде жалпы аумағы 23517 шаршы метр болатын 221 тұрғын үй пайдалануға берілгенін, бүгінгі таңда барлық он тоғыз ауылдық округте 10 459 адам жекеменшік тұрғын үйлер салу үшін жер алу кезегінде тұрғанын айтсақ та болады.
Былтыр бөлшек сауда айналымы өсіп, 8 миллиард 852 миллион теңгеге жетті. Шағын бизнес субъектілерімен өндірілген өнім, атқарылған жұмыс және көрсетілген қызмет көлемі 48 миллиард 419 миллион теңгені құрады. Шағын кәсіпкерлікпен айналысушылар саны 34210 адамға артты. Жалпы, кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тіркелген субъектілердің 89 пайызы, яғни, 8210-ы нақты жұмыстар атқаруда.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар бойынша ауданда жалпы жобалық құны 53 миллиард 800 миллион теңгенің 4 инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Былтыр «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша несиенің пайыздық ставкасы субсидияланатын жалпы сомасы 3 миллиард 807 миллион теңгелік 5 жоба жүзеге асырылды.
Аудан экономикасының негізгі саласы болып саналатын ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнім құны 21,6 миллиард теңгені құраған. Бүгінгі күнде ауданда 1914 шаруа қожалықтары тіркелсе, оның 1690-ы жұмыс істеуде. Агроқұрылымдарда ауылшаруашылық техникаларын жаңарту жұмыстары жалғасып, былтыр 238 миллион теңгеге 73 бірлік жаңа техника алынды. Өткен жылы 102 мың гектарға егістік дақылдары себілді, бұл алдыңғы жылғыдан 1740 гектарға артық. Есепті мерзімде 733 гектарға тамшылатып суару технологиясын орнатқан шаруашылықтарға шыққан шығынның отыз пайызын өтеу үшін 45,8 миллион теңге субсидия төленді. Егер, 2013 жылы тамшылатып суару қондырғылары өз қаражаты есебінен 630 гектар жерде орнатылса, былтыр мұндай егіс көлемі 1070 гектарға жетті.
Сондай-ақ, мал шаруашылығын субсидиялауға 557,8 теңге берілді, оның ішінде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға – 299,4 миллион теңге, ал мал өнімділігін және өнімнің сапасын арттыруға 258,4 миллион теңге бағытталды. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша былтыр 17 асыл тұқымды бұқа және 520 сиыр алынды. Ал барлығы жеті шаруашылық 97,1 миллион теңгеге алты жүз бастан аса асыл тұқымды ірі қара сатып алды. «Алтын асық» бағдарламасымен қой өсіретін он шаруашылық 47,8 миллион теңге несиеге 2028 бас саулық, 30 бас асыл тұқымды қошқар сатып алды. Ауданда сегіз мал бордақылау алаңы жұмыс істейтін болса, ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру жобасы бойынша осындай тағы да бес алаң салыну үстінде. «Қақпатас-Қордай» ЖШС осы замандық үлгідегі 600 орындық тауарлы-сүт фермасын жабдықтау жұмыстарын жүргізуде.
Мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша барлық 41 елді мекеннің 31-і орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етілген болса, олардың 10-ы қайнар суларын, тағы да 10-ы құбырлы құдықтарды пайдаланады. 10 елді мекендегі су құбыры жүйелеріне 44,8 миллион теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жиырма елді мекенде 125 миллион теңгеден астам сомаға ауылішілік жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылды. Білім беру саласын дамытуға бөлінген қаржы 6 миллиард 129,5 миллион теңгені құрап, алдыңғы жылғыдан 11,5 пайызға артты. Денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға 2 миллиард 243 миллион теңге бөлінсе, оның ішінде 74 миллион 426 мың теңге медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға жұмсалды.
Бүгінгі күнгі өзекті тақырыпқа айналып отырған жұмыспен қамту бойынша да жүйелі жұмыстар қолға алынған. Өткен жылы жұмыссыз ретінде тіркелуге 2581 адам өтініш білдірді. Әлеуметтік қорғау шараларымен 2833 адам қамтылса, оның ішінде 1925-і тұрақты жұмыс орындарына, 88-і әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» қатысушыларының қатары 343 адамға толықты. Аудан бойынша 1647 жаңа жұмыс орыны ашылды, әлеуметтік қолдауға мұқтаж 100 отбасына 3,7 миллион теңге қайырымдылық көмек, 394 адамға 10,6 миллион теңге атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. «Өрлеу» қанатты жобасы бойынша 321 отбасына 44 миллион 793 мың теңге материалдық көмек көрсетілді. Жыл басынан бері негізгі азық-түлік түрлерінің бағаларын тұрақтандыру мақсатында 16 ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өткізіліп, онда арзандатылған бағамен 10,4 тонна қой еті, 3,2 тонна жылқы еті, 6,4 тонна сиыр еті, 8 тонна сүт, 8 тонна шұжық өнімдері сатылды. Сонымен қатар, 41 миллион 590 мың теңгеге 269 тонна көкөніс сатылды. Қамқорлыққа мұқтаж жандарды, сондай-ақ, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай майдангерлерді моральдық және материалдық қолдау шаралары биыл да жалғасын табатын болады.
Аудан әкімінің есебі тыңдалған соң ауданның Құрметті азаматтары Шәпен Молдахалықов, Анатолий Андреевич Шупта, Бақберген Орналин және «Мерей» шаруа қожалығының төрағасы Мэлс Асанқұлов жарыссөзге шықты. Олар ауданды басқарғанына енді-енді жыл толған қазіргі әкімнің жұмысына оң баға бере отырып, алдағы уақытта назар аударылса деген ойларын ортаға салды. Залдан жазбаша және ауызша берілген көптеген сұрақтардың да дені ауыл келбеті мен мәдениетін көтеруге келіп саяды. Мәселен, тұрғындарының саны әлдеқашан отыз мыңнан асып кеткен аудан орталығындағы су құбырлары жүйесін жаңарту, бітеліп қалған арық-атыздарды аршу, орталық базар айналасындағы бейберекеттікті жою, көшелерді жарықтандыру, қайтадан бүлініп жатқан жолдарды жөндеу, қоғамдық көлік қозғалысын реттеу тәрізді тұрғындар күнделікті бетпе-бет келіп жүрген мәселелер айтылды. Тіпті, көшеде қаптап кеткен иесіз иттерге дейін сөз болды. Аудан басшысы жұрттың әрбір тілегіне орай қолма-қол жауабын беріп, өзінің орынбасарлары мен тиісті ведомоство басшыларына аталған мәселелердің шешімін қарастыруды жүктеді.
Соңында облыс әкімінің орынбасары Қ. Әбдірайымов қорытынды сөзінде аудан әкімінің есебіне оң бағасын бере келіп, бүгінгі жиынға қатысушылардың айрықша белсенділігін де атап көрсетті.
Құрманбек ӘЛІМЖАН, «Ақ жол».
Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайы жақсарған
- 29 қазан, 2024
Ең бастысы – еңбек қауіпсіздігі
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді