Жолдау – болашақтың жарқын бейнесі
Кемел келешегімізді айқындайтын, еліміз үшін басты құжат болып табылатын бұл жолғы Жолдаудың жаңа экономикалық саясаты мемлекеттің даму бағытын қолмен ұстағандай нақтылап берді. Мемлекет басшысы өз сөзінде бүгінгідей алмағайып заманда жаһан жаңа қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын, әлемдегі экономикалық дағдарыс елімізді де айналып өтпейтіндігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, аймақтар арасындағы геосаяси ахуал мен ірі державалардың санкциялық саясаты әлемдік экономиканы қалпына келтіруде қосымша кедергілер туындататыны анық. Осыған орай, дүниежүзілік дағдарыс қиындықтарының алдын алып, нақты іс-шаралар қабылдау үшін батыл қадам жасалып отыр. Мұны дер кезінде қабылданған дұрыс шешім деуге болады. Дағдарысқа қарсы шаралардың барлығы ең алдымен қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуды көздейді. Айталық, Президент экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуды қолдауға айрықша мән берді. Осы орайда, Елбасымыз мемлекет үшін ауыр кезеңдерде, қиыншылықтан шығу жолдарын ұсынып, орасан зор жауапкершілікті өз мойнына алатындығын айта кеткен жөн. «Нұрлы жолда» көрсетілген жеті бағыт атап айтқанда, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, индустриялық инфрақұрылымды дамыту, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, ТКШ мен су және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайту бойынша жұмысты жалғастырудағы мақсаттарымыз экономикалық тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік жағынан да соны серпін берері сөзсіз. Сонымен қатар әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту, шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдаудың арнайы іс-шаралары жайлы да атап өтілді. Бүгінгі қоғамда аса өзекті болып отырған баспана мәселесі. «Үйі жоқтың күйі жоқ» демекші, тұрғын үйдің жастарымызға қолжетімділігін қамтамасыз етуге байланысты Елбасы талаптары көпшіліктің көңілінен толықтай шықты. Президент: «Мемлекет әлеуметтік жалдамалы баспананы салып, оны тұрғындарға сатып алу құқын бере отырып, ұзақ мерзімді жалға ұсынады. Баспананы тікелей, делдалдарсыз және несиеге барынша төмен пайызбен оның сатып алу құнын арзандатуға мүмкіндік береді. Бастапқы жарнаның болмауы мен ипотека үшін төмен пайыздар баспананы қазақстандықтардың көптеген жіктері үшін қолжетімді ете түседі» деп нақты атап өтіп, басында басыбайлы баспанасы жоқ жандардың көңілдеріне үлкен үміт отын ұялатты. Ресми мәліметтерге сүйенер болсақ, қазіргі таңда жас отбасылардың 80 пайызға жуығында жеке баспана жоқ екен. Бұған дейін көпшілік қауым тарапынан жаңа ипотекалық бағдарлама қажет, оның үстеме пайызы төмен болуы тиіс деген қисындағы ұсыныстар көптеп айтылған болатын. Міне, енді Елбасының бастамасымен ол жүзеге асырылмақ. Бұл өз кезегінде ел азаматтарының баспаналы болуымен қатар, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халықтың әл-ауқатының артуына алып келмек. Бұл мақсаттарды орындау барысында 2015-2016 жылдар аралығында жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды қосымша 180 миллиард теңге сомасында ұлғайту көзделіп отыр. Осы ретте айта кеткен жөн болар, Еуроодақ елдерінде мұндай жеңілдіктер мен жақсылықтар мүлде жоқ. Ол жақта қысқартулар және қымбатшылық қаулаған өрттей. Ал біздің Президентіміз өзінің жаңа Жолдауында Қазақстан шын мәнінде мықты ел екенін осындай әлеуметтік мақсаттағы жаңалықтарымен дәлелдеп шықты. Екінші мәселе білім беруге қатысты. Қазіргі таңда дамыған елдердің барлығы осы білім саласына ұдайы қомақты инвестиция құйып келеді. Нәтиже де жоқ емес. Жер қойнауындағы табиғи байлықсыз-ақ, олар өздерін білімді де білікті азаматтарының арқасында әлемдік сахнада экономикасы қарышты дамыған, табысты мемлекеттер ретінде танытты. Елбасының осы маңызды салаға қыруар қаражаттың бөлінетінін және еліміздегі іргелі һәм беделді, ғылымның экономика салаларымен және мамандар дайындаумен байланысы қамтамасыз етілетін 10 жоғары оқу орнын әлемдік стандартқа сай етіп жасақталатынын мәлім етуі біздің дамыған ел болуға қарышты қадам басқанымызды айқын көрсетеді. Президент атап көрсеткендей, бірінші кезекте елдегі апатты жағдайдағы мектептер мен үш ауысымда оқыту мәселесін шешу көзделмек. Бұл үшін қазына қоржынынан қосымша 70 миллиард теңге бөлінбек. Ал балалар бақшасының жетіспеушілігі көпшілік үшін түйткілді мәселенің бірі екендігі де жасырын емес. Енді мектепке дейінгі мекемелердің тапшылығы түбегейлі шешілмек. Елбасымыз еліміздің рухани-мәдени мәселелеріне де тоқталып, біздің жалпыұлттық идеямыз – «Мәңгілік Елдің» қазақстандықтар үшін маңызын толығымен түсіндіріп өтті. Және де 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтетіндігі барша қазақстандықтар үшін аса маңызды іс-шара болып табылатындығын айтты. Халқымызда «Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады» деген даналық сөз бар. Ел болып еңсе көтергелі бері ширек ғасырға таяп қалды. Бұл бір адамның өмірімен өлшегенде аз уақыт емес. Аллаға шүкір, іргеміз бекіді, ірі екенімізді таныттық. Ырыс – ынтымаққа, ынтымақ-бірлікке ұласып жатыр. Келешегіміздің кемел көкжиегін айқындауға септесетін жаңа Жолдауда жоспарланып отырған мақсат-міндеттерді іске асыру елдегі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімге тікелей байланысты. Мұны Елбасымыз ерекше атап көрсетті. Әрбір қазақстандық азамат осы ақиқатты саналы түрде ұғынса ғана жұмылған жұдырықтай болып, «Біз – Қазақстан азаматымыз» деп, бірігіп іс-қимыл жасайды, бейбіт елде бірге өсіп-өнеді. Жетістік – кеңесе білген жерде, бірлік пен тірлік бар жерде. Ауызбіршілік қашқан, алауыздық тасқан жерде ешқашан да жалпыұлттық идеялар жүзеге асқан емес. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» іс қылғанда ғана Қазақстан құт пен берекенің, ынтымақ пен ырыстың ошағына айналмақ!
Жандарбек АСАН, Тараз мемлекеттік педагогикалық институты баспасөз қызметінің жетекшісі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді