Ауылдан монша, наубайхана ашпақ

Ауылдан монша, наубайхана ашпақ
ашық дереккөз
Ауылдан монша, наубайхана ашпақ

Қазақта: «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң жауыңа найзаң тисін» деген қанатты сөз бар. Байлығын құзғынша басып жатпай, қыранша шашып, еліне, туған жеріне сәуесін тигізіп жүрген ер-азаматтар, Құдайға шүкір, жоқ емес. Бостандық ауылының тумасы, «ФиброТас» ЖШС-ның Бас директоры Саят Әбдіров – сондай азаматтардың бірі. Ол жыл сайын Наурыз мерекесінде дастарханын жайып, ел-жұртын ырза етіп кетеді. Жоқ-жітікке қарайласады. Осы ауылдан шыққан өзге де азаматтармен бірлесіп, мәдени-спорттық шаралар өткізіп тұрады.

Өткен жылы 1995 жылы мектептен түлеп ұшқан түлектер бас қосып, ауылдағы қараусыз қалған сауда орталығын қайта жаңғыртудан өткізіп, әлеуметтік кешенге айналдыруға уағдаласқан. Соның басы-қасында жүрген де Саят бауырымыз. – Сыныптастардың шамасы келеді-ау дегендері жиналып, қор аштық. Сөйтіп, әлгі сауда үйінің бір қанатын моншаға, екінші қанатын наубайханаға, ортасын – супермаркетке, бильярд бөлмесіне айналдырамыз деп шештік. Орталықтың алдынан «Жастар саябағын» жасамақпыз. Ауа райының суықтығына қарамастан, құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Құрылысшылар жұмысына Саяттың сыныптастары да араласып жүр. – Күн жылынса, қаладағы жүзге тарта құрылысшымды әкеліп, жұмысқа жауып жіберемін, – дейді Саяттың өзі. Әзірге іші-сыртын ыңғайластыру жұмыстары жүргізілуде. Сыныптастар нысанның құрылысын мамыр айының жиырма бесіне, соңғы қоңырау соғылар күні аяқтап, ел игілігіне ұсынамыз деп құлшынып отыр. Алла сәтін салса, бұл орталықта оннан аса адам жұмыспен қамтылмақ. Аудан әкімі Болат Рысмендиев: «Осындай кәсіпкерлер әр ауылдан шығып, олар еліне, туған жеріне игілігін тигізіп жатса, ауылдарымыз көркейе түсер еді» деген пікірін білдірді.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол». Бостандық ауылы, Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар